Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылық зейнеткер алаяқтарға алданып, екі пәтерінен айырылды

Светлана Григорьевна
Фото: Время

Алматылық зейнеткер алаяқтардың арбауына түсіп, екі пәтерінен айырылды. Ең сорақысы, жалғызбасты қария баспанасыз қалып қана қоймай, қарт адамдарға қарсы ұйымдастырылған тұтас алаяқтық желінің ізін ашқан. Алайда оның сөзін тергеу де, сот та естімегендей. Алматының орталығындағы пәтерді нарықтағы бағасынан әлдеқайда арзанға сату туралы мәміле заңды деп танылған. Енді үйсіз қалған зейнеткер пәтерді сатып алған адамдардың адвокат шығынын да төлеуге міндеттеліп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Времяға” сілтеме жасап хабарлайды.

Светлана Суходольскаяның әкесі – Ұлы Отан соғысының ардагері, Курск доғасындағы шайқастарға қатысқан майдангер. Ал зейнеткердің елу жылдық өмірі бірнеше сөмкеге сыйып қалған.

Алматының “алтын шаршысында”, Қонаев көшесінде, Абай даңғылына жақын маңдағы екі бөлмелі пәтерге енді басқа адамдар қоныстанбақ. Дегенмен олар онда тұрмауы да мүмкін. Себебі бірінші қабаттағы мұндай пәтер коммерциялық нысан ашуға өте қолайлы. Мұндай үйді 25 миллион теңгеге сатар ма едіңіз? Жоқ. Ал Светлана Григорьевна да сатуды ойламаған.

Оның айтуынша, бәрі былтыр мамырда “қалалық электр желісінен” түскен қоңыраудан басталған. Телефон шалған әйел өзін таныстырып, зейнеткерлерге электр есептегішті тегін ауыстыру ұсынылатынын айтқан.

“Бір әйел қоңырау шалды. Тегін есептегіш ауыстырамыз деді. Тегін қызмет зейнеткерлерге арналғанын айтты. Тегін тіркеу үшін маған код жіберді. Тіпті біздің ПИК төрағасының тегін де атады. Сол себепті күмәнданбадым. Ал жарты сағаттан кейін маған eGov-тен хабарласып тұрғанын айтып, жеке деректеріме шабуыл жасалып жатқанын, электрон цифрлық қолтаңбам алаяқтардың қолына өтіп кеткенін жеткізді. Олар арыз жазуымды сұрап, үлгісін де жіберді. Онда болып жатқан жағдай туралы біреуге айтсам, деректерді жария еткені үшін Қылмыстық кодекстің 423-бабы бойынша жауапқа тартылатыным жазылған. Мен қатты қорқып кеттім. Сол кезде алаяқтардың құрбаны болғанымды түсіндім”, – дейді Светлана Суходольская.

Зейнеткер, алдымен “электр желісінің қызметкері” болып хабарласқан әйелді алаяқ деп ойлаған. Ал электрон үкімет атынан хабарласып тұрғандарға еш күмән келтірмеген.

Келесі күні оған өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері ретінде таныстырған адам хабарласқан. Экранда елтаңба ілінген кабинетте отырған, форма киген “майор” көрінген. Ол зейнеткерге енді департамент пен орталық банктен адамдар қоңырау шалатынын айтып, оның “ісіне” берілген арнайы кодты айтқан. Сол код зейнеткер үшін құпия белгіге айналған. Кейін қоңырау шалғандар сол кодты айтса, ол еш күмәнсіз сенген.

“Олар мен туралы бәрін білді. ЖСН-іме дейін, менің атымда екі пәтер бар екенін де, ұлым барын, бірақ елде жалғыз тұратынымды да айтты. Содан кейін маған алаяқтардың кесірінен үйінен қуылып жатқан адамдар туралы видеолар жібере бастады. Ол видеолар тоқтаусыз келіп жатты. Үш тәулік бойы менімен байланыста болды. Олар “Алаяқтардың қолында қазір сіздің цифрлық қолтаңбаңыз бар. Олар риелторлармен байланысып, пәтерлеріңізді сатып жіберсе, сіз далада қаласыз” деп қорқытты”, – деп еске алды зейнеткер.

Осыдан кейін алаяқтар оған “мінсіз жоспар” ұсынған. Зейнеткер өз пәтерлерін өзі сатуы керек, ал түскен ақшаны байланыста отырған банк қызметкеріне тапсырады. Ол қаражатты арнайы шотқа салады. Кейін “комитет қызметкерлері” алаяқтарды ұстаған соң, ақша қайтарылады, ал мәміле қайта рәсімделеді деп сендірген.

“Мен пәтерімнен шығып қаламын ба деп қорықтым. Бірақ олар бәрі тез болатынын түсіндірді. Алаяқтарды қайта сатып алу кезінде ҰҚК ғимаратында ұстаймыз деді. Ал мен тірі жем болуым керек екенмін”, – дейді Светлана Григорьевна.

Бұл жерде тағы бір қызық жайт бар. Қоңырау шалғандар зейнеткердің банктегі жинағы барын да білген. “Банкті тексеру” үшін олар Светлана Суходольскаядан сол ақшаны шешіп алуды сұраған. Ал оның жылдар бойы жинаған қаражатын алуға келген курьер де зейнеткер әйел болып шыққан. Ол П. Т. есімді қария еді.

Зейнеткердің сөзінше, барлығы тыңшылық фильмдегідей болған. Екі әжей арықтың жанында кездесіп, бір-біріне ақша тапсырғаны және алғаны туралы қолхат жазып берген. Курьер болған әжей оған қайта-қайта “Тек оларға сеніңіз!” деп айтқан. Бір қызығы, бұл ақша кейін шынымен Светлана Суходольскаяға қайтарылған. Осылайша алаяқтар зейнеткердің сеніміне кірген.

Кейін қылмыстық іс бойынша жәбірленуші атанған Светлана Суходольская сол П. Т. есімді әйелдің де өз пәтерін сатып жібергенін білген. Ол мұны бұрын мүлде танымайтын Светлананы “құтқару” үшін істеген. Ол да “құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен” байланысы туралы жақындарына тіс жармаған. Қазір баспанасыз қалған ол әйел ұлының үйінде тұрып жатыр.

Алайда мұнымен іс бітпеген. Кейін өз заңгерлеріне сенімхат рәсімдеу үшін нотариусқа барған кезде Светлана Суходольская дәл осындай жағдайға тағы екі зейнеткер тап болғанын білген. Жүргенов атындағы өнер академиясының оқытушылары, егде жастағы ерлі-зайыптылар да осы схема бойынша баспанасынан айырылған. Бірақ олар бұл істі жария еткісі келмейді. Себебі алаяқтарға алданып қалғанына ұялады.

“Адвокаттар барлық жәбірленушіні бір топқа біріктірмек болды. Бірақ бізге істерді бөлек-бөлек тергеу керек екенін айтты”, – дейді Светлана Суходольская.

“Майордың” айтуымен Светлана Суходольская пәтерлерінің суретін түсіріп, өзін әлсіз қарттардың қорғаушысы ретінде таныстырған жалған қызметкерге жіберген. Ал ол өз аккаунтынан krisha.kz сайтына хабарландыру жариялаған. Алайда тергеу бұл парақша иесін таба алмаған.

Сатып алушылармен байланысу үшін алаяқ пәтер иесінің телефон нөмірін көрсеткен. Ал Светлана Григорьевнаға пәтерді қалай тез сатуға болатынын түсіндірген: бірінші хабарласқан адамға келісу, тіпті бірнеше миллионға жеңілдік жасау. Алматының “алтын шаршысындағы” пәтер үшін баға күлкілі деңгейде қойылған – 27 миллион теңге. Салыстыру үшін айтсақ, дәл сондай көрші екі бөлмелі пәтер 46 миллион теңгеге сатылымға шыққан.

Мәміле өте жылдам жасалған. Пәтер иесінің бағаны тез түсіріп, кепілақы алмастан бірден келісуі ешкімді күмәндандырмаған. Тараптар келісіп, нотариусқа барған. Екінші пәтер бойынша да жағдай ұқсас болған. Розыбакиев көшесіндегі 33 шаршы метрлік баспананы зейнеткер 20 миллион теңгеге сатып жіберген. Тіпті бұл мәмілені демалыс күні рәсімдеудің де жолы табылған.

“7 маусым Құрбан айт еді. Демалыс күні ғой, мәмілені қалай рәсімдейміз деп уайымдадым. Бірақ сатып алушы әйел қызының таныс нотариусы бар екенін айтты”, – дейді Светлана Григорьевна.

Осы жерде тағы бір сұрақ туындайды. Заң бойынша нотариус жалғызбасты егде адам пәтерін нарықтағы бағадан төмен сатып жатса да, мәмілені тоқтатуға міндетті емес. Бірақ мамандар сатушының әрекетке қабілеттілігін, сол сәттегі жағдайын, мәмілені саналы түрде жасап тұрғанын қаншалықты мұқият тексерді? Себебі мәміленің бір тарабы айқын түрде өте тиімсіз жағдайда қалғаны көрініп тұр.

Пәтерлер сатылғаннан кейін алаяқтар зейнеткерге ақшаны пакетке салып, мөрлеп, курьерге беруді тапсырған. Абырой болғанда, ол келген көліктердің нөмірін жазып алған. Себебі шлагбаумы бар аулаға курьерді кіргізу керек болған. Кейін дәл осы мәлімет қылмыскерлердің ізіне түсуге көмектескен. Ақшаны алған соң алаяқтар зейнеткерге “банк шоты ашылды” деген жалған түбіртектер жіберген.

Оған дүйсенбіге дейін “демалуға” мүмкіндік берген. Себебі алаяқтарды ұстау бойынша “арнайы операция” мерекеден кейін өтеді деп айтылған. Бірақ осы уақыттың бәрінде зейнеткер бақылауда болған. Әр 15 минут сайын оған телефон соғылған. Ол тіпті ауладағы дүкенге азық-түлік алуға шығатынын да алаяқтарға хабарлап отыруға тиіс болған.

Ал дүйсенбі күні зейнеткерді жаңа сынақ күтіп тұрған. Алаяқтар оны банкке барып, кредит алуға көндірмек болған. Олардың айтуынша, оның электрон қолтаңбасы әркімнің қолына өтіп кеткен, соның кесірінен елдің әр өңіріндегі микроқаржы ұйымдарынан оның атына 18 миллион теңгеге дейін несие рәсімделген-мыс.

Светлана Григорьевна банк аралап, менеджерлердің алаяқтар туралы ескертуін тыңдап, жасына байланысты кредит ала алмай қайтқанын айтады.

Өзінің ірі алаяқтықтың құрбаны болғанын зейнеткер банктерді босқа аралап, бірнеше сағаттан кейін ғана түсінген. Ол аудандық ішкі істер бөліміне бармақ болады. Бірақ онда тергеушілердің қолы бос емес деп қабылдамаған. Полицияға прокуратураның көмегімен ғана жете алған. Кейін іс қозғалып, Светлана Суходольская жәбірленуші деп танылған.

Тіпті курьерлер де ұсталған. Олар өте жас жігіттер, Қырғызстан азаматтары болып шыққан. Олар Қазақстанға қайта жұмысқа келмек болған кезде қолға түскен. Бірақ жігіттер тапсырыс берушілерді танымайтынын айтқан. Конверттерді қаланың шетіндегі жеке үйге апарып, пакетті келісілген жерге қалдырып, қорыққаннан қашып кетіп отырғандарын жеткізген. Қазір олар әртүрлі колонияда жазасын өтеп жатыр. Әрқайсысына 5 жыл 6 айдан бас бостандығынан айыру жазасы кесілген.

“Жігіттердің бірінің анасы кеше ғана маған хабарласты. “Ол төрт жыл отырады да шығады, ал сен ештеңе ала алмайсың” деді”, – дейді зейнеткер телефонын қолында ұстап отырып.

Ал қылмыстың артында тұрған ірі ұйымдастырушыларды тергеу таба алмаған. Зейнеткердің қолында барлық телефон нөмірлері, хат-хабарлар сақталған. Тіпті “майормен” видео арқылы сөйлесуге полицейлердің де мүмкіндігі болған. Бірақ соған қарамастан, тергеу ұйымдастырушыларды таба алмады.

Светлана Григорьевна телефон ұстап отыр
Фото: Время

Зейнеткер кейін тағы да сот табалдырығын тоздырды. Бұл жолы пәтерлерді сатып алу-сату мәмілесінің заңдылығы және өзін пәтерден шығару мәселесі қаралған. Пәтер сатып алған адамдар жылжымайтын мүліктің бұғатта тұрғанын білген соң, зейнеткерді сотқа берген. Олар бұрынғы меншік иесін мәжбүрлі түрде үйден шығаруды талап еткен. Сот олардың талабын қанағаттандырған.

“Менің ойымда пәтерлерімді қайтарып алып, адамдарды ақшасынан айыру болған жоқ. Адвокаттар орталықтағы пәтерді нарықтағы нақты бағасына сатуды ұсынуға кеңес берді. Сол кезде мен екі сатып алушыға да ақшасын қайтара алар едім, өзім де далада қалмас едім. Розыбакиев көшесіндегі пәтерді солардан қайта сатып алар едім. Бірақ олар келіспеді”, – дейді зейнеткер күрсініп.

Бұл дауға қалалық сот нүкте қойды. Енді Светлана Суходольская қазіргі пәтер иелерінің сот шығындарын да өтеуі керек.

Алайда алаяқтар мүлде жоғалып кетпеген. Сот процестері жүріп жатқан кезде “майор” зейнеткерге қайта байланысқа шыққан.

“Ол бәрін біліп отырды. Соттан ұтылып жатқанымды да, ақшам жоқ екенін де айтты. “Пәтерлеріңді қайтарып ала аласың. Ол үшін бізге жұмыс істеуің керек. Өзің сияқты зейнеткерлерді өңдейсің” деді. Мен әлі күнге дейін сол сөзді ойласам, денем түршігеді. Әрине, бас тарттым. Тіпті оларға қалай пайдалы бола алатынымды сұрамадым да”, – дейді Светлана Григорьевна.

Баспанасыз қалған зейнеткер енді Жоғарғы сотқа дейін баруға да сенімі қалмағанын айтады. Оның сөзінше, қалалық соттағы соңғы отырыс небәрі үш минутқа созылған. Алайда осы уақыттың өзі оны пәтер сатып алған адамдардың адвокаттарына 700 мың теңге төлеуге міндеттеуге жеткілікті болған. Енді бұл қаражатты зейнетақысынан өтеуі керек.

“Ал өз адвокаттарым менен алатын ештеңе жоқ екенін түсінді де, қоңырауларымды көтермейтін болды. Менің оқиғам өзгелерге сабақ болса екен”, – дейді баспанасыз қалған зейнеткер.

Одан қайда тұратынын сұрағанда, зейнеткер нақты жауап бере алмады.

“Білмеймін. Таныстарым әкімдіктен маған баспана беруді сұрады. Бірақ бос үй жоқ екен. Үш айға әлеуметтік бейімдеу орталығына орналастыра аламыз деді. Мен сияқты баспанасыз адамдардың ортасына”, – дейді Светлана Суходольская.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 02 Шілде, 2026 17:14