Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

100 миллиард теңгеден астам: ҚТЖ басшылар мен қызметкерлерге берілген сыйақы көлемін жариялады

ҚТЖ
Фото: railways.kz

“Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясы 2024 жылы өндірістік қызметкерге 60 миллиард теңге көлемінде сыйақы төлеген. Ал, 2025 жылы бұл көрсеткіш 100 миллиард теңгеден асқан. Мұны Үкіметтегі брифинг барысында ұлттық компанияның басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Брифинг барысында журналист бұған дейін ұлттық компания басшылығының сыйақысы 1 миллиард теңгеден асқаны туралы мәлімет жарияланғанын айтты. Оның есебінше, бұл әрбір басшыға ай сайын орта есеппен шамамен 4,5 миллион теңгеден төленді деген сөз. Осыған байланысты ол Талғат Алдыбергеновтен басқарушы құрам мен қарапайым қызметкерлердің табысы арасындағы үлкен алшақтыққа қатысты пікірін сұрады.

ҚТЖ басшысы бұл мәселеге бұған дейін “Самұрық-Қазына” қорының Қоғамдық кеңесі отырысында түсініктеме бергенін айтты. Оның сөзінше, 1 миллиард теңге тек басшылардың жалақысы немесе бонустары емес.

“1 миллиард теңге – бұл жалақы да, бонус та емес. Бұл сомаға директорлар кеңесінің мүшелеріне төленген төлемдер де кіреді”, – деді Талғат Алдыбергенов.

Ұлттық компания басшысы өндірістік қызметкерге қанша көлемде сыйақы берілгенін де айтты.

“2024 жылы “Қазақстан темір жолы” компаниясы өндірістік қызметкерге жалпы көлемі 60 миллиард теңге сыйақы төледі. Ал 2025 жылы өндірістік қызметкерге мен жұмысшыларға төленген сыйақы көлемі 100 миллиард теңгеден асты”, – деді ол.

Талғат Алдыбергенов басшылық құрамға берілетін сыйақылар туралы шешімді өзі жеке қабылдамайтынын және оның белгіленген рәсімдерге сәйкес қаралатынын айтты. 

“Бұл бонус емес, сыйақы. Оны төлеу белгілі бір рәсімдерден өтеді, шешімді  жеке өзім қабылдамаймын. Сыйақы төлеу тиісті тексерулерден кейін жүзеге асырылады. Бұл сұраққа мен Қоғамдық кеңес отырысында да жауап бергенмін”, – деді Алдыбергенов.

Айта кетейік, бұған дейін Елдегі ұлттық компаниялар 2025 жылы басшыларына қанша сыйақы төлегені туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 16 Маусым, 2026 16:29