Алматыда 81 жастағы зейнеткерді пәтерін тартып алу үшін ұрлап кеткен
Алматыда үш адам 81 жастағы жалғызбасты зейнеткерді үйінен ұрлап әкетіп, бірнеше күн бойы күштеп ұстаған. Олар қартты азаптап, жалғыз баспанасын өздеріне рәсімдеуді талап еткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Алматыда үш адам 81 жастағы зейнеткерді үйінен ұрлап әкетіп, бірнеше күн бойы күштеп ұстаған. Күдіктілер қарт азаматты азаптап, өзіне тиесілі жалғыз пәтерін олардың атына рәсімдеуді талап еткен.
Зейнеткердің жоғалғанын көктемде оның танысы хабарлаған. Полиция іздеу барысында ер адамды Алматы маңындағы елді мекендердің біріндегі жеке үйден тапқан.
Тергеу мәліметінше, екі ер адам мен бір әйел алдын ала сөз байласып, қартты пәтерін иемдену мақсатында ұрлаған. Олар оны бірнеше күн бойы заңсыз ұстап, күш қолданған және мүлкін беруді талап еткен.
Үшеуіне адам ұрлау, заңсыз бас бостандығынан айыру және бопсалау баптары бойынша айып тағылды. Қазір іс сотқа жолданды. Олардың кінәсіне қатысты соңғы шешімді сот шығарады.
Еске салайық, бұған дейін 85 жастағы көкшетаулық қария алаяқтарға алданып, депозиттегі ақшасы мен пәтерінен айырылды. Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, келтірілген шығын 13 миллион теңгеден асқан. Алаяқтық нәтижесінде зейнеткер депозитте сақталған қаржысы мен пәтерінен айырылған. Анықталғандай, алаяқтық схема 2025 жылдың желтоқсанында басталған. Белгісіз біреу зейнеткерге қалалық электр желісінің қызметкерімін деп таныстырып қоңырау шалған. Алаяқ санау құрылғысын ауыстыруды сылтау етіп, жәбірленушінің жеке мәліметтерін қолға түсірген.
"Үйді тіреп тұрған жерге құрылыс бастады": Алматыдағы "Три богатыря" тұрғындары баспаналары құлап қала ма деп алаңдаулы
