Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Неліктен пойызбен сапарлау ұшақпен ұшудан да қымбат: ҚТЖ өкілі жауап берді

сапар
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Неліктен Қазақстанда пойызбен жүру ұшақпен ұшудан да қымбат деген сауалға “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясының басшысы жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

“Қазақстан темір жолы” басқарма төрағасының орынбасары Ануар Ахметжановтың сөзінше, бұл мәселені бағалау кезінде пойыздардың жыл бойғы қатынау ерекшелігін ескеру қажет. 

“Бізде билет бағасы жылдың кез келген мезгілінде және тәуліктің кез келген уақытында бірдей сақталады. Сіздер айтып отырған 35 мың теңге көлеміндегі баға қаңтардан желтоқсанға дейін өзгеріссіз қалады. Жыл сайын Көлік министрлігімен жасалған келісімге сәйкес тарифтерге индексация жүргізіледі. Биыл 1 сәуірден бастап билет бағасы 7% өсті”, – деді Ануар Ахметжанов.

Ол өткен жылы инфляция деңгейі 12%-дан асқанын, билет бағасының индексациясы инфляция көрсеткішінен төмен болғанын айтты. 

“Әуе билеттерімен салыстыру мәселесіне келсек, бұл жерде бір маңызды жайт бар. Өздеріңіз де білесіздер, сұраныс төмен кезде әуе билеттерінің бағасы пойыз билеттерімен шамалас болуы мүмкін. Кей жағдайда теміржол билеттері қымбатырақ болып көрінуі де ықтимал. Алайда сұраныс ең жоғары болатын маусымдарда әуе билеттерінің құны 70 мыңнан 100 мың теңгеге дейін жетеді. Сондықтан бағаны жылдық орташа көрсеткіштер мен әртүрлі маусымдарды ескеріп салыстырған дұрыс. Тағы да қайталап айтқым келеді, бізде билет бағасы жыл бойы тұрақты сақталады”, – деді Ахметжанов.

Басқарма төрағасының орынбасары авиация саласында билеттерге динамикалық тариф белгілеу жүйесі қолданылатынын айтты. Бұл жүйеде билет бағасы сұраныс пен ұсынысқа байланысты өзгеріп отырады.

“Көп жағдайда әуе билеттерінің бағасы теміржол билеттерінен айтарлықтай жоғары болады. Мұны кез келген билет сататын сайттан тексере аласыз. Сондықтан бағаны әділ салыстыру үшін әртүрлі уақыт кезеңдерін ескеру қажет. Біз мұндай салыстыруларды тұрақты түрде жүргіземіз. Билет бағасы біз назар аударатын маңызды көрсеткіштердің бірі”, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін ҚТЖ басшылар мен қызметкерлерге берілген сыйақы көлемін жариялаған еді. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 16 Маусым, 2026 17:08