Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

10 шақты пәтер, бірнеше қымбат көліктер: "Kizdar.net" сайтының ұйымдастырушыларынан бірнеше мүлік тәркіленді

Kizdar.net
Фото: gov.kz

Kizdar.net сайтының иелерінен қымбат мүлік, ондаған сәнді көлік және жер учаскелері тәркіленді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Күдіктілердің атына шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейтін 8 компания, сондай-ақ Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағындағы қымбат мүлік тіркелгені анықталды.

Олардың қатарында:

  • 5 пәтер;

  • 6 коммерциялық нысан;

  • 6 коттедж;

  • 10 жер учаскесі;

  • 6 автотұрақ орны;

  • 11 люкс санатындағы автокөлік бар.

Тергеу жүріп жатқан кезде мүлік иелері өз активтерін сата алмайды, қайта рәсімдеп, сыйға тарта алмайды.

Құқық қорғау органдары жылжымайтын мүлікке, автокөліктерге және компаниялардың активтеріне қатысты барлық мәмілелерді тоқтатты.

Сондай-ақ тергеушілер бұл активтердің болжамды қылмыстық табыспен байланысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Барлық мүлікке шектеу қойылды.

машина

видеодан кадр

Тергеу нұсқасы бойынша, Kizdar.net сайтынан түсетін табыс айына 500 миллион теңгеден асуы мүмкін, ал операциялардың бір бөлігі криптовалюта арқылы жүргізілген.

Тінту барысында:

  • 144 миллион теңге қолма-қол ақша;

  • 1,3 миллион доллардан астам қаражат;

  • криптовалютадағы 300 мың доллардан астам қаржы;

  • оқ-дәрілерімен бірге қару-жарақ;

  • шамамен 150 бірлік компьютерлік және өзге де техника;

  • автокөліктер;

  • құжаттар және іске қатысты басқа да дәлелдемелер тәркіленді.

Алматы прокуратурасының мәліметінше, күдіктілер 7 маусымда ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынған.

Оларға Қылмыстық кодекстің 309-бабының 2-бөлігі бойынша ( Интернет желісін пайдалану арқылы жезөкшелiкпен айналысуға, сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтерді көрсетуге арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық) қылмыстық іс қозғалды.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, заңсыз қызметтен түскен табыс 2 миллиард теңгеден асқан.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Прокуратура өкілдері істің барысы ерекше бақылауда екенін мәлімдеді.

Еске салсақ, Алматыда "Kizdar.net" сайтының ұйымдастырушылары ұсталған еді.

Қырмызы Скендирова
Сейсенбі, 16 Маусым, 2026 16:41