Астанада оқушылар киім ілетін жерде қысылып қалған: Мектеп директоры қызметінен босатылды
Астанадағы №99 мектептің киім ілетін бөлмесінде оқушылар бір мезетте жиналып, бірін-бірі қысып қалған. Әлеуметтік желіде оқиғаның видеосы мен балалардың шағымдары тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Astanovka98 Telegram арнасында жарияланған мәліметке сүйенсек, оқушылар қысылған кезде жарақат алғандарын айтқан. Сондай-ақ кейбір балалардың тынысы тарылып, есінен танып қалғаны туралы хабарламалар тараған. Алайда білім басқармасы оқушының есінен танып құлағаны жөніндегі ақпарат расталмағанын мәлімдеді.
Басқарма жағдайға екінші ауысымдағы сабақ кестесін ұйымдастыруда кеткен қателік себеп болғанын түсіндірді. Сабақ аяқталған соң жеті сыныптың оқушылары киімдерін алуға қатар барған. Соның салдарынан киім ілетін жерде аз уақытқа балалар шамадан тыс жиналып қалған.
"Бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеу нәтижесінде оқушының есінен танып, құлағаны туралы ақпарат расталмады", – деп хабарлады ведомство.

Оқиғадан кейін мектепте киім ілетін бөлме маңындағы қызметкерлердің кезекшілігі күшейтілген. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қабылданған.
"Осы жағдайға байланысты мектеп директоры қызметінен босатылды", – деп мәлімдеді басқарманың баспасөз қызметі.
Айта кетейік, қыркүйектің басында Шымкенттегі №80 IT мектеп-лицейінің ата-аналары да оқушылардың мектепке кіріп-шығуын ұйымдастыруға шағымданған еді. Олардың айтуынша, мектепте бір ғана кіреберіс есік ашық болғандықтан, балалар сол жерге жиналып, өту қиындаған.
Талғарда әкесінің моласынан келе жатқан жігітті жабылып өлтірген: Сотта айыпталушы жауап берді