Біреуі 13–14 миллион доллар: ҚТЖ басшысы Wabtec локомотивтерінің бағасына қатысты сынға жауап берді

“Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясының басшысы Wabtec локомотивтерінің бағасына қатысты айтылған сын-пікірлерге жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2025 жылдың қыркүйегінде Нью-Йоркте Қазақстан мен Wabtec компаниясы 4,2 миллиард долларға келісім жасаған еді. Талғат Алдыбергеновтің айтуынша, бұл келісім техниканы сатып алуды ғана емес, оған ұзақ мерзімді сервистік қызмет көрсетуді де қамтиды.
ОқыңызБрифинг барысында журналист Қазақстан үшін Wabtec локомотивтерінің бір данасының бағасы 13–14 миллион долларға (6 347 900 000 теңге) жететінін, ал Үндістанда осыған ұқсас техника әлдеқайда арзанға түскенін айтты.
Алдыбергеновтің сөзінше, мұндай келісімдерді тікелей салыстыру дұрыс емес. Себебі бұл әртүрлі модельдер мен жеткізу шарттарына қатысты.
“Бұл келісімшартта локомотивтерді сатып алумен қатар, оларға қызмет көрсету де қарастырылған. Одан бөлек, Wabtec компаниясы Қазақстанның жеті өңірінде 1500-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Бізде 2042 жылға дейінгі сервистік келісімшарт бар. Ол шамамен 5 мың жұмыс орнын сақтауға және қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Біз бұл келісімді Қазақстан үшін өте тиімді деп есептейміз”, – деді ҚТЖ басшысы.
Сонымен қатар ол компанияның бұған дейін блогерлерге Wabtec өндірісін көрсетіп, келісім бағасының қалай қалыптасатынын егжей-тегжейлі түсіндіргенін айтты.
“Үндістанмен салыстыру қиын. Өйткені локомотивтердің түрлері, техникалық мүмкіндіктері мен параметрлері әртүрлі. Сондықтан мұндай келісімшарттарды біржақты салыстыруға болмайды”, – деді Алдыбергенов.
Айта кетейік, жуырда ұлттық тасымалдаушы Stadler компаниясының швейцариялық вагондарын іске қосудың кешеуілдеуіне қатысты тағы бір мәлімдеме жасаған еді.
"Трендті ұстап тұрған әже": Желіде немересімен видео түсірген 86 жастағы кейуана қазақстандықтарды сүйсіндірді