Қазақстандық белсенді баласына Түркияда полиция қысым көрсетіп жатқанын айтып, көмек сұрады
Қазақстандық әйел Ыстамбұлда полиция ұстап отырған 20 жастағы ұлы үшін көмек сұрап, дабыл қақты. Оның айтуынша, ұлы Әлем Кукетай 10 сағаттан астам уақыт бойы соққыға жығылып жатыр. Анасының сөзінше, бұған дейін Әлем Молдовада пана сұрап, өтініш берген. Алайда өтініші қабылданбай, Түркияға қайтарылған. Бұл туралы Stan.kz арпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстандық жігіттің анасы Мадина Кукетаева желіде үндеу жасап, елден көмек сұрады. Ол ұлының полиция бөлімшесінде қиналып жатқанын жеткізді. Алайда елшілік ол туралы ақпарат жоқ екенін айтып, қол ұшын соза алмай отыр екен.
“Ұлым қазір Түркияның Ыстамбұл қаласында полицияның қолында отыр. Менің білуімше, полиция оны 10 сағаттан астам уақыт бойы ұрып-соғып, күш қолданып жатыр. Баламның өмірі мен денсаулығына қатты алаңдап отырмын. Мен Қазақстан консулдығына хабарластым. Бірақ консулдық өкілдері әзірге ұлымның нақты қай жерде екенін анықтай алмай отырғанын айтты. Мен бір нәрсені түсінбеймін. Шетел азаматы полицияда ұсталса, бұл туралы оның елінің консулдығына хабарлануы керек қой. Ендеше, неге осы уақытқа дейін Қазақстан консулы менің баламмен байланыса алмай отыр?Неге оған адвокат берілмей отыр?” – деді Әлемнің анасы.
Мадина Кукетаева ұлының бұған дейін Молдовадан пана сұрап, өтініш бергенін алға тартты. Алайда оның өтінішін қабылдамай, оны күштеп қайтадан Ыстамбұлға жіберген екен. Ал ұлының не үшін Молдоваға көшпек болғаны белгісіз.
“Баламның маған айтуынша, қазір оны Ыстамбұлдағы Сабиха Гөкчен әуежайына қарама-қарсы орналасқан полиция бөлімшесінде ұстап отыр. Қазір оның жанында адвокат та, заңгер де жоқ. Ол өз құқығын қорғауға мүмкіндігі жоқ жағдайда отыр. Мен анамын. Балам үшін қатты қорқып отырмын. Бұл жағдайды жалғыз өзім шеше алмаймын. Сондықтан сіздерден шұғыл көмек сұраймын. Баламды табуға, оған адвокат жеткізуге және оның өмірі мен қауіпсіздігін қорғауға көмектесіңіздер. Уақыт өте тығыз”, – деп қосты оның анасы.
Қазір Түркияда қамауға алынған 20 жастағы жігіттің анасы Мадина Кукетаева — алматылық азаматтық белсенді. Ол бұған дейін Қаңтар оқиғасына байланысты сот процестерін бақылап, бейбіт митингілерге қатысып жүрген. Белсенді АЭС құрылысына қарсылық білдіретін митинг өткізу мәселесін де көтерген. 2023 жылы Мәжіліс сайлауының қорытындысына қарсы акцияға қатысып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сол жылы Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайын басып алу ісі бойынша сот отырысы өтіп жатқан Алматы қалалық сотының алдында болғаны үшін 2024 жылы 15 тәулікке қамауға алынған. Сондай-ақ 2020 жылы Нұр-Сұлтандағы наразылық шарасына қатысқаны үшін 5 тәулікке қамауға алынған.
Stan.kz тілшісі оқиғаға байланысты Сыртқы істер министрлігінен пікір сұрады. Ведомство жағдайдан хабардар екенін жеткізді.
“Ыстамбұлдағы Бас консулдығының қызметкерлері ұсталған екі Қазақстан азаматымен кездесті. Қазіргі уақытта олар депортациялау орталығына ауыстырылып, оларды Қазақстанға депортациялау мәселесі қарастырылуда”, – деп жауап берді министрлік.
Сыртқы істер министрлі жағдайды бақылауға алғанын мәлімдеді.
Қазақстандық белсенді баласына Түркияда полиция қысым көрсетіп жатқанын айтып, көмек сұрады