Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сүмелек, ұялмайсың ба?" Еркебұлан Тоқтар аспазын бопсалап, ақша талап еткен келушіге ашуланды

Еркебұлан Тоқтар
Фото: Instagram.com/erkebulan__toktarr

Актер әрі кәсіпқой боксшы Еркебұлан Тоқтар өзіне тиесілі Tok Burger дәмханаларының бірінде келеңсіз жағдай болғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесі оқиғаның мән-жайын әлеуметтік желідегі парақшасында баяндады. Оның сөзінше, белгісіз бір азамат бургердегі котлеттің піспегенін айтып, аспазға видео жіберген. Кейін қызметкерден ақша талап еткен.

Жұмыстан айырылып қаламын деп қорыққан аспаз қалтасындағы соңғы қаражатын әлгі азаматқа аударып жіберген.

Алайда Еркебұлан Тоқтар видеода көрсетілген бургер олардың дәмханасына тиесілі емес деп отыр. Оның айтуынша, Tok Burger-де котлет жұқа әзірленеді, ал видеодағы котлет әлдеқайда қалың болған.

“Бір жас бала аспазға бургердегі котлетті піспеген деп видеоға түсіріп жібереді. Солай ақша талап еткен. Аспазымыз жұмыстан шығарып жібереді деп қорқып, ақшасын бере салған. Бұл – алаяқ! Мен өз котлетімді жатқа білемін. Басқа бір бургерді түсіріп жіберген. Біздің котлет жұқа болады, видеода қалың”, – деді ол.

Актердің сөзінше, келуші бастапқыда 50 мың теңге сұраған, ал аспаз оған қолында бар 30 мың теңгені жіберген.

“50 мың теңгеге бопсалап, аспазымыз қалтасында бар ақшасын – 30 мың теңгені жіберген. Офисімде заңгерлер отыр. Енді ісім сенімен болады! Аспазымның онсыз да айлығы аз, өзі әйтеуір күн көріп жүрген адам. Ұялмайсың ба, сүмелек?! Маған жазбайсың ба? Менен талап етпейсің бе? Енді көрсетемін саған!” – деді Еркебұлан Тоқтар.

Ол бұл мәселемен енді компания заңгерлері айналысатынын мәлімдеді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 21 Шілде, 2026 22:26