Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Балалар үйінен үздік бестікке дейін: Қазақы оюды шашқа түсірген шебер қалай әлемді мойындатты

Ксения Володина
Фото: Ксения Володинаның жеке архивінен

Атыраулық сәнгер Ксения Володина әлемдегі үздік бес шаш шеберінің қатарына енді. Ол Халықаралық ONE SHOT Hair Awards байқауында “Томирис” образын қазақтың ұлттық ою-өрнегімен ұштастырып, ерекше туындысын ұсынған. Бүгінде шаш өрудің оннан аса техникасын меңгерген шебердің еңбегі әлемдік деңгейде мойындалып отыр. Ксения Володина Stan.kz тілшісіне сұхбат беріп, кәсіпке келу жолы, балалар үйіндегі жылдары, халықаралық байқаулардағы жеңістері мен шығармашылық ізденісі туралы шер тарқатты.

Шаш өруге деген қызығушылық бала күнінен басталған

36 жастағы Ксения Володина Атырау облысының Құлсары қаласында дүниеге келген.

Кейіпкеріміздің шашқа деген әуестігі бала күнінен басталыпты. Алғашында қуыршақтарының шашын қиып, түрлі үлгі жасап көрсе, кейін өз шашына да “тәжірибе” жасай бастаған.

“Бала кезімнен шашпен бірдеңе жасағанды жақсы көретінмін. Алдымен қуыршақтардың шашын қиятынмын. Кейін өзімнің кекілімді қидым, тіпті шашым кедергі келтіргенде самайымды да қиып тастаған кезім болды. Шаштараз мамандығына келуіме осы бала күнгі қызығушылығым себеп болған шығар”, – деп еске алды Ксения.

Алайда оның шаш өру өнерімен шындап айналысуына өміріндегі қиын кезеңдердің бірі себеп болды. Ксения 12 жасында балалар үйіне түскен. Дәл сол жерде ол алғаш рет өзге қыздардың шашын жиі өріп, қолын жаттықтыра бастаған.

“Балалар үйінде бала өте көп еді. Қыздар бір-бірінің шашын өріп жүретін. Маған да қызық болып, байқап көрдім. Содан біртіндеп осы іске еніп кеттім. Алғашқы жұмысымды нақты есіме түсіре алмаймын, бірақ шамамен 13 жасымнан бастап шаш өргенім анық. Құрбыларымды, кейін олардың балаларын тегін өріп беретінмін”, – дейді шебер.

Ксения Володинаның жұмыстары
Фото: Ксения Володинаның жеке архивінен

“Қызымның туған күніне торт алуға 5 мың теңгем де болмады”

Ксения ұзақ уақыт бойы шаш өруді кәсіп деп қабылдамаған. Таныстарының, құрбыларының, олардың балаларының шашын тегін өріп беріп жүрген. Алайда екінші баласы дүниеге келгеннен кейін өмірінде көп нәрсе өзгерген.

Баласына тұрақты күтім қажет болғандықтан, бұрынғыдай біреуге жалданып жұмыс істеу қиынға соққан. Сол кезде Ксения өз күнін өзі жоспарлай алатын кәсіп іздей бастайды.

Оның есінде әсіресе бір күн анық қалыпты.

“Үлкен қызымның туған күні жақындап келе жатты. Ал менде оған 5 мың теңгеге торт алып беретін де ақша болмады. Сол кезде біреуге жұмыс істей алмайтынымды, өзіме жұмыс істеуім керегін түсіндім”, – дейді ол.

Ксения сол кезде әлеуметтік желі мен таргет жарнаманың қыр-сырын аздап меңгеріп жүрген. Қолындағы бар мүмкіндігін пайдаланып, Instagram арқылы шаш өру қызметін ұсынуға бел буады.

“Минималды баға қойып, жарнама жібердім. Алғашқы клиенттер сол жерден келді. Ол кезде өзімді кәсіби шебермін деп айта алмайтынмын. Бірақ адамдарға жұмысым ұнады. Кейін олар таныстарына айтып, клиенттер біртіндеп көбейе бастады”, – деп еске алды Ксения.

Ксения колледжде шаштараз ісін оқыған. Алайда брейдинг, яғни күрделі шаш өру өнерін ол бастапқыда өз бетімен меңгерген. Біраз уақыт үйінде жұмыс істеп, тәжірибе жинағаннан кейін ғана кәсіби білімін тереңдетуге кіріседі.

Ксения Володинаның жұмыстары
Фото: Ксения Володинаның жеке архивінен

Алғашқы жеңіліс оны тоқтата алмады

Клиенттер көбейген сайын Ксения шаш өрудің мүмкіндігі күнделікті қызметтен әлдеқайда кең екенін түсіне бастаған. Ол шаштараздар арасындағы түрлі жарыстарды бақылап жүрді, бірақ көп байқауда брейдингке жеке бағыт берілмейтін.

Кейін ТМД елдерінің шеберлері қатысатын халықаралық брейдинг байқауы туралы естіп, алғаш рет өз жұмысын додаға ұсынуға шешім қабылдайды.

Ол кезде Ксения әлі кәсіби оқуын аяқтамаған, өздігінен үйреніп жүрген шебер еді. Дегенмен байқауға жай ғана шаш үлгісін емес, толыққанды образ ұсынғысы келген.

“Жұмысты әдемі көрсеткім келді. Бірақ фотографқа, визажистке ақша болмады. Атыраудағы фотограф Александр Широковқа жазып, жағдайымды ашық айттым. Шығармашылық жоба ретінде бірге жұмыс істеуді ұсындым. Ол келісті. Кейін визажист те таптық”, – дейді ол.

Ксенияның алғашқы конкурс жұмысы жүлдеге ілікпеген. Бірақ дәл осы жеңіліс оның шығармашылыққа деген қызығушылығын күшейткен көрінеді.

“Бізге өз жұмысымыз ең әдемі болып көрінді. Бірақ ешқандай орын алмадық. Соған қарамастан процестің өзі қатты ұнады. Күнделікті клиент сұрамайтын ерекше дүниені шаштан жасауға болатынын көрдім. Сол сәттен бастап чемпионаттарға қатты қызығып кеттім”, – дейді шебер.

Ксения Володинаның жұмыстары
Фото: Ксения Володинаның жеке архивінен

“Томирис” образы оған үлкен жеңіс әкелді

Алғашқы сәтсіздіктен кейін Ксения кәсіби білімін жетілдіріп, шеберлігін шыңдай түскен. 2024 жылы сол халықаралық брейдинг байқауына қайта қатысып, бұл жолы бірінші орын иеленеді. Ал жеңімпаздарды марапаттау Мәскеуде өткен.

“Мәскеуге баруыма жазылушыларым көмектесті. Жолға ақша жинап берді. Ол жаққа алғаш рет бардым, қатты қорықтым. Бірақ жақсы адамдар кездесіп, күтіп алып, көмектесті”, – дейді ол.

Бір жылдан кейін Ксения сол байқауға бірден үш жұмыс ұсынған. Байқаудың негізгі тақырыбы – Power Girl, яғни “Күшті әйел” болған. Қазақстан атынан қатысқан шебер осы идеяны ұлттық болмыспен ұштастырып, “Томирис” патшайымның образын таңдаған.

“Қазақстаннан қатысып отырған соң, өз мәдениетімізге жақын дүниені көрсеткім келді. Сондықтан “Томирис” образын жасадым. Бұдан бөлек Леди Гагаға арналған жұмыс пен өз өміріме негізделген тағы бір образ ұсындым. Үш жұмысым да үздік бестікке кірді, екеуі бірінші орын алды”, – дейді Ксения.

Оның сөзінше, бір рет жеңгеннен кейін келесі байқауға қатысу тіпті қиын болған. Себебі бұл жолы тек жақсы жұмыс көрсету емес, бұрынғы нәтижесін қайта дәлелдеу қажет еді.

Ксения Володинаның жұмыстары
Фото: Ксения Володинаның жеке архивінен

Ксенияның ұлттық нақыштағы жұмыстарының ерекшелігі – қазақтың ою-өрнегін шашпен бейнелеуінде. Ол бұл техниканы меңгеру үшін кәдімгі балаларға арналған бояу кітаптарын да пайдаланған.

“Мен әдемі суреттерді, өрнектерді жақсы көремін, бірақ өзім сурет сала алмаймын. Сондықтан бояу кітаптарындағы оюларды қарындашпен қайта-қайта жүргізіп, құрылымын түсінуге тырыстым. Қазақтың оюлары өте күрделі. Оның бәрін шашқа көшіру мүмкін емес. Сол себепті жасауға келетін өрнектерді таңдадым”, – дейді шебер.

Бір образға 16 сағат жұмсайды

Ксения үшін ең үлкен сынақтардың бірі 2025 жылы Сочиде өткен әлем чемпионаты болған. Бұған дейінгі байқаулардың көбі онлайн өтсе, бұл жолы жұмыстар қазылар алқасының көз алдында жасалған.

Чемпионат тақырыбы – құстар. Ксения номинациялардың бірінде шаштан Феникс құсын бейнелесе, еркін тақырыптағы жұмысында қазақтың ұлттық ою-өрнектерін қолданған.

“Қазақстаннан брейдинг бағыты бойынша жалғыз қатыстым. Сондықтан ұлттық дүниемізді көрсеткім келді. Қазақы оюлармен жасаған жұмысым сегізінші орын алды. Қатысушылар көп болғанын ескерсек, бұл мен үшін жақсы нәтиже”, – дейді ол.

Жалпы ұпай қорытындысында Ксения абсолютті қола чемпион атанып, арнайы кубок иеленген.

“Жекелеген номинациялардан медаль алмадым. Бірақ жалпы есепте қола чемпионның кубогын алдым. Бұл марапатымды әлі күнге дейін мақтан тұтамын”, – дейді шебер.

Оның айтуынша, конкурсқа арналған образ ең алдымен идеядан басталады. Киім мен жалпы композицияны ойластырғаннан кейін ғана шаш үлгісіне кіріседі. Күрделі жұмыстарға 15-16 сағатқа дейін уақыт кетеді.

Ксения Володинаның жұмыстары
Фото: Ксения Володинаның жеке архивінен

Сочиде дайындық тіпті қиын болған. Жұмысты алдын ала жасауға рұқсат берілмегендіктен, модельдерді жарыс қарсаңындағы түні өрген.

“Эскиздерді Атырауда алдын ала бірнеше рет жасап көрдім. Бірақ жарыстың өзінде кей нәрсені өзгертуге тура келді. Мұнда төрешілер жұмысты жан-жағынан қарайды. Сондықтан бір жерінен қате кетсе, тарқатып, қайта өресің”, – дейді Ксения.

“Жеңістер ақша әкелмейді”

Халықаралық байқаулар Ксенияға танымалдық әкелгенімен, әр сапар қомақты шығынды талап етеді.

“Барлық чемпионатқа өз қаражатыммен қатысамын. Қаржылай мүмкіндік болса, бұдан да көп дүние жасауға болар еді”, – дейді ол.

Шетелге немесе басқа қалаға барғанда жол, қонақүй, материалдар мен модель ақысы қосылады. Кей сапарларына оқырмандары мен тұрақты клиенттері көмектескен.

“Кімнің шамасы келеді, сонша аударады. Жазылушыларым мен клиенттерімнің қолдауы көп көмектеседі”, – дейді Ксения.

Соған қарамастан Ксения чемпионаттардан бас тартқысы келмейді. Оның сөзінше, мұндай жарыстар кәсіби өсуге, жаңа идея табуға және өзін сынауға мүмкіндік береді.

Әлемдік жетістіктен кейін өзге қалалардан хабарласа бастаған

Кейін Ксенияның “Томирис” образындағы жұмысы ONE SHOT Hair Awards халықаралық байқауында да үздік бестікке енді. Осы жетістіктен кейін оның жұмыстары әлеуметтік желіде кең тарап, шеберге Мәскеу, Алматы, Астана, тіпті Түркиядан да хабарласа бастаған.

“Бірі шашын өргісі келді, бірі оқуға қызықты. Бірақ Атыраудан бірде-бір жаңа клиент келген жоқ. Бұл жақта брейдингке сұраныс аса жоғары емес”, – дейді ол.

Ксенияның айтуынша, бұл кәсіп маусымға да тәуелді. Клиенттер көбіне жазда, демалысқа шығар алдында келеді. Сондықтан халықаралық байқаулар оған кәсіби деңгейін сақтап, шығармашылықтан қол үзбеуге мүмкіндік береді.

“Егер тек клиент күтіп отырсам, бәлкім, бұл істі баяғыда тастап кетер едім. Шығармашылық маған жаңа күш береді”, – дейді шебер.

Келесі мақсат – сән көрсетілімдері

Ксения енді өз өнерін сән индустриясымен ұштастырғысы келеді. Оның арманы – дизайнерлермен жұмыс істеп, сән көрсетілімдеріне арналған ерекше шаш образдарын жасау.

“Әзірге мұндай ұсыныс түскен жоқ. Бірақ алда болады деп сенемін. Маған ең бастысы – тақырып берілсе болды. Сол тақырыпқа қарай концепцияны тез ойластыра аламын. Тәжірибем де, идеяларым да жеткілікті”, – дейді ол.

Ксения болашақта ұлттық нақыштағы образдарды да дамытып, брейдинг арқылы қазақ мәдениетін жаңа қырынан көрсеткісі келеді.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 08 Қазан, 2026 13:40