Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда "Kizdar.net" сайтының ұйымдастырушылары ұсталды: Табыстары 2 миллиард теңгеден асқан

Фото: Видеодан скриншот

 

Алматыда атышулы “Kizdar.net” интернет ресурсының қызметін тоқтатуға бағытталған арнайы операция өтті. Қала прокуратурасының мәліметінше, іске қатысы бар деген күдіктілер ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тергеу деректеріне сүйенсек, бұл сайт 2011 жылдан бері ақылы интим қызметтерді жарнамалау және ұйымдастыру үшін пайдаланылған. Қазір интернет ресурстың ықтимал ұйымдастырушылары мен серверлік инфрақұрылымының түпкі бенефициарлары ұсталды.

Олардың әрекеті Қылмыстық кодекстің 309-бабы 2-бөлігі “Интернет желісі арқылы жасалған жеңгетайлық, жезөкшелікпен айналысу үшін притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау, сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтер көрсету” бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот санкциясымен күдіктілер қамауға алынды.

Мәліметке қарағанда, атышулы сайтта 9 мыңға жуық интим анкета жарияланған. Тергеу барысында күдіктілердің IT-компаниялардың бірінің негізін қалағаны анықталған. Олар бұл ресурста заңды сайттарға енгізілетін бағдарламалық шешімдерді сынақтан өткізген деген дерек бар.

Прокуратура мәліметінше, сайт ай сайын 500 миллион теңгеден аса табыс әкеліп отырған. Төлем айналымында криптовалюта қолданылған. Алдын ала есеп бойынша, заңсыз табыс көлемі 2 миллиард теңгеден асқан.

Тінту кезінде күдіктілерден 144 миллион теңге қолма-қол ақша тәркіленді. Бұдан бөлек, 1,3 миллион доллардан аса қаражат, оның ішінде 300 мың доллардан астамы криптовалюта түрінде, қару-жарақ пен оқ-дәрі, шамамен 150 техника, автокөліктер, құжаттар және басқа да айғақтар алынған.

Қазір соталды тергеу жалғасып жатыр. Істің барысы Алматы прокуратурасының ерекше бақылауына алынды.

Еске салайық, 2023 жылғы қазанда Ішкі істер министрлігі осы сайттың топ-менеджерлері ұсталғанын хабарлаған еді. Алайда кейін оларға қатысты іс тоқтатылғаны белгілі болды.

Ал 2024 жылы Қазақстанда интернет арқылы сексуалдық қызмет ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Сол жылдың 5 шілдесінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев адам саудасына, вандализмге және жезөкшелікке қарсы іс-қимылға қатысты заңдарға қол қойған. 2024 жылғы 5 қыркүйектен бастап “Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы” заң күшіне еніп, онлайн-проституция қылмыстық жазаланатын әрекетке жатқызылды.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 15 Маусым, 2026 17:18