Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жасанды интеллекттен жеке сервиске дейін: Шымкентте Home Credit Bank кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктерді таныстырды

ХКБ2

Шымкентте Home Credit Bank серіктестері мен қала кәсіпкерлері бас қосты. "Жасанды интеллект: бизнестің жаңа өсу мүмкіндіктері" тақырыбында өткен бизнес-таңғы аста бизнесті дамыту, технологияларды тиімді пайдалану, қаржылық шешімдер және клиенттік сервисті жетілдіру мәселелерін талқыланды.

Шай үстіндегі еркін форматтағы кездесудің басты тақырыбы – жасанды интеллектінің бизнеске әкелетін мүмкіндіктері. Қатысушылар технологияның жұмыс үдерістерін оңтайландыруға, уақыт пен ресурсты үнемдеуге, клиентпен байланысты жақсартуға және бизнестің жаңа деңгейге шығуына қалай ықпал ете алатыны туралы пікір алмасты.

"Банк үшін клиент – жай ғана клиент емес"

Кездесуді ашқан "Home Credit Bank" АҚ Шымкент қаласындағы филиалының директоры Қанат Тоқабаев кәсіпкерлермен мұндай кездесулердің банк үшін маңызы ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, кәсіпкерлер – экономиканың дамуына тікелей ықпал ететін, жұмыс орындарын ашып, жаңа жобаларды іске асырып, күн сайын маңызды шешімдер қабылдайтын адамдар. Сондықтан банк үшін клиентке тек қаржылық өнім ұсыну жеткіліксіз.

“Бүгінгі бизнес жаңа бағытта дамып жатыр. Өзгерістердің жылдамдығы, технологиялар, жаңа нарық пен жоғары бәсекелестік барлығымыздан икемділік пен батылдықты талап етеді. Бірақ кез келген өзгеріс жағдайында сенімділік және серіктестік сияқты негізгі құндылықтар өзгермейді. Біз клиенттермен қарым-қатынасты дәл осы қағидаттар негізінде құрамыз”, – деді Қанат Тоқабаев.

Филиал директоры банктің мақсаты кәсіпкердің бизнесін сырттай сүйемелдейтін қаржы ұйымы болу ғана емес, оның мақсаттарын түсініп, өсу жоспарын жүзеге асыруға көмектесетін серіктеске айналу екенін атап өтті.

ХКБ4
“Біз үшін клиенттердің идеясы, кері байланысы және заманауи банктің бизнес үшін пайдалы болуы туралы пікірі өте құнды. Осындай ашық кездесулерде тек өнімдер мен сандарды емес, болашақты да талқылауға мүмкіндік бар. Нағыз бизнес-серіктестік дәл осындай диалогтан қалыптасады”, – деді ол.

Жасанды интеллект – адамның орнын басатын емес, мүмкіндігін арттыратын құрал

Бизнес-таңғы астың негізгі спикері – "Home Credit Bank" АҚ атқарушы директоры Мерей Бейсенбеков кәсіпкерлерге жасанды интеллектіні бизнеске енгізудің нақты мүмкіндіктері мен оны пайдаланудың үш негізгі кезеңін түсіндірді.

Жасанды интеллектіні бүгінде тек сұрақтарға жауап беретін чат немесе ақпарат іздейтін құрал ретінде қабылдау жеткіліксіз. Оның басты құндылығы – адамның уақытын алатын, қайталанатын жұмыстарды орындап, оның мүмкіндігін арттыруында.

“Мен жасанды интеллектіні кибернетикалық қолға ұқсатамын. Ол біздің қолымызды алмастырмайды, керісінше, мүмкіндігімізді күшейтеді. Адам мен жасанды интеллект бірге жұмыс істеген кезде өнімділік те, нәтиже де артады”, – деді Мерей Бейсенбеков.

Ол бизнестегі жасанды интеллектіні дамытудың үш кезеңін атап өтті:

  • Біріншісі – қазіргі жасап жүрген жұмысты бұрынғыдан тиімді орындау;
  • Екіншісі – бұрын жасалмаған жаңа мүмкіндіктерді іске қосу;
  • Үшіншісі – белгілі бір процестерді жасанды интеллектіге толықтай тапсыру

ХКБ3

Спикер кәсіпкерлер үшін алғашқы екі кезеңнің бүгінде аса маңызды екенін атап өтті. Яғни бизнес иелері ең алдымен күнделікті процестерін жеңілдетіп, содан кейін жаңа өнімдер мен қызметтерді жасауға технологияны пайдалана алады.

 
“Егер кәсіпкерлер алдағы жылдары бизнесте қалғысы келсе, жасанды интеллектіні меңгеру – таңдау емес, қажеттілік. Ең алдымен қазіргі жұмысты технологияның көмегімен жақсарту керек. Кейін жаңа нәрселерді жасап көруге болады. Жасанды интеллект бізді алмастырмайды. Бізді жасанды интеллектіні қолданатын адамдар алмастырады”, – деді ол.

Home Credit Bank жасанды интеллектіні қалай қолданады?

Home Credit Bank жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін теориямен шектемей, оны өз жұмысында да қолданып келеді. Банктің клиенттермен байланыс арнасында жұмыс істейтін Aizhan чат-боты – соның бір мысалы. Оның көмегімен банк соңғы бір жыл ішінде операторлардың бір бөлігін автоматтандыру арқылы шамамен 174 млн теңге үнемдеген. Қазір клиенттермен жүргізілетін диалогтардың шамамен 30%-ы Aizhan арқылы толық өңделеді.

Чат-боттың артықшылығы – бір уақытта көптеген клиентке жауап бере алуы және тәулік бойы жұмыс істеуі. Бұл клиенттің күту уақытын қысқартып, операторларға күрделірек мәселелерге көңіл бөлуге мүмкіндік береді.

Сонымен бірге технология дамыған сайын жеке қызмет көрсетудің маңызы да төмендемейді. Керісінше, банк Prime сегментіндегі клиенттер үшін персоналды сервисті сақтауды жоспарлап отыр. Ірі қалаларда Prime клиенттеріне жеке менеджерлер бекітіліп, олар тәулік бойы қолдау көрсетуге дайын.

ХКБ1

 

Бизнес-таңғы ас – клиентті тыңдаудың жаңа форматы

Home Credit Bank үшін мұндай кездесулер тек банк өнімдерін таныстыру алаңы емес. Кездесу тақырыбы кәсіпкерлердің нақты сұранысына қарай таңдалады. Бұл туралы "Home Credit Bank" АҚ басқарма мүшесі, бөлшек бизнес бойынша басқарушы директор Альфия Хусаинова айтты.

“Біз үшін бірінші мақсат – пайдалы болу. Кәсіпкерлердің өз бизнесі бар, олар экономикаға ықпал етеді. Сондықтан алдымен олардың бүгінгі сұранысын түсінуге тырысамыз. Бір қалада білім беру мәселесі өзекті болуы мүмкін, басқа өңірде салық немесе бизнеске қатысты заңнама маңызды болуы мүмкін. Ал Шымкентте кәсіпкерлер үшін жасанды интеллект тақырыбының өзекті екенін көрдік”, – деді Альфия Хусаинова.

Оның айтуынша, банк үшін клиенттермен тікелей сөйлесу – қызметті жақсартудың ең тиімді жолдарының бірі.

“Біз өзіміз отырып алып, клиентке не керек екенін ойлап тапқымыз келмейді. Керісінше, клиентті тыңдап, оның пікіріне сүйене отырып, сервисімізді жақсартқымыз келеді”, – деді ол.

Кәсіпкерлер: "Банк ашық диалогқа дайын"

Бизнес-таңғы асқа қатысқан кәсіпкер Жанна Айткулова кездесудің практикалық маңызын атап өтті. Ол іс-шара барысында банк басшылығының сұрақтарға ашық жауап беруі және жасанды интеллектіні бизнесте қолданудың нақты мысалдарының көрсетілуі ерекше қызығушылық тудырғанын айтты. 

“Бизнес-таңғы ас өте пайдалы әрі мазмұнды өтті. Жасанды интеллектіні қолдану арқылы көптеген процесті оңтайландыруға болатынын түсіндім. Мысалы, келісімшарттарды тексеру, сайт жасау сияқты жұмыстарды технология арқылы жеңілдетуге болады. Бұл кәсіпкер үшін уақытты да, бюджетті де үнемдеуге мүмкіндік береді. Банкке деген сенімнің артуына оның клиенттердің кері байланысын тыңдап, сұрақтарға нақты жауап беретіні әсер етеді. Клиенттің пікірін естуге дайын болуы – өте құнды”, – деді Жанна Айткулова.

Шымкент – Home Credit Bank бизнес-таңғы ас өткізген үшінші қала

Шымкенттегі кездесу – Home Credit Bank ұйымдастырған бизнес-таңғы астардың үшіншісі. Бұған дейін осындай кездесулер Алматы мен Орал қалаларында өткен.

Банк алдағы уақытта мұндай форматтағы кездесулерді Қазақстанның басқа да қалаларында өткізуді жоспарлап отыр. Негізгі мақсат – кәсіпкерлерге пайдалы ақпарат ұсыну ғана емес, сонымен бірге олардың нақты қажеттіліктерін тыңдап, банк өнімдері мен сервистерін сол сұранысқа қарай жетілдіру.

Бұл тәсіл Home Credit Bank-тің бизнестегі серіктестікке деген көзқарасын да көрсетеді: банк үшін кәсіпкерге қаржы ұсыну – қарым-қатынастың соңы емес, керісінше, ұзақ мерзімді серіктестіктің бастауы.

Назархан Уән
Бейсенбі, 08 Қазан, 2026 10:23