Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ыстық суға күйген бала үйдегі емнен соң жансақтау бөліміне түсті: Ата-анасы оған сабын мен жақпамай жаққан

бала күйік ауру ата-ана жақпай май
Фото: Видеодан скрин

Көкшетаудағы балалар ауруханасының дәрігерлері шалғай ауданда тұратын бес жасар баланың өмірін аман алып қалды. Бала ауруханаға денесінің терең күйігімен түскен. Ата-анасы оған үй жағдайында сабын және түрлі майлар жағылып, дұрыс ем көрсетілмеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Жетінші арнаға” сілтеме жасап хабарлайды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің тікұшағы Ерейментау ауданындағы шалғайдағы Сілеті ауылына шұғыл шақырту бойынша барған. Бес жасар Алдияр ыстық суға күйіп қалған. Оған алғашқы уақытта дұрыс ем көрсетілмеген.

“Баланың денесінде іші іріңге толған көпіршіктер түріндегі күйік болған. Өйткені ол бірден дәрігерге қаралмаған, ауруханаға тек үш күннен кейін жеткізілді. Осы уақыт аралығында үйде болып, өз бетінше емделген. Күйген жеріне сабын жағып, түрлі майлар қолданған. Соның салдарынан күйік ауруы асқынған”, – дейді Ақмола облыстық балалар ауруханасы хирургия бөлімінің дәрігері Петр Редкозубов.

Салдарынан бала жансақтау бөліміне түсті. Таңғыштар наркозбен салынып, некротомия яғни өлген тіндерді алып тастау операциясы жасалды. Сондай-ақ тері трансплантациясы жүргізілді.

Баланың әлі де орнынан тұрып, жүруі қиын. Аяқтары мен іші тыртық болып қалған. 

“Балам қатты қиналды, өте ауыр болды. Ойын ойнап жүрген кезде үстіне қайнаған су төгіп алды. Қазір дәрігерлердің арқасында жағдайы жақсы. Олар баламның өмірін сақтап қалды. Үйде өзіміз емдеп аламыз деп ойладық. Енді барлығына айтарым: бірден дәрігерге барыңыздар”, – дейді 34 жастағы көпбалалы ана Таутек Мейрам.

Облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері күйік алған науқастардың саны артқанын атап өтті. Жыл басынан бері бөлімшеде осындай диагнозбен 175 бала емделген.

Хирургия бөлімінде жиі кездесетін тағы бір науқастар тобы – ағзасына бөгде заттар түсіп кеткен балалар. Олардың арасында шариктер, батарейкалар мен тиындар бар. Мұндай жағдайларды емдеу үшін жаңа медициналық жабдықтар қолданылады.

“Эндоскопиялық аппараттардың көмегімен жасап жатқан манипуляцияларымызды көзбен көріп, бейнежазбаға түсіруге мүмкіндік бар. Бізде екі лапароскопиялық аппарат бар, оларды барынша жиі қолданамыз. Пластикалық операциялар үшін теріні алып, аутодермопластика жасауға мүмкіндік беретін дерматом аппараты бар”, – дейді Ақмола облысытық балалар ауруханасы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Ернар Қожабеков.

Жыл басынан бері облыстық балалар ауруханасында 8,5 мың бала емделген. Оның ішінде хирургия бөлімінің тоғыз дәрігері екі мыңнан астам балаға операция жасаған.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 08 Қазан, 2026 08:07