Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір жыл өтті, көлік жоқ": Қазақстандық әке Аша Матай мен Камила Саянова жарнамалаған ұтысқа қатысты шағымданды

Камила Саян мен өзге блогерлер
Фото: Instagram.com/mila_sayanovna

Желіде Дамир Төлеуов есімді азамат танымал тележүргізуші Аша Матай мен блогер Камила Саянова жарнамалаған ұтыс ойынына қатысты шағымын жариялады. Ер адамның айтуынша, қызы бір жыл бұрын автокөлік ұтып алғанымен, жүлдесін әлі күнге дейін ала алмай жүр. Осыған байланысты ол ұтыс ойынына қатысы бар танымал тұлғалардан түсініктеме талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ер адам әлеуметтік желідегі парақшасында бейнежазба жариялап, Аша Матай, Алмас Бекіш және Камила Саянованы белгіледі. Оның сөзінше, қызының жеңімпаз атанғаны көпшілік алдында жарияланып, оған автокөлік ұтып алғаны хабарланған. Алайда содан бері бір жыл өтсе де, отбасы уәде етілген жүлдесін алмаған.

“Осы видеоны қарап шығыңыздаршы. Мұнда өздеріңіз менің қызымды жеңімпаз деп жариялап, автокөлік ұтып алғанын хабарлағансыздар. Арада бір жыл өтті, бірақ көлік әлі күнге дейін берілген жоқ. Неге? Не болды? Қызым өз көлігін қашан алады?”, – деп жазды ол.

Ол бұл мәселені көпшілік алдына жанжал шығару үшін емес, нақты жауап алу мақсатында көтеріп отырғанын жеткізді.

“Мен мұны дау шығару үшін жариялап отырған жоқпын. Тек қарапайым әрі шынайы жауап алғым келеді. Менің оқырманым көп емес. Сондықтан осы видеоны көргендерден пікір жазып, бөлісулеріңізді сұраймын. Бұл сұрақ Аша Матай, Алмас Бекіш пен Камила Саяноваға жетсе екен”, – деді Дамир Түлеуов.

Камила Саянова не дейді?

Жағдайға қатысты блогер Камила Саянова да пікір білдірді. Ол ұтыс ойынына қатысуға бастапқыда келіспегенін, алайда ұйымдастырушы Алмас Бекіштің бірнеше мәрте өтініш жасағанынан кейін ұсынысты қабылдағанын айтты.

Блогердің сөзінше, бір жыл бұрын Алмас Бекіш сусабын өнімдерін сатумен айналысатынын және сатып алушыларды ынталандыру мақсатында ұтыс ойынын ұйымдастыратынын жеткізген. Камила Саянова жүлделердің міндетті түрде табысталатынына кепілдік берілгеннен кейін ғана тікелей эфирлерге қатысуға келіскенін мәлімдеді.

“Алмас Бекіштің “Қандай жағдай болмасын, сыйлықтар 100% беріледі” деген жігіттік сөзін алғаннан кейін ғана эфирлеріне қатыстым. Алғашында ұсыныстан бас тартқан едім. Кейін күйеуім арқылы хабарласып, өтініш айтқан соң келістім. Сөйтіп, автокөлікті кішкентай бала ұтып алған екен. Содан бері бір жыл өтті. Осы уақыт ішінде көлікке қатысты маған жеңімпаз да, Алмас мырза да хабарласқан жоқ”, – деді блогер.

Камила Саянова Дамир Төлеуовтен осы уақытқа дейін неге шағымданбағанын сұрағанын да жеткізді. Айтуынша, жеңімпаздың әкесі ұйымдастырушының қаржылық қиындықтарға тап болғанын айтып, уақыт сұрағанын түсіндірген.

“Мен Дамир Түлеуовтен бір жыл бойы неге үнсіз жүргенін сұрадым. Ол Алмас мырзаның серіктестері оны тастап кеткенін, қиындықтар туындағанын айтып, күте тұруын өтінгенін жеткізді. Ал Алмас мырза: “Мен қашпаймын, ол көлікті міндетті түрде беремін. Тек қарыздарымды жабу үшін уақыт керек” деп отыр”, – деді Камила Саянова.

Сонымен қатар блогер ұтыс ойынына қатысы бар адамдардың барлығы жауапкершілікті бөлісуі керек деп есептейді. Ол бұл мәселеден шет қалмайтынын және жүлденің иесіне табысталуы үшін қолдан келген көмегін көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.

“Жауапкершілік бәрімізге ортақ. Қазір Алмас Бекіш көлікті беруге уәде етіп отыр. Дегенмен бұл жұмысты бастаған адамдардың бәрі іске атсалысуы керек. “Жарты жолдан кетіп қалдым” деген әңгіме жарамайды. Мен де үндемей отырмаймын. Істі аяғына дейін жеткізу үшін қолымнан келген көмектің бәрін жасаймын. Ұтыс жеңімпаздарын түсінемін. Осындай жағдайдың туындағаны өкінішті”, – деді блогер.

Еске салайық, бұған дейін Aeka Posh лақап атымен танылған блогер Айым Алтынбекова да ұтыс ойынына байланысты дауға қалған еді. Блогер боянуға арналған қылқалам жиынтығын сатып, сатып алушылар арасында автокөлік, ақшалай сыйлықтар мен пәтер ойнатты. Алайда қазақстандық қыздардың бірі қылқалам қорабынан пәтер ұтып алғанын растайтын сертификат тапқанымен, ұйымдастырушылар оны жарамсыз деп таныған. Кейін блогер жеңімпазбен кездесіп, түсініспеушілік үшін кешірім сұрады. Нәтижесінде тараптар келісімге келіп, қызға пәтердің орнына жаңа автокөлік берілді.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 08 Қазан, 2026 16:40