Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Күніне 1,6 млн теңге: Қазақстандағы банктер топ-менеджерлеріне 2025 жылы қанша сыйақы төледі

кесте

 

Фото: Stan.kz

Қазақстан банктерінің таза пайдасы 2025 жылдың қорытындысы бойынша 6,7% өсіп, 2,7 трлн теңге болды. Бұл сома сырт көзге қомақты көрінгенімен, елдегі жылдық инфляция деңгейінің әсерін ескерсек, ақшаның нақты нарықтағы "салмағы" мен сатып алу қабілеті 2024 жылғы көрсеткіштен аспаған, тіпті сәл кем түсуі де мүмкін. Дегенмен бұл нарықтық факторлар миллиардтық бонустар шеруіне еш кедергі болмаған сыңайлы. Былтырғы 246 жұмыс күнін негізге алсақ, еліміздегі ірі банктердің ресми есептеріне сүйенсек, топ-менеджерлер кем дегенде 265 мың теңге сыйақы алып отырған.

 

Kaspi.kz: Сыйақы көлемінің күрт төмендеуі (654 млн теңге)

Ең аз көрсеткіш Kaspi.kz тобында тіркелді. Банк өзінің негізгі басшылық құрамына жалпы көлемде 654 млн теңге төлеген. Банктің 10 негізгі топ-менеджеріне (Директорлар кеңесінде 6 адам, басқармада 4 адам) бұл соманы бөлгенде, әрқайсысына орта есеппен 65,4 млн теңгеден бұйырады. Демек, олардың күндік сыйақысы 265 мың теңге болған. Бір қызығы, Kaspi.kz топ-басшылығы 2023 жылы 5,35 млрд теңге, ал 2024 жылы 2,25 млрд теңге сыйақы алған еді. Бұл жолғы күрт төмендеу банктегі акцияларға негізделген ұзақмерзімді мотивациялық бағдарламалардың аяқталуы немесе қайта құрылымдалуымен байланысты болуы мүмкін.

 

Скрин Kaspi.kz есебінен

Bank CenterCredit: Тұрақты өсім (2,02 млрд теңге)

Рейтингтегі келесі сатыға Bank CenterCredit (БЦК) жайғасты. Банк басшылық құрамның сыйақысына 2,02 млрд теңге жұмсаған. Бұл көрсеткіш 2024 жылғы сомамен (1,38 млрд теңге) салыстырғанда бірден 46% өскені байқалады. Нарықтағы белсенділігін арттырған банктің ресми сайтында 9 топ-менеджер көрсетілген (Директорлар кеңесінде 6 адам, Басқармада 3 адам). Осыған сәйкес, әр басшы жылына орта есеппен 224,5 млн теңге, ал әр жұмыс күніне шаққанда 913 мың теңгеден сыйақы алған.

Скрин Bank CenterCredit есебінен

ForteBank: Басшылар саны да, бонустар да азайған (2,6 млрд теңге)

Үшінші орында — ForteBank. Банк жариялаған жылдық қаржылық есепке сүйенсек, Директорлар кеңесі мен Басқарма құрамына 2,6 миллиард теңгеден астам сыйақы бөлінген. Бұл – 2024 жылдың көрсеткішімен (4,5 миллиард) салыстырғанда айтарлықтай аз сома. Сонымен қатар банктегі топ-менеджерлердің саны да былтырғыдан үш адамға кеміген. Қазіргі 13 басшы қызметкердің әрқайсысы орта есеппен 200 млн теңге, яғни әр жұмыс күніне шаққанда 813 мың теңгеден сыйақы алған.

 

Forte Bank

Скрин ForteBank есебінен

Екінші орында: Еуразиялық банк (2,68 млрд теңге)

Банктің 2025 жылғы есебіне сәйкес, директорлар кеңесінің мүшелеріне, басқармаға және басқа да негізгі басшылық қызметкерлерге төленген ақшалай және ақшалай емес барлық сыйақылардың жалпы көлемі – 5,9 млрд теңге. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 667 млн теңгеге аз. Ал банк пайдасы бір жылда 90 млрд теңгеден 16,5 млрд теңгеге дейін, яғни 82% төмендеді.

Eurasian Bank басқарма мүшелерінің сыйақысы жыл ішінде қысқарған жоқ, керісінше 820 млн теңгеге өсіп, 2,4 млрд теңгеге жетті. Жыл бойы басқарма құрамында өзгеріс болмаған, құрамында жеті адам болды. Осылайша, бір топ-менеджерге орта есеппен 338,4 млн теңгеден келген. Ал күніне 927 000 теңге.

 

Скрин Еуразиялық банк есебінен

Halyk Bank көш бастап тұр (6,49 млрд теңге)

Рекордтық көрсеткішпен біздің рейтингіміздің ең жоғарғы сатысына Halyk Bank орналасты. Банк жоғары лауазымды қызметкерлеріне ең қомақты сыйақы көлемін төледі – 6,49 млрд теңге. Бұл сандар банктің 2025 жылға арналған тәуелсіз аудитор тексерген ресми қаржылық есебінде көрсетілген. Банктің ресми сайтында Директорлар кеңесі (7) мен басшылық құрамында (9) 16 қызметкер белгіленген. Осы ақпараттарға сай, әр топ-менеджер жылына орта есеппен 405 млн теңге, ал күніне есептегенде шамамен 1,6 млн теңгеден алып отырған.

Скрин Halyk Bank есебінен

Автор: Нұртөре Жұмағұл

Stan.kz
Бейсенбі, 21 Мамыр, 2026 09:00