Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қостанайда бес күдіктіні сотқа апара жатқан полиция көлігі жол апатына ұшырады (видео)

Жол апаты
Фото: Видеодан скрин

Қостанайда бес айыпталушыны сотқа апара жатқан полиция көлігі жол апатына ұшырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жол апаты 16 маусым күні Қостанай қаласындағы Бәймағамбетов пен Гоголь көшелерінің қиылысында болған. Полицияның қызметтік көлігі жеңіл автокөлікпен соқтығысып, аударылып қалған.

Қостанай облысы полиция департаментінің мәліметінше, қызметтік автокөлік бес күдіктіні сотқа апара жатқан. 

“Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қызметтік Jac маркалы автокөлік Бәймағамбетов көшесімен қозғалып келе жатып, қызметтік жарықтары қосулы күйде қиылыстан өту кезінде маневрдің қауіпсіздігін толық тексермей, Гоголь көшесімен жасыл бағдаршамға өтіп бара жатқан Chevrolet Cobalt көлігімен соқтығысқан. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері анықталуда, тексеру қорытындысы бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданады”, – делінген полиция хабарламасында. 

Оқиға орнында төрт жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеген. Апаттан кейін қызметтік көліктегі бес адам қалалық ауруханаға тексерілуге жеткізілген. Жедел жәрдем қызметінің мәліметінше, олардың барлығы бастапқы тексеруден өткен.

Облыстық полиция департаменті өкілдерінің айтуынша, жарақат алған екі полиция қызметкері әлі ауруханада тексеруден өтіп жатыр.

Еске салсақ, бұған дейін Таразда мас күйде көлік жүргізді деген күдікке ілінген полиция бастығы жұмыстан шығарылғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 16 Маусым, 2026 19:41