"Айналадағылардың қабағына қарауға мәжбүрміз": Қазақстандық ата-аналар қоғамдық орындардағы балаларға деген қарым-қатынасқа наразы

Кейінгі кезде Threads желісінде баламен қоғамдық орынға шыққанда көрген қарым-қатынасын жазатын ата-аналар көбейген. Бірі таксиге мінгенде жүргізушінің қабағын үнемі бағып отыратынын айтса, енді бірі ұшақта сәбиі жылағаны үшін өзін кінәлі сезінгенін жеткізеді. Дүкенге кірсе де, дәмханаға барса да, баласының әр қимылын бағып, айналаның қабағын аңдап отыратынын жазғандар бар. Осы оқиғалар қоғамда балаға деген төзбеушілік күшейіп, балалы адам қоғамдық ортада өзін үнемі ақтауға мәжбүр болып бара жатқан жоқ па деген сұрақ туғызады. Stan.kz ақпарат агенттігі желі қолданушылары бөліскен оқиғаларды жинап көрді.

Баламен таксиге мінудің өзі әбігерге айналды
Мұндай жағдайды ең жиі айтқандардың бірі – такси пайдаланатын ата-аналар. Алты жасар қызын ертіп жүрген әйел кей жүргізушінің баламен келе жатқанын көргеннен кейін-ақ райы өзгеретінін жазған. Кейде сапар басталмай жатып тапсырыстан бас тартатын жағдай да болады екен. Сөйтіп ана үшін күнделікті бір жерден екінші жерге жетудің өзі алдын ала уайымдайтын мәселеге айналған.
"Қызым алты жаста. Баламен келе жатқанымды көрген кей жүргізуші бірден жақтырмай қалады. Кейде тапсырысты да алғысы келмейді. Сондай кезде баламен сонда қалай жүруіміз керек деп ойлайсың", – деп жазды ол.
Осы жазбаның астынан өзін таныған ата-аналар аз болмады. Бірі баласы жол бойы тыныш отырса да, жүргізушінің қабағынан-ақ наразылық сезілетінін айтқан. Енді бірі осындай сапарда баласының артық дыбыс шығармауын бақылап, межелі жерге жеткенше өзі де еркін отыра алмайтынын жазды. Яғни мәселе әрдайым айтылған ескертуде емес, кейде көзқарастың өзі адамды қысып тастайдында дейді ата-аналар.

"Балаларымызды сонда қайда жасырамыз?"
Басқа желі қолданушысы білдірген пікірінде балалы адам көшеге шыққан сайын біреуге қолайсыздық жасап жүргендей сезінбеуі керек дегенді айтады.
"Өзім бірнеше баланың анасымын. Кейде адамдардың көзқарасынан кейін балаларымызды сонда қайда жасырамыз деп қаласың. Олар да осы қоғамның бір бөлігі ғой. Бала болғаны үшін үнемі біреуге кедергі келтіргендей жүру ауыр", – деп жазды ана.

Басқа ата-аналар да "балама бәрі рұқсат" деген талап жоқ екенін айтады. Керісінше, ата-аналар баласының тәртібіне жауапты екенін түсінетінін, бірақ оның жасына тән әрекетті бірден тәрбиесіздікке балау ауыр тиетінін жеткізген. Әсіресе сәбиі бар отбасылар мұны жиі сезінетінін жазған. Өйткені жылап қалған баланы бір батырмамен өшіргендей бірден тыныштандыру мүмкін емес екені тағы бар.
“Ұшақтағы жылаған сәбиді қалай тыныштандырамыз?”
Threads-тағы тағы бір оқиға ұшақта болған. Анасының айтуынша, сәбиінің қарны ашып, ұйқысы келіп, жол үстінде мазасыздана бастаған. Бала қоспа ішпейтіндіктен, оны бірден жұбату да оңай болмаған. Ал ана сол сәтте баласының сол кездегі күйімен қатар, жанындағы жолаушылардың қабағын да бағуға мәжбүр болған.
"Мен де оның жылағанын қаламаймын, тыныштандыруға барымды салып отырмын. Бірақ дәл сондай кезде адамдардың қабағына қарау одан сайын қиын", – деп жазды ол.

Дүкенге кіргенде де қабақ аңдимыз
Балаға деген төзбеушілік туралы айтқандар мұндай жағдай тек жол үстінде болмайтынын жазады. Кей ата-ана дүкенге немесе дәмханаға кіргенде де баласына қараған бөтен адамның қабағын бірден байқайтынын айтқан. Бала ештеңе бүлдірмесе де, оның жүгіріп жүргені немесе дауыстап сөйлегені біреуге артық көрінуі мүмкін. Содан ата-ана өз шаруасынан бұрын баласының әр адымын бағып кетеді екен.
"Содан өзің де қысылып, әр қимылына алаңдап жүресің. Неге балалы адам үнемі біреуден кешірім сұрап жүргендей болуы керек?" – деген пікір айтылған.
Ата-аналардың айтуынша, бала қоғамдық ортада өзін ұстауды осындай жерлерге барып жүріп үйренеді. Кезек күтуді де, тыныш отыруды да, өзге адаммен санасуды да бір күнде меңгермейді. Оған уақыт керек, ал сол аралықта ата-ананың түсіндіруі мен айналаның сабыры қатар жүргені жөн дейді олар.
"Бала ғой" деп бәріне көз жұма қарауға бола ма?
Дегенмен желідегі әңгіменің екінші жағы да бар. Кей адамдар мәселе балада емес, оның әрекетіне мүлде араласпайтын ата-анада деп есептейді. Дәмханада жүгіріп, өзгенің үстеліне тиіскен немесе адамдардың тыныштығын бұзған балаға ескерту жасау ата-ананың міндеті дейді олар. Мұндай жағдайда "бала ғой" деген сөз бәрін ақтай алмайтынын алға тартады.
"Балаларды жек көріп отырған ешкім жоқ. Бірақ бала не істесе де “бала ғой” деп отыра беруге болмайды. Егер ол басқа адамдарға кедергі келтірсе, ата-анасы түсіндіруі керек. Баланың тәрбиесіне ең алдымен ата-анасы жауап береді", – деп жазған желі қолданушыларының бірі.
Бұл пікірді қолдағандар қоғамдық орынның бәріне ортақ екенін еске салады. Балаға түсіністік керек болғаны сияқты, оның жанындағы адамдардың да тыныштығы ескерілгені жөн дейді.
Сәби жыласа – тәрбиесіз болғаны ма?
Осы тұста бірнеше айлық сәбидің жылауы мен ересектеу баланың өзгеге әдейі кедергі келтіруін бір қатарға қоюға болмайтынын айтқандар бар. Сәби ашықса, ұйқысы келсе немесе қорықса, оны жылау арқылы білдіреді. Ал есейген балаға қай жерде қалай жүру керегін ата-анасы біртіндеп үйретеді. Екеуіне бірдей талап қою баланың жасын елемеумен тең деген пікір айтылған.
"Балалар бұл өмірге дайын ережелермен келмейді. Олар бәрін бізден көріп, біртіндеп үйренеді. Біз ересек бола тұра кейде өзіміз қоғамдық тәртіпті сақтамаймыз. Бірақ кішкентай баладан бірден мінсіз болуды талап етеміз", – деп жазған қолданушылардың бірі.

Баланың қоғамдық орында болуы өзгелердің құқығын шектей ме?
БҰҰ-ның халықаралық консультанты, Алматы қаласы бойынша Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Халида Әжіғұлова бұл мәселені ең алдымен баланың құқығы тұрғысынан қарау керек дейді. Оның сөзінше, кез келген шектеудің нақты себебі болуы шарт.
"Балалар қоғамдық орындарға баруға құқылы. Бірақ белгілі бір шара немесе орын баланың жасына сай келмесе, денсаулығына не тәрбиесіне зиян келтіруі мүмкін болса, ұйымдастырушылар шектеу қоя алады. Мысалы, кинотеатрдағы фильмнің жас санаты немесе аттракциондағы талаптар осыған жатады. Мұндай шектеулер ең алдымен баланың мүддесі мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған", – деді Халида Әжіғұлова.
Ал күнделікті өмірде мәселе көбіне баланың сол жерде болуы емес, айналаның оған қалай қарайтынына тіреледі. Әжіғұлова ата-анамен бірге келген баланы өзге келушілерден бөлек қарауға негіз жоқ екенін айтады.
"Ата-ана баласымен бірге кафе мен мейрамханаға баруға құқылы. Бала сөйлеп, кейде шулап немесе жылап қалуы мүмкін, бұл – оның жасына тән әрекет. Мұның өзі ата-ана мен баланы мекемеден шығаруға себеп бола алмайды. Олар да сол жердің өзге келушілері секілді клиент болып саналады", – деді ол.
Дегенмен бұл жерде барлық жауапкершілікті қоғамға ысыра салуға да болмайды. Баланың әрекеті қауіп төндірсе немесе өзгелерге нақты кедергі келтірсе, ата-ананың араласуы қажет.
"Ата-ананың міндетіне баланың заңға сай мінез-құлқын қалыптастыру да кіреді. Егер әкімшілік “жүгірмеңіздер” деп ескерту жасаса, оның артында баланың өзіне немесе өзгелерге зиян келтірмеуі деген талап тұр. Мұндай жағдайда ата-ана баласына түсіндіруі тиіс. Бірақ мекеме иесі осының өзін сылтау етіп, балалы отбасын жай ғана сыртқа шығарып жібере алмайды", – деді Халида Әжіғұлова.
Ал сәбиге келгенде талаптың өзі өзгеше болуы керек. Өйткені кішкентай бала өзінің жайсыздығын сөзбен емес, көбіне жылап білдіреді дейді маман.
"Ұшақта кішкентай бала жыласа, оны тәрбиесіздік деп қабылдауға болмайды. Ол қысымнан, қорқыныштан немесе басқа физиологиялық жайсыздықтан жылауы мүмкін және оны бір сәтте тоқтату әрдайым мүмкін емес", – деді ол.
Сондықтан басқа жолаушы баланың міндетті түрде үндемеуін талап ете алмайды. Сол сияқты мейрамханада да баланың еріксіз жылауы ата-ана мен баланы сыртқа шығаруға негіз болмайды. Яғни қоғамдық ортада ата-ананың жауапкершілігі бар болғанымен, баланың жасына тән әрекетіне қоғам да түсіністікпен қарауы тиіс деп қорытындылады маман.
Балалардың шуына төзбеушілік неден туындайды?
Психолог Гүлжан Гұсманова қоғамдық орындарда балаларға деген төзбеушіліктің себебін тек олардың тәртібінен іздеу дұрыс емес деп есептейді. Оның айтуынша, қазіргі адамдардың күнделікті өмірі қарбаласқа толы. Толассыз келетін ақпарат, бітпейтін шаруа мен айналадағы шу адамның жүйкесін қажытады. Мұндай кезде болмашы нәрсенің өзі ашуға тиюі мүмкін.
"Адамның жүйкесі онсыз да шаршап жүргенде баланың жылауы, айқайлауы, жүгіруі немесе қатты сөйлеуі шыдамын тауысып жіберуі мүмкін. Оның үстіне қазір адамдар өзіне бағынбайтын, не боларын алдын ала болжай алмайтын жағдайларға төзе алмай барады. Ал баланың қашан жылайтынын, қашан жүгіретінін немесе үлкендердің сөзін бірден тыңдайтынын ешкім дөп басып айта алмайды. Сондықтан мұндай сәттерде ересектердің ашуын туғызатын нәрсе баланың өзі емес, оның әрекетін басқара алмауы да болуы мүмкін", – дейді психолог.

Маман мұндай жағдайда екі тараптың да қажеттілігін ескерген жөн деп санайды. Бір жағынан, баланың жасына сай еркін әрекет етуіне мүмкіндік берілуі керек. Екінші жағынан, айналасындағы адамдардың да тыныштық пен жайлылықты қалайтынын түсінген дұрыс. Гүлжан Гұсманова әсіресе ата-аналарға өзгелердің наразылығына қалай жауап берген жөн екенін түсіндірді.
"Ата-ана біреу баласының шуына ренжісе, оны бірден өзіне немесе баласына жасалған шабуыл деп қабылдамауы керек. Мысалы, "Баланың шуы сізге кедергі келтіріп жатқанын түсінемін. Қазір оны тыныштандыруға тырысып жатырмын" деп сабырмен жауап беруге болады. Бірақ баласы өзін бала сияқты ұстағаны үшін ата-ана кінәлі сезінбеуі тиіс. Ал балалардың шуына ашуланатын адамдар өз сезімі мен іс-әрекетін ажырата білгені жөн. Ашулану қалыпты жағдай болғанымен, бұл баланы қорлауға, ата-анасын ұялтуға немесе олардың қоғамдық орыннан кетуін талап етуге негіз бола алмайды", – дейді ол.
Психологтың сөзінше, қоғамдық орындарда тек бір адамның қалауына сай тәртіп орнату мүмкін емес. Сондықтан өзгелердің мазасын алатын жағдай туындағанда екі тарап та өз ұстанымын сабырмен жеткізе білуі маңызды.
"Бала айналасындағылардың бәріне бірдей ыңғайлы болуға міндетті емес. Сол сияқты ересек адам да өзіне ұнамаған нәрсенің бәріне үнсіз шыдауға тиіс емес. Ең бастысы – өзіңе не ұнамайтынын өзгені кемсітпей жеткізе білу. Бір-біріміздің қажеттілігімізді мойындай алғанда ғана өзара сыйластық қалыптасады", – дейді Гүлжан Гұсманова.
Осылайша, қоғамдық орындардағы мұндай келіспеушіліктің түп-төркіні тек баланың шуында емес. Адамдардың шаршауы, жеке тыныштығына деген қажеттілігі мен күтпеген жағдайды қабылдай алмауы да оған әсер етеді. Ал баланың әр әрекетін өзгелерге әдейі жасалған кедергі деп қабылдау екі тараптың бірін-бірі түсінуін одан әрі қиындата түседі дейді маман.
Қазақстандық қыз Happy Cake-ке жұмысқа орналасып, 11 сағат істеген алайда оған жұмыс ақысын төлеуден бас тартқан