Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда биыл тағы бірнеше ақылы жолда орташа жылдамдықты бақылау жүйесі енгізіледі

Авто жол
Фото: shutterstock.com

Қазақстанда биыл тағы бірнеше ақылы жолда орташа жылдамдықты бақылау жүйесі енгізіледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Көлік министрлігі автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Баяхметтің айтуынша, жалпы алғанда ақылы автожолдардың 4,9 мың шақырымында орташа қозғалыс жылдамдығын бақылау жүйесін енгізу жоспарланған.

"Биыл негізгі учаскелер – Қарағандыдан Алматыға дейінгі, Өскемен – Талдықорған бағыттары. Сондай-ақ Қорғастан Алматыға дейінгі учаскелерде де бұл жүйені енгізу жалғасады", – деді Мақсат Баяхмет үкіметтегі брифингте.

Оның айтуынша, орташа жылдамдықты бақылау жүйесі енгізілгеннен кейін биыл республикалық маңызы бар автожолдарындағы жол-көлік оқиғаларының саны 15%-ға азайған.

Комитет төрағасының орынбасары ішкі істер министрлігі және бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетімен бірлесіп, орташа жылдамдықты бұзу деректерін жалпы ұзындығы 560 шақырым болатын 3 ақылы учаскеде беру мәселесі пысықталып жатқанын атап өтті: 

  • Көкшетау–Петропавл –169 шақырым;
  • Алматы–Қорғас – 295 шақырым;
  • Ақтөбе–Қандыағаш – 96 шақырым.

Аппараттық-бағдарламалық кешендерге метрологиялық тексеру сертификаттарын алғаннан кейін орташа жылдамдықты бақылау жүйесін жалпы ұзындығы 2,2 мың шақырым болатын 13 ақылы жол учаскесінде енгізу жоспарланып отыр:

  • Шымкент – Өзбекстан шекарасы – 84 шақырым;
  • Тараз – Қайнар – 238 шақырым;
  • Қонаев – Талдықорған – 186 шақырым;
  • Орал – Ресей Федерациясы шекарасы (Самара) – 56 шақырым;
  • Қызылорда – Арал – 455 шақырым;
  • Ақтөбе – Ресей шекарасы (Орынбор) – 83 шақырым;
  • Қостанай – Ресей шекарасы (Троицк) – 153 шақырым;
  • Қостанай – Денисовка – 151 шақырым;
  • Тараз қаласын айналып өту жолы – 57 шақырым;
  • Балқаш – Бурылбайтал – 91 шақырым;
  • Шу – Бурылбайтал – 176 шақырым;
  • Қандыағаш – Мақат – 381 шақырым;
  • Үшарал – Достық – 123 шақырым.

Көлік министрлігі кезең-кезеңімен орташа жылдамдықты бақылау жүйесін кеңейту жүргізушілердің тәртібін арттырып, жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға және елдің негізгі көлік дәліздерінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деген пікірде.

Орташа жылдамдықты арттырғаны үшін жауапкершіліктің жаңа жеке түрі енгізілмейді. 2026 жылғы айлық есептік көрсеткіш (4 325 теңге) бойынша айыппұл мөлшері төмендегідей:

  • сағатына 10–20 шақырымға дейінгі жылдамдықты асыру – 5 АЕК (21 625 теңге);
  • 20–40 шақырымға дейін – 10 АЕК (43 250 теңге);
  • 40 шақырым және одан жоғары – 20 АЕК (86 500 теңге);
  • бір жыл ішінде қайталанған бұзушылық үшін – 30 АЕК (129 750 теңге);
  • 60 шақырым және одан жоғары асыру – 40 АЕК (173 000 теңге).

Қазір орташа жылдамдықты бақылау жүйесі 8 ақылы жол учаскесінде қолданылады:

  • Астана – Щучинск (140 км/сағ);
  • Астана – Павлодар (140 км/сағ);
  • Шымкент – Қызылорда (110 км/сағ);
  • Шымкент – Тараз (110 км/сағ);
  • Павлодар – Семей – Қалбатау (100–110 км/сағ);
  • Орал – Ресей шекарасы (Саратов) (100 км/сағ);
  • Павлодар – Ресей шекарасы (Омск) (100 км/сағ);
  • Жібек Жолы – Теміртау (140 км/сағ).

Еске салсақ, бұған дейін "ҚазАвтоЖол" басшысы ақылы жолдардан түсетін миллиардтаған қаржының қайда жұмсалатынын айтып берген еді.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 16 Маусым, 2026 18:36