Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жазықсыз адамдарды өлтірмедім": Сәрсемәлиев сотта қылмысқа баруына не түрткі болғанын айтып берді

Сәрсемәлиев сотта жауап берді
Фото: Сот кадрларынан скрин/Ақжайық

Атырау облысында бір отбасының төрт адамын өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиев сотта алғаш рет егжей-тегжейлі жауап берді. Ол қылмысқа бұрынғы әйелінің отбасымен арадағы көпжылдық жанжал, жиналған өкпе мен өшпенділік себеп болғанын айтып, қайын атасы мен қайын енесін өлтіру үшін әдейі барғанын мойындады. Сондай-ақ айыпталушы қылмыстан кейін Қазақстаннан кетіп, Индонезияда жасырынғанын және ұсталған кезде қарсылық көрсетпегенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Ақжайық” порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

16 маусымда Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында Жаңгелдин ауылындағы отбасының бұрынғы күйеу баласы, төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевтің ісі бойынша сот отырысы жалғасты.

Жауап алу басталғанда айыпталушы жәбірленуші тарап пен прокурордың сұрақтарына жауап бермейтінін айтты. Алайда судья мен өз адвокатының сұрақтарына жауап беруге келісті.

Сәрсемәлиевтің айтуынша, отбасындағы мәселелер оның бұрынғы қайын енесі Нәсіп Өтешқалиеваның араласуынан кейін басталған. Оның сөзінше, қайын енесі өзін ұнатпаған және бірнеше жыл бойы қысым көрсеткен. Ол Ақбаянмен 2016 жылдан 2021 жылға дейін бірге тұрғанын, ал 2022 жылы төрт баласының болғанына қарамастан ажырасуға мәжбүр болғандарын айтты. Ажырасқаннан кейін де олар араласып тұрған. Сонымен қатар ол бұрынғы әйелінің туыстары балалардың жәрдемақысын алу үшін өз мүдделерін көздеді деп мәлімдеді.  

“Әйелімің туыстары балалардың жәрдемақысына қызықты”

Сәрсемәлиев 2024 жылғы оқиғаларды да еске алды. Оның айтуынша, бесінші баласына жүкті болған Ақбаян өкпе қабынуымен ауруханаға түскен. Дәрігерлер оған күйеуі ретінде хабарласып, ана мен баланың өмірін сақтау үшін күшті дәрілер қолдану қажеттігін айтқан. Алайда айыпталушының сөзінше, Ақбаянмен кездесуге оның әкесі Мақсат Қарабалин мен ағасы Наурыз Мұқанғалиев мүмкіндік бермеген.

Сәрсемәлиев дәл сол кезде бойында ашу мен өшпенділік жинала бастағанын айтты. Наурыз Мұқанғалиевтің өлімі туралы айтқанда айыпталушы тағы да өзін-өзі қорғау нұсқасын ұстанды. Оның айтуынша, өткен жылдың мамыр айында Наурыз Мұқанғалиев жұмыс іздеп емес, қарындасын алып кету үшін келген. Әңгіме барысында Сәрсемәлиев отбасын сақтап қалғысы келетінін айтып, өз ұстанымын түсіндіруге тырысқан. Алайда "бойдақ адам менің жағдайымды түсіне алмайды" деген сөзінен кейін екеуінің арасында жанжал туындап, ол төбелеске ұласқан.

Айыпталушының сөзінше, төбелес кезінде Наурыз оның мойнынан қысып, тұншықтыра бастаған. Сол кезде ол пышақ қолданған.

“Ол мені тұншықтырған кезде миым жұмыс істемей қалды. Мен тек қалай қорғанып, өлмей қалуды ойладым. Себебі дем ала алмай жаттым”, – деді Сәрсемәлиев.

Судьяның "өлтіруді ойламаған болсаңыз, неге пышақ алдыңыз?" деген сұрағына ол қорыққанын және өмірін сақтап қалуға тырысқанын қайталап айтты. Сонымен қатар Сәрсемәлиев оқиғадан кейін марқұм Наурыз Мұқанғалиевтің атына несие рәсімдегенін және WhatsApp арқылы оның ата-анасына сол болып хабарлама жібергенін мойындады.

“Шайтан азғырған шығар”: Ата-енемді өлтіруге өз ниетімен барған

Ал бұрынғы қайын атасы мен қайын енесінің өлімі туралы айыпталушы әлдеқайда нақты пікір білдірді. Ол олардың үйіне өлтіру ниетімен барғанын ашық мойындады.

“Мүмкін шайтан азғырған шығар. Бұл шарасыздықтан болды. Осыдан кейін түрмеге түсетінімді және ұсталғанымды білдім. Балаларымнан айырылғанша өзім кеткенім дұрыс деп ойладым. Балаларды алып кете де алмадым. Үлкені де, кішісі де әжесіне қатты бауыр басып қалған еді”, – деді ол.

Сәрсемәлиев сотта Ақбаянның туыстары оның балаларына жаман қарады. Ал қайын енесі Нәсіп Өтешқалиева Ақбаянның құрсағындағы (туылмаған) бесінші баланың өмірге келуін қаламады деп айтты. Ал өзі керісінше, сол жүктілікті сақтап қалуға тырысқан екен.

“Сол кезде ішімде жиналған барлық өшпенділік сыртқа шықты. Бастапқыда қару-жарақсыз келіп, кейін пышақ таптым. Үйдің ішінде жүзеге асыра алмайтынымды түсініп, біраз уақыт қайын атаны бақылап жүріп сарайға кіргенін күттім. Сол кезде шешім қабылдадым”, – деп қосты ол.

Ол бастапқыда отбасының барлық мүшесін өлтіруді ойлағанын да жеткізді. Айтуынша, Ақбаянға жақындағанда күмән туған. Бірақ кейін бәрібір жоспарын жүзеге асырған.

Мейрамгүл Қарабалинаның өлімі туралы айта келе, Сәрсемәлиев оны өлтіруді жоспарламағанын айтты. Қайын атасы мен қайын енесі қайтыс болғаннан кейін ол Ақбаян мен Мейрамгүлді Мұнайшы шағынауданындағы үйге алып барған. Оның сөзінше, жолда олар тамаққа тапсырыс берген. Үйге келген соң Мейрамгүл басқа балалардың қайда екенін және Ақбаянның неге үнемі ұйықтап жатқанын сұрай бастаған.

Айыпталушы бұл сөздерді қайын енесінің сөздерін қайталау ретінде қабылдағанын айтты. Сондай-ақ оның пікірінше, қыздың психикалық дамуында кідіріс болған және ол туыстарынан естігендерін жиі қайталайтын болған. Сәрсемәлиев дәл сол сәтте бұрынғы өкпе-реніштері қайта оралып, өзін тоқтата алмағанын айтты.

“Мен оны өлтіруді ойлаған жоқпын. Егер өлтіргім келсе, Мейрамгүлді Ақбаянмен бірге Жаңгелдиннен алып келмес едім. Сараптамада көрсетілген 32 пышақ жарақаты туралы қорытындымен келіспеймін, бірақ бұл мені ақтамайды”, – деді ол.

Жауап алудың соңында айыпталушы кісі өлтіруден кейінгі әрекеттерін, соның ішінде мәйіттерді жасыру мен аула және сарай аумағында жерлеу орнын дайындауды өзі жоспарлағанын мойындады.

“Мен өмірімнің аяқталғанын түсінемін”, – деді Сәрсемәлиев сотта.

Индонезияға 500 мың теңгемен жеткен

Сондай-ақ ол қылмыстан кейін Қазақстаннан кетіп, шетелде өлуге дайын болғанын жеткізді. Айтуынша, жүрген жері анықталып, кейін Интерпол іздеуге қосылған соң ұсталған кезде қарсылық көрсетпеген.

Соттың "Неліктен дәл Индонезияны таңдадыңыз?" деген сұрағына Сәрсемәлиев бұл елдің өмір сүруге арзан көрінгенін айтты. Оның сөзінше, Ақбаянды жалғыз қалдыра алмағандықтан өзімен бірге алып кеткен.

Судья сондай-ақ бұған дейін тараған, оның Индонезияда мешіт маңында қайыр сұрағаны туралы ақпаратқа қатысты сұрақ қойды. Сәрсемәлиев мұны жоққа шығарды. Алайда ақшасы таусылған кезде мешіт жанынан бір қазақ азаматымен кездесіп, одан 20 мың теңге көлемінде көмек сұрағанын мойындады. Айыпталушының сөзінше, Индонезияға ұшақ билеттеріне шамамен 300 мың теңге жұмсалған. Елге кірген кезде оның қолында тағы 200 мың теңгедей қаражат болған.

Ақбаян туралы айта келе, Сәрсемәлиев оның жадына байланысты күрделі мәселелер болғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, әйел "шындықтан алыстап", ата-анасы мен балалары туралы мүлде сұрамаған. Одан кейін сот қылмыстың мән-жайына қайта оралды.

“Неліктен қаза тапқандарға сонша көп пышақ жарақаты салынды?” – деп сұрады судья.

“Олар жерге құлағанша соққы жасай бердім”, – деп жауап берді Сәрсемәлиев.

Ол сол сәтте үйде үш жасар қызы, Ақбаян және Мейрамгүл Қарабалина болғанын айтты. Айыпталушының сөзінше, Нәсіп Өтешқалиева жарақат алғаннан кейін ешқандай дыбыс шығармаған.

Қайын атасы мен қайын енесін өлтіргеннен кейін ол ыдыстарды жуып, қабырғадағы қан іздерін сүрткенін айтты. Сондай-ақ су мен газ есептегіштерінің көрсеткіштерін өзі суретке түсіргенін растады.

“Қылмысты ақылға салған жоқпын, жүрекпен жасадым”

Қайын енесінің алтын бұйымдары сақталған жерді оған Мейрамгүл Қарабалина көрсеткенін алға тартты. Сонымен қатар айыпталушы тергеу барысында табылған балтаның қылмысқа қатысы жоқ екенін де мәлімдеді. Жауап алу кезінде Сәрсемәлиев бірнеше рет қылмысты алдын ала жоспарламағанын қайталады.

“Қылмысты қатты ақылға салған жоқпын, жүрекпен жасадым”, – деді ол.

Судья психологпен әңгіме кезінде оның болған оқиғаға байланысты ұйқысыздық пен қорқынышты түстер мазаламайтынын айтқанын еске салды. Сотта Сәрсемәлиев бұл сөздерін растады және мұндай күйзеліс жазықсыз адамдар туралы сөз болғанда ғана болуы мүмкін екенін айтты.

“Мен жазықсыз адамдарды өлтірдім деп есептемеймін” –  деді айыпталушы.

Осыдан кейін судья өз әлемінде өмір сүрген, зиянсыз қыз болған Мейрамгүл Қарабалинаның кінәсі неде деп сұрады.

“Бұған біржақты баға беруге болмайды”, – деп жауап берді Сәрсемәлиев.

Судья оның тергеу кезіндегі "бір рет жасағаннан кейін, кейін қайталай бересің" деген сөзін еске салды. Айыпталушы бұл сөзді растап, мұны қылмыстан кейін адамның сол әрекетке бейімделіп, қайталай беруі мүмкін деген мағынада айтқанын түсіндірді. Сәрсемәлиевтің айтуынша, қайғылы оқиғаға әйелінің отбасымен арадағы көпжылдық жанжал себеп болған.

“Мақсат – мені отбасымнан айырып, балаларымнан ажырату болды. Мен соңына дейін күрескім келді”, – деді ол.

Соттың қылмыстан кейінгі жоспары туралы сұрағына Сәрсемәлиев ешқандай жоспар құрмағанын және бәрінің немен аяқталатынын түсінгенін айтты. Оның сөзінше, ұсталған кезде қарсылық көрсетпеген.

Оқиғаның мән-жайы

2025 жылғы желтоқсанда полицияға 66 жастағы ер адам – Мақсот Қарабалин, 64 жастағы әйел – Насип Өтешқалиева және олардың балалары – 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызының із-түссіз жоғалғаны туралы хабар түскен. Туыстарының айтуынша, отбасы мүшелері қараша айынан бері байланысқа шықпаған, олардың қайда екені белгісіз болған.

Төртеуі де хабар-ошарсыз кеткендер ретінде іздеуге жарияланды. Осы дерек бойынша соталды тергеу басталып, жедел-тергеу тобы құрылды.

Биыл 6 қаңтарда тергеу әрекеттері барысында үйлердің бірінің шаруашылық құрылысынан Мақсот Қарабалин мен Насипа Өтешқалиева мәйіттері көмілген күйде табылды. Осыдан кейін іс кісі өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, жоғалған балаларды іздеу жалғасқан.

Қылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиев – қаза тапқан отбасының бұрынғы күйеу баласына халықаралық іздеу жарияланды. Онымен бірге марқұмдардың кенже қызы да халықаралық іздеуге берілген. Бұған дейін ол күдіктімен некеде болған.

Күдікті Индонезияда ұсталды. Онымен бірге отбасының кенже қызының да жүргені анықталған. Ұсталғаннан кейін ер адам кінәсін мойындап, тергеуге жауап берді. Оның жауабы бойынша, жедел-тергеу тобы қайта тергеу әрекеттерін жүргізіп, Атыраудағы үйдің ауласынан бұрын хабар-ошарсыз кеткен Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевтің мәйіттерін тапты.

Гүлсезім Мұхатай
Сейсенбі, 16 Маусым, 2026 16:30