"Ең үздік түсірілім тобымның бірі": Джеки Чан Қазақстандағы төрт айға жуық түсірілім қалай өткенін баяндады
Әлемге әйгілі актер Джеки Чан Қазақстандағы төрт айға жуық уақытқа созылған түсірілім жұмыстарын аяқтап, елден ерекше әсермен аттанды. Ол қазақстандықтардың қонақжайлығына тәнті болып, сыйлықтарының көптігі сонша, үйінен арнайы бөлме бөлетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Джеки Чан басты рөлді сомдаған “Құдайдың сауыты: Ультиматум” халықаралық фильмінің Қазақстандағы түсірілімі аяқталды. Астанада өткен баспасөз мәслихатында актер отандық мамандардың кәсібилігіне жоғары баға беріп, елімізде жұмыс істеу өзіне ерекше әсер қалдырғанын жеткізді.

Оның сөзінше, шетелде кино түсіру кезінде ұйымдастыру жұмыстарына байланысты түрлі қиындықтар кездесіп жатады. Алайда Қазақстанда түсірілім алаңындағы жұмыс бірқалыпты өткен.
“Бұл – мен осы уақытқа дейін бірге жұмыс істеген ең үздік түсірілім топтарының бірі. Әдетте Қытай мен Гонконгтан тыс жерде фильм түсіргенде, билік қанша қолдау көрсетсе де, түрлі қиындықтар туындайды. Ал Қазақстанда іс жүзінде ешқандай кикілжің болған жоқ. Тек өзім екі рет жарақат алып, сүйегімді сындырып алдым. Қазақстан Үкіметіне, полиция қызметкерлеріне, қауіпсіздік мамандарына және бүкіл түсірілім тобына алғыс айтамын”, – деді актер.
Джеки Чан Қазақстан халқының қонақжайлығына да ерекше тоқталды. Әлемнің көптеген елінде болған актер мұншалықты көп сыйлықты бұрын-соңды алмағанын айтты.
“Ешбір елде маған осыншалықты көп сыйлық берген емес. Қазақстанда киім-кешек, баскиім, пышақ және тағы қаншама сыйлық алдым. Өте қуаныштымын. Үйге оралған соң Қазақстаннан алған сыйлықтарым үшін арнайы шағын бөлме бөлемін. Барлық қазақстандыққа рақмет!” – деді Джеки Чан.
Актердің бұл сөздері жазылған бейнежазбаны Қаскелеңдегі Dala Stage кинопавильонының бас директоры Мақсат Кикимов әлеуметтік желіде жариялады.
Оның айтуынша, Джеки Чан Salem Entertainment командасымен 15 маусымнан 7 қазанға дейін, яғни төрт айға жуық уақыт бірге жұмыс істеген.
“Бұл Қазақстанда өткізген керемет әрі ұмытылмас күндер болды! Барлығы үшін рақмет, Джеки!” – деп жазды Мақсат Кикимов.
Айта кетейік, “Құдайдың сауыты: Ультиматум” – Salem Entertainment компаниясының халықаралық киножобасы. Фильмнің Қазақстандағы түсірілімдері Алматы қаласында, Алматы және Маңғыстау облыстарында өтті. Жоба Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қытайдың China Film Group Corporation кинокомпаниясының қолдауымен жүзеге асырылды.
Туындының халықаралық премьерасы 2027 жылға жоспарланған.