Талдықорғанда тұрғындар зейнеткердің алаяқтарға ақша аударғалы жатқан жерінен тосқауыл болды
Әлеуметтік желіде тараған видеода оған белгісіз ер адам видеоқоңырау арқылы не істеу керектігін айтып отырғанын байқауға болады. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Осы жағдайды байқаған басқа адамдар әйелдің алаяқпен сөйлесіп тұрғанын түсіндіріп, оны тоқтатуға тырысқан. Ал өзін әйелдің баласы ретінде таныстырған ер адам әжейді "мама" деп атап, тұрғындар араласқан кезде ашуға мінген.
“Сен кімсің? Телефонға неге қолыңды созып жатырсың?”, – дейді ол ер адамдардың біріне.
Оқиға куәгерлері телефонның ар жағындағы адамнан жүзін көрсетуді талап еткен. Алайда ол камераға жүзін көрсетпеген. Осыдан кейін әйел тұрғындармен бірге полицияға баруға келіскен. Әйелдің сөзінше, осы уақытқа дейін ол әлгі адамға 3 миллион теңге аударып үлгерген.

Полиция департаменті Талдықорған тұрғынының өтініші бойынша алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өз жауабында полиция азаматтарды белгісіз адамдардың телефон арқылы берген нұсқауларын орындамауға және "қауіпсіз шоттарға" ақша аудармауға шақырды. Күдікті қоңыраулар кезінде 102 нөміріне хабарласу ұсынылады.
Еске сала кетейік, Алматыда үш адам 81 жастағы жалғызбасты зейнеткерді үйінен ұрлап әкетіп, бірнеше күн бойы күштеп ұстаған. Олар қартты азаптап, жалғыз баспанасын өздеріне рәсімдеуді талап еткен.
Талғарда әкесінің моласынан келе жатқан жігітті жабылып өлтірген: Сотта айыпталушы жауап берді