Жағалаудан салмағы 597 келі болатын өткір тісті акула табылды

Ұлыбританияның Джерси аралы жағалауынан салмағы 597 келілік сирек кездесетін өткір тісті құм акуласы табылды. Мамандар мұны теңіз суының жылынуымен байланысты болуы мүмкін деп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Би-би-сиге” сілтеме жасап хабарлайды.
Аралда мұндай ірі өткір тісті құм акуласы алғаш рет табылған. Бастапқыда мамандар балықтан тіршілік белгілерін байқағанымен, оны аман алып қалу мүмкін болмаған. Кейін толқын акуланы қайта теңізге алып кеткен. Алайда келесі күні ол қайтадан жағаға шығып қалған.
Акуланың ұзындығы 4,3 метр, салмағы 597 келі болған. Мамандар зерттеу жүргізгенімен, оның неден өлгенін анықтай алмаған. Жануардың денесінен балық аулау құралдарының ізі де табылмаған.
Бұл акула терең суда сирек тіршілік ететін түрге жатады. Оның ұзын, жіңішке әрі ұшы өткір тістері болады. Сол арқылы ол олжасын ұстайды. Акуланың бұл түрі әлем мұхиттарының жылы және қоңыржай аймақтарында кездеседі. Алайда өте баяу көбейетіндіктен, жойылып кету қаупі бар түрлер қатарына кіреді.
Бұған дейін Ұлыбритания жағалауынан жүздеген акула мен басқа да теңіз жануарлары шырмалған балық аулау торлары табылған еді. Олар балық аулау кемесінен кездейсоқ немесе әдейі тасталған болуы мүмкін деген болжам бар.
"Трендті ұстап тұрған әже": Желіде немересімен видео түсірген 86 жастағы кейуана қазақстандықтарды сүйсіндірді
Оқыңыз