Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұрып-соғып, қайыр сұратты, сәбиімізді тартып алды": Қазақстандық жұбайлар өздерін он жыл құлдықта ұстағандар жеңіл жаза алғанына наразы

құлдықта болғандар
Фото: сюжет кадрларынан скрин

Он жыл бойы құлдықта болғанын айтқан аяқ-қолынан айырылған ерлі-зайыптылар өздерін қайыр сұрауға мәжбүрлеп, тапқан табысын тартып алғандардың жазасы жеңілдеп кеткеніне наразы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.  

Тергеу материалдарына сүйенсек, аяқ-қолынан айырылған азамат пен оның жұбайын бейтаныс адамдар 2015 жылдан бері бақылауда ұстап келген. Сөйтіп, әйелімен бірге, аялдамалар мен адам көп жүретін жерлерге апарып қайыр сұрауға мәжбүрлеген.

Жиналған ақшаның барлығы ұйымдастырушының қолына өткен. Қорлық мұнымен бітпеген. Ерлі-зайыптының сөзінше, дүниеге келген қыздарын үш айлығында тартып алып, өзге адамның тәрбиесіне берген. Ал ата-анасына баланы аптасына бір рет қана көрсетіп отырған. Айтқанға көнбесеңдер, ата-ана құқығынан айырамын деп те қорқытқан.

“Бізді он жыл бойы құлдықта ұстады. Күнде қайыр сұрауға мәжбүрледі. Аз ақша апарсақ, ұрып-соғатын. Қызымызды көрсетпей қойды. “Талапты орындамасаңдар, балаңды мүлде көрмейсіңдер” деп қорқытты. Тапқан ақшаның бәрін соларға беріп отырдық”, – деді жәбірленуші Николай Лучников.

Алғашқы сот басты күдіктіні 17 жылға, қалған үш адамды 12 жылдан бас бостандығынан айырған еді. Бірақ кейін апелляциялық сатыда іс қайта қаралып, ұйымдасқан қылмыстық топ бабы алынып тасталған. Соның салдарынан жаза да айтарлықтай қысқарған. Осылайша, бас фигурант 9 жылға, қалғандары 6 жылдан сотталған. Мұндай шешіммен келіспеген жәбірленушілер Бас прокуратураға барып, істі қайта қарауды сұрады.

 “Өзім үшін де, жолдасым үшін де, қызым үшін де қорқамын. Бізді жылдар бойы ұрып-соғып, ақша жинауға мәжбүрледі. Сотта да қорқытты. Сондықтан әділ шешім қабылданып, кінәлілер лайықты жазасын алса деймін”, – деді Николайдың жұбайы Ирина Минеева. 

Бас прокуратура өкілдері ерлі-зайыптыны қабылдап, құқықтық түсіндірме берді. Сонымен қатар кассациялық тәртіппен шағым түсіруге болатынын айтып, жазбаша арыздарын қабылдады.

“Олар істі қарау үшін біз кассациялық сотқа тікелей шағым түсіреміз. Өйткені апелляция кезінде жаза мерзімінің қысқаруына ықпал еткен прокурорлар қайта қатыса ма деген алаңдаушылық болды. Бірақ бізге бұл істе Бас прокуратура тәуелсіз прокурор қарайтынын түсіндірді. Бұл көңілімізді біршама орнына түсірді. Сот барысында жәбірленушілерге айтылған қорқыту сөздеріне қатысты да Бас прокуратураға арнайы шағым қалдырдық”, – деді сенімді өкіл Бағила Досмаилова.

Он жылдық қорлықтан кейін бостандыққа шыққан дәрменсіз жандар әділдіктің орнауын талап етті.

Гүлсезім Мұхатай
Сенбі, 20 Маусым, 2026 09:38