"Екі минут бойы қарсыласқан": Таразда әскерге шақырушылардың емтиханнан шыққан жігітті күштеп алып бара жатқан видеосы тарады

Таразда емтиханнан кейін ұсталып, әскери комиссариатқа жеткізілгенм жігіттің видеосы қызу талқылануда. Онда екі минут қарсыласқан жігітті бірнеше адам көлікке күштеп мінгізген. Алайда жігіт кейін әскерге өз екрімен бара жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видео уақыты шамамен 2 минутқа созылады. Әскери комиссариат қызметкерлері оны алып кете алмай жатқанда, қара түсті көлікпен қосымша адам келіп, жігітті көлікке мінгізуге көмектескен.
"Бірлескен күштің арқасында жігітті ақыры алып кетті. Оқырмандардың айтуынша, оны Тараздағы "Парасат" колледжінде емтихан тапсырып жатқан жерінен алып кеткен", – делінген жарияланған видеоның сипаттамасында.
Жамбыл облысының шақыру комиссиясы Instagram парақшасында Тараз қаласында жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында 2006 жылы туған, Жамбыл облысы Байзақ ауданының тұрғыны, мерзімді әскери қызметке шақырылуға жататын азамат анықталғанын жеткізді.
"Мобильді топ қызметкерлері оған әскери есеп деректерін нақтылау үшін қорғаныс істері жөніндегі басқарманың жинақтау пунктіне бару қажеттігін түсіндірді. Азамат бұл талапты орындаудан бас тартқандықтан, ол жинақтау пунктіне мәжбүрлі түрде жеткізілді.
Жинақтау пунктінде шақыру комиссиясының мүшелері оған Қазақстан Республикасының әскери қызметке шақыру және мерзімді әскери қызметті өткеру тәртібін реттейтін заңнамасының талаптарын түсіндірді.
Осыдан кейін азамат мерзімді әскери қызметтен өтуге дайын екенін білдірді. Бұл шешімді болған жағдайдың мән-жайымен танысу үшін жинақтау пунктіне келген анасы да қолдады", – деп хабарлады шақыру комиссиясы.
ОқыңызСондай-ақ комиссияның мәліметінше, қазіргі уақытта жігіт медициналық тексеруден өтіп жатыр. Ол мерзімді әскери қызметін өтеу үшін Ұлттық ұланының әскери бөлімдерінің біріне жіберілуге дайындалуда. Оның шақыру комиссиясы мүшелеріне ешқандай шағымы жоқ.
"Сонымен қатар, шақырылушыға қатысты мәжбүрлеу шараларын қолдану фактісі бойынша қорғаныс істері басқармасы қызметкерлерінің әрекеттеріне әскери полиция тексеру жүргізіп жатыр. Тексеру барысында олардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.
Шақыру науқаны қолданыстағы заңнама талаптарына қатаң сәйкес жүргізілетінін атап өтеміз. Жергілікті әскери басқару органдары қызметкерлерінің барлық әрекеттері шақыру іс-шараларын орындауға және Қарулы күштер мен басқа да әскери құрылымдарды толықтыруға бағытталған.
Азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін таралып жатқан ақпаратқа объективті түрде баға беруге және оқиғаның барлық мән-жайын көрсетпейтін жекелеген бейнематериалдарға сүйеніп қорытынды жасамауға шақырамыз", – деп мәлімдеді шақыру комиссиясы.
Кейін жігіттің “өз еркіммен барамын, ешқандай шағымым жоқ” деген видеосы тарады.