"ҚазАвтоЖол" басшысы ақылы жолдардан түсетін миллиардтаған қаржының қайда жұмсалатынын айтып берді

"ҚазАвтоЖол" басқарма төрағасы Дархан Иманашев 2025 жылы ақылы автожолдардан жиналған 87 миллиард теңгенің қалай жұмсалатынын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Дархан Иманашев бұл қаражаттың барлық мәселені шешуге жеткіліксіз екенін, сондай-ақ жол бойындағы қызмет сапасы мен жолдардың жағдайы мәселелерін бір-бірімен шатастыруға болмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, ақылы жолдардан түсетін қаражат қатаң түрде мақсатты бағытта жұмсалады және оны еркін пайдалануға болмайды.
"Автокөлік жолдары туралы" заңға сәйкес, өткен жылы ақылы жолдардан жиналған шамамен 87 миллиард теңге тек ақылы жолдардың қажеттіліктеріне ғана жұмсалуы тиіс. Биыл бұл қаражатты ақаулар анықталған учаскелерде жөндеу жұмыстарына бағыттап отырмыз. Ақпарат үшін айта кетейін, екі жолақты автожолдың бір шақырымын орташа жөндеу құны шамамен 100 миллион теңгені құрайды. Ал төрт жолақты жолдар туралы айтсақ, бұл сома бір жарым-екі есе көп", – дейді Иманашев.
Оның айтуынша, қаражаттың бір бөлігі тек жөндеу жұмыстарына ғана емес, сонымен қатар техниканы жаңартуға да бағытталады.
"Соңғы екі жылда компания 1200-ден астам арнайы техника сатып алды. Алайда қазіргі қамтамасыз ету деңгейі шамамен 45% ғана, толық қажеттілікті жабу үшін тағы да шамамен 1,5 мың техника сатып алу қажет. Бір техниканың құны 60–70 млн теңгеге дейін жетеді. Сондықтан қаражат ақылы жол учаскелерінде жөндеу жұмыстарын жүргізуге және техниканы сатып алуға жұмсалуда, яғни тегін жолдарға емес", – деді Иманашев.
Компания 2026 жылы ақылы жолдардан шамамен 100 миллиард теңге жинауды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар "ҚазАвтоЖол" басшысы компанияның жол бойындағы қызметті дамыту мәселесінде құзыреті шектеулі екенін атап өтті. Мұндай нысандарға жер телімдерін жергілікті атқарушы органдар бөледі, ал "ҚазАвтоЖол" тек техникалық шарттарды ғана ұсынады.
"Қазір заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізілуде, соның аясында “ҚазАвтоЖол” үшін жол жиегіндегі жер белдеуі кеңейтіледі. Біздің жолдардың бойындағы қандай да бір сервистік нысан ашуға дайын кәсіпкерлердің барлығымен енді жерді бөлу және келісу жұмыстарын біз жүргіземіз. Қазір жер телімдерін жергілікті атқарушы органдар береді, ал біз тек республикалық жолдарға қосылу үшін техникалық шарттарды ғана ұсынамыз", – деді ол.
Дархан Иманашевтің айтуынша, 2026 жылы жеке инвестициялар есебінен 37 жаңа нысан ашу жоспарланып отыр. Олардың қатарында 27 жанармай құю станциясы, 10 қоғамдық тамақтану орны және 13 жаңа санитарлық торап бар.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстандағы ақылы жолдарға жүргізушілер ұйықтап кетпейтіндей лазерлі жарықтар орнатылып жатқаны туралы жазған едік. ҚазАвтоЖол 22 ақылы жол учаскесінде лазерлік визуалды бағдарлау жүйесін орнатылатынын мәлімдеді. Бұл жүйе негізінен түнде немесе көрініс нашар болғанда жолдағы қауіпсіздікті арттыруға арналған.
Өрт сөндіргіш, дәрі қобдишасы, апат белгісі: 2026 жылы Қазақстанда көлікте қандай заттар болуы керек
Оқыңыз