“Пәтер ұттым, бірақ ұтыссыз қалдым”: Желіде қылқалам сатқан блогер Aeka Posh жаппай сынға ұшырады

Көпшілікке Aeka Posh лақап атымен танымал блогер Айым Алтынбекова боянуға арналған қылқалам жиынтығын сатып, ұтыс ұйымдастырамын деп даудың ортасында қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жақында блогер оқырмандарына өз брендін, яғни макияжға арналған қылқаламдар жиынтығын таныстырған еді. Сондай-ақ блогер сатылым кезінде тауар сатып алғандар арасында ақшалай сыйлықтар, автокөлік және басты жүлде ретінде пәтер ойнатты.
Сапасы төмен, жағымсыз иісі бар
Алайда сатылым аяқталғаннан кейін әлеуметтік желіде қазақстандық қыз-келіншектер өнім сапасына қатысты шағымдарын жаппай жаза бастады. Олардың айтуынша, кейбір қылқаламдардан жағымсыз иіс шығады, ал бірқатары қораптан шығарылғаннан кейін-ақ ажырай бастаған. Сонымен қатар сатып алушылар шамамен 19 мың теңге тұратын жиынтықтағы қылқалам түгі арзан көрінетінін және қолданбай жатып түсе бастағанын жазды.
“Мен де Aeka Posh-тың қылқаламдарын алдым. Аека қылқаламдарын қымбат брендтің өнімімен салыстырып, сапасымен көп жұмыс істегенін айтып, қатты мақтаған соң, бірден сатып алдым. Бірақ суреттен көрініп тұрған шығар, сапасы көңілімнен шықпады. Сау қылқалам жоқ: бәрі майысқан, кей жерлері тесік. Кәдімгі қаңылтыр сияқты. Ашылып-жабылатын кішкентай қылқаламы да сынып қалатындай болып тұр. Иісі де бар. Осы салада жүрген адам ғой деп қатты сеніп едік, бірақ үмітіміз ақталмады”, – деп жазды қолданушы.
Бұдан бөлек, желідегі кейбір қолданушылар өнім Қытайдың сауда алаңдарынан арзан бағаға алынған болуы мүмкін деген болжам айтты.
Наразы сатып алушылар бір-бірін тауарды қайтаруға және тұтынушылар құқығын қорғау органдарына шағымдануға шақырып жатыр. Ал кейбір қазақстандықтар қылқаламдары өз бетінше сатуға әрекет жасап жатыр.
Оқыңыз“Пәтер ұтып алдым, бірақ ұтыссыз қалдым”
Мұнымен қатар, ұтысқа қойылған пәтер де бөлек дау туғызды. Қазақстандық қыз бренд қорабынан пәтерге арналған сертификат тапқанын айтып, ұйымдастырушыларға хабарласқан. Алайда сертификаттың суретін жібергеннен кейін ұйымдастырушылар бұл құжат ұтысты растамайтынын мәлімдеген. Ол бұл туралы Threads желісінде жазды.
“Видеоға түсіріп ашпағандықтан, дәлел жоқ дей бастады. Тіпті мөрдің жоқ екенін менің кінәм сияқты көрсетті. Бірақ онда бұл сертификат қораптың ішіне қалай түсті?” – дейді автор.
Ол ешкімді тікелей айыптамайтынын, бірақ тұтынушы ретінде құқығы бұзылды деп санаса, өз ойын ашық айтуға және тиісті органдарға жүгінуге құқылы екенін жеткізді.
“Бұл біреудің үйін тартып алу туралы емес. Бұл – айтқан сөзің мен жасаған әрекетің үшін жауапкершілік туралы”, – деп жазды ол.
Ал жоба өкілдері қыз көрсеткен сертификат ресми ұтыс құжаттарынан өзгеше екенін мәлімдеді. Олардың айтуынша, ірі сыйлықтарға арналған сертификаттарда арнайы нөмір мен мөр болуы керек.
“Біздің қолданушылар конверттерде міндетті түрде мөр болатынын біледі. Мен автор көрсеткен сертификатты өзіміздің ресми сертификатпен салыстырдым. Айырмашылық бар екеніне сенімдімін”, – деді жоба продюсері.
Кейін Aeka Posh сертификат тапқан қызбен жеке кездесіп, жағдайды талқылаған. Блогер түсініспеушілік үшін кешірім сұрап, мұндай ауқымды ұтыс кезінде қателік болуы мүмкін екенін мойындады. Нәтижесінде тараптар ортақ шешімге келді. Қызға пәтердің орнына компания атынан жаңа автокөлік сыйланатын болды.
Блогер Instagram парақшасында бірнеше Stories жариялап, автокөліктің кілтін беру сәтінен кадрлар бөлісті.
"Трендті ұстап тұрған әже": Желіде немересімен видео түсірген 86 жастағы кейуана қазақстандықтарды сүйсіндірді