Тоқаев Польша сенатының маршалын қабылдады

Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Польша Республикасы Сенатының Маршалы Малгожата Кидава-Блоньскамен кездесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты нығайту және қос елдің заң шығарушы органдары арасындағы байланысты кеңейту мәселелері талқыланған.
“Әлемдегі экономикасы ірі елдердің жиырмалығына енетін Польшамен ықпалдастықты ілгерілетуге ерекше мән береміз. Мемлекеттеріміз арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған сәттен бері шынайы достық байланыстар қалыптасты. Парламентаралық диалог жоспарлы әрі табысты түрде дамып келеді”, – деді мемлекет басшысы.
Әңгіме барысында тарихи тамырластыққа айрықша назар аударылды. Президент көрнекті поляк этнографы Адольф Янушкевичтің қазақ тарихын, тұрмысы мен мәдениетін зерттеуге зор үлес қосқанын атап өтті.
Тоқаев орайлы сәтті пайдалана отырып, Польша президенті Кароль Навроцкийге және премьер-министр Дональд Тускке ыстық ықыласын жолдады.
Оқыңыз
Малгожата Кидава-Блоньска қонақжайлық танытқаны үшін Мемлекет басшысына шынайы ризашылығын білдірді.
“Сізбен кездесуді үлкен мәртебе санаймын. Қазақстанға жасаған алғашқы сапарымның мәні ерекше. Біз еліңізге поляк халқы үшін елеулі кезеңде келіп отырмыз. Яғни отандастарымыздың осы жерге күштеп жер аударылғанына 90 жыл толды. Оларға қазақ халқы сүйеу болып, қилы заманда қол ұшын созды. Бізді ортақ тарих қана емес, келешектегі мол мүмкіндіктер де біріктіреді. Польша үшін аймақтағы жетекші елдердің бірі саналатын Қазақстанмен ынтымақтастықты дамыту аса маңызды”, – деді Сенат маршалы.
Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Черногория президентін қарсы алып, черногориялық компанияларды Қазақстан нарығына шақырған еді.