"Сағыныш сазына" таласқан әнші мен сазгер келісімге келе алмай жүр
Сазгер Біржан Асқаров "Сағыныш сазы” әнінің авторы өзі екенін айтса, орындаушы Талғат Жорабаев оның бұл сөзіне күмәнмен қарайды. Біржан Асқаров бұл әннің 15 жасында жауапсыз махаббаттан туғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Өзін ән авторы деп атаған Біржан Асқаров авторлық құқықты былтыр ғана алған. Ол студент кезімде шығарған туындымды Талғат Жорабаев көше әніне айналдырды деп әншіге өкпелі.
“Бұл әнді жазғаныма 36 жылға кетіп бара жатыр. Қазіргі Түркістан облысы, Отырар ауданында училищеде бірінші курсқа барған кезімде жазғанмын. Хабиби Жиенов деген жігіт екеуіміз бір ән жазайық деп. Бұл әннің алдында да бір ән жазғам. Бұл ән Гүлжазира деген қызға арналған ән еді. Өзіммен курстас, бухгалтерлік бөлімде оқыған қыз. Ал Хабиби дейтін жігіт те бір қызға ғашық болды, әннің екінші куплетін сол жазған. "Сағыныш сазы" болып, халықтың аузында солай аталып кетті. Содан құлақтан-құлаққа, ауыздан-ауызға тарап, бұл ән осылай кетті. Бала кездегі ғашығым. 15 жасымда жазылған ән. Бұл әнді ешқандай әншіге ұсынған жоқпыз. Мен өзім сол ауылда, жүрген жерімде айтып жүрдім”, – дейді Біржан Асқаров.
Айтуынша, ол Талғат Жорабевқа бірнеше рет хабарласып, сөйлесіп, басқа да әндерін ұсынған. Алайда әнші сазгердің бұл ұсынысынан бас тартқан.
“2010 жылдары бір танысымнан телефон нөмірін тауып алып, сөйлесіп, өзім туралы айтып, танысып, басқа да әндерімді ұсынайын деп хабарласқам. Біржан Асқаровпын, сенің орындаған "Сағыныш сазы" әніңнің авторы болам, жолығып, кездесіп, сөйлессек деп айтқан едім. "Уақытым жоқ" деді. Сол маған ауыр тиді, көңіліме келді. Былай айтқанда, құрметсіздік көрсетті”, – дейді сазгер.
Ал әнші Талғат Жорабаевтың бұл жағдайға қатысты өз шындығы бар. Оның сөзінше, композитор үнемі түнде ащы суға тойып алып хабарласады екен. Ол аздай, түрлі бейәдеп сөз айтады дейді. Сондықтан туындының авторы Біржан Асқаров екеніне күмәнмен қарайды. Расында солай болса, мұнысын дәлелдесін деп отыр.
“Бұл әннің авторын білмеймін. Кезінде ауыздан-ауызға, халық әні боп, баяғы халық әндері сияқты таралып жүрді ғой. Оны естіп алған енем: "Бұл әнді мен де айтатын едім ғой, кезінде, қалай ол авторы, қазір пайда бола қалады?" дейді. Бір жағынан күмәнданам, нақты дәлелдесін осы ән екенін. Дәлелдеп болғаннан кейін мен өзімнің айтатынымды айтамын. Баяғыда Сәбит продюсеріміз болды ғой, кезінде, жездем болды. Сәбит Бағлан Омаров ағамыз арқылы 300 доллар беріп жіберген екен. 300 доллар алған екенсіз, кезінде, Бағлан ағадан десем, "менің есімде жоқ" дейді”, – деп болған жағдайды баяндады орындаушы.
Бала күнімнен ән жазумен айналыстым деген Біржан Асқаровтың Қазақстан авторлар қоғамына да өкпесі бар. "Ұйым туындыларым үшін көк тиын төлемеді" дейді сазгер.
Талғарда әкесінің моласынан келе жатқан жігітті жабылып өлтірген: Сотта айыпталушы жауап берді