Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әділет" партиясының атынан депутат болғысы келетін әйелдер туралы не білеміз

әділет

Бүгін "Әділет" партиясының кандидаттарына кандидат куәлігі табысталды. Енді олар ресми түрде Құрылтай депутаттығына үміткер бола алады. 186 кандидаттың бір бөлігі сайлаудан кейін Құрылтай құрамына өтеді. Кандидаттардың арасында бұрын-соңды саясатта көрінбеген жаңа есімдер бар.

Осы 186 кандидаттың жетпіс екісі – әйел адам. Олар туралы жұртшылық көп ақпарат біле бермейді. Сондықтан біз олар туралы ең маңызды әрі қызықты деректерді жинап шықтық. 

Үнзила Шапақ, 53 жаста, заң ғылымдарының докторы 

Әділет партиясы ұсынған 72 әйел кандидаттың ішінде Парламент Мәжілісінің экс-депутаты Үнзила Шапақ бар. Ол көпшілікке танымал саясаткер ғана емес, заң ғылымдарының докторы, ғалым ретінде белгілі. 

Моңғолияда дүниеге келіп, орта мектепті үздік аяқтаған ол кейін тарихи отанына оралып, 1996 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірді. Осы салада ғылыми жолын жалғастырып, заң ғылымдарының кандидаты, доцент дәрежелерін қорғап, кейін заң ғылымдарының докторы атанды. Ұзақ жылдар бойы жоғары оқу орындарында ұстаздық етіп, басшылық қызметтерді де ойдағыдай атқарды.

Мәжілісте депутат болған кезінде әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға ерекше көңіл бөліп, қоғамдық мәселелер бойынша депутаттық сауалдарды белсенді жолдады. Әсіресе, елдегі қыз алып қашу сияқты заңсыз әрекеттерге батыл қарсы шықты. 

Динара Зәкиева, 42 жаста. Генерал-лейтенант Болат Зәкиевтің қызы, бес тілді еркін меңгерген

"Әділет" партиясы атынан депутаттыққа ұсынылған көпшілікке белгілі кандидаттардың бірі – 42 жастағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева. Кейінгі жылдары оның есімі балалар қауіпсіздігі, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жетім балаларды қолдау мәселелерімен қатар аталып келеді.

Динара Зәкиева – ШҚО тумасы, Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары, генерал-лейтенант Болат Зәкиевтің қызы. Әкесі ұзақ жылдар бойы қауіпсіздік органдарында қызмет атқарып, кейін Шекара қызметін басқарған.

Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін (қазіргі ҚазҰПУ) халықаралық құқық мамандығы бойынша тәмамдап, кейін Мәскеудегі Ресей Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясында және Дубайдағы Hult International Business School оқу орнында білімін жетілдірген. Зәкиева – қазақ, орыс, ағылшын, қытай және француз тілдерін еркін меңгерген.

Зәкиева өзінің еңбек жолында тіпті Астанадағы жетімдер үйін де басқарған.  Қазақстан Парламенті Мәжiлiсінің VII шақырылымының депутаты болып, отбасы және Парламентте бала құқығына қатысты мәселелерді жиі көтерді.

2023 жылдан бері Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін атқарып келеді. Осы кезеңде балалардың қауіпсіздігін күшейту, буллингтің алдын алу және зорлық-зомбылыққа қарсы заңнаманы жетілдіруге қатысты бастамаларымен танылды. Өзі төрт бала тәрбиелеп отырған көпбалалы ана.

Ләззат Қожахметова, 50 жаста. Көпбалалы ана, үшінші баласын 40 жасында, ал төртіншісін 41 жасында дүниеге әкелген

"Әділет" партиясының тізіміне енген әйел кандидаттардың бірі – 50 жастағы қоғам қайраткері, журналист Ләззат Қожахметова. Ол – көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қолдау, отбасы институтын нығайту және әйелдердің құқығын қорғау мәселелерін көтеріп жүрген қоғам белсендісі. 

Қарағанды өңірінің тумасы Ләззат Қожахметова еңбек жолын жоғары оқу орнында оқытушы болып бастап, кейін журналистикаға бет бұрған. Қызметте жүріп қоғамдық қызметке араласып, әлеуметтік мәселелерді көтеріп жүрген белсенділердің біріне айналды, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты болды.

Көпшілікке "Talbesyk" көпбалалы аналар одағының жетекшісі ретінде белгілі. Соңғы жылдары ол көпбалалы және әлеуметтік осал отбасылардың тұрғын үй, жәрдемақы, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы мәселелерін көтеріп, мемлекеттік органдармен бірлесе отырып шешуге атсалысып келеді. 

Ләззат Қожахметованың өзі де көпбалалы ана. Үшінші баласын 40 жасында, ал төртіншісін 41 жасында дүниеге әкелген. 

Айжан Темербаева, 36 жаста, Орталық Азия елдерінде ең жас әйел-ректор атанған

Әділет партиясының атынан сайлауға тағы бір ғалым-әйел Айжан Темербаева түседі. Ол Meta University ректоры әрі Орталық Азиядағы ең жас әйел-ректор атанып, білім мен ғылым саласында өзіндік рекорд орнатқан. 30 жасында-ақ білім беру саласының PhD докторы дәрежесін алған. 

Оның білімге деген құштарлығы таңғалдырады. Айжан Темербаева әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Назарбаев Университеті және АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы әйгілі Колумбия университетін бітіріп, бір емес, үш бірдей магистрлік дипломды иеленген. Екі баланың ардақты анасы.

Оның ғылыми зерттеулері халықаралық беделді журналдарда жарық көрді. Айжан 300-ден астам жас зерттеушінің басын қосқан Жас ғалымдар альянсының негізін қалап, 20-дан астам жас таланттың бағын ашқан. Сондай-ақ "Жастар практикасы" бағдарламасын терең талдап, мемлекеттік жобаларды тиімді етудің нақты тетіктерін ұсынды.

Айсұлу Сүлейменова, 34 жаста, параспортшы 

Параспортшы Айсұлу Сүлейменова көлік апатына түсіп, небары 20 жасында екі аяғынан айырылған. Қазір Айсұлу Сүлейменова волейболдан республикалық және халықаралық жарыстардың жүлдегері, Қазақстан спорт шеберіне кандидат. Ол еліміздегі отырып ойнау волейболынан жалғыз әйелдер командасының негізгі ойыншысы. Үміткер Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде "Автоматтандыру және басқару" мамандығын және Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінде "Экономика" мамандығын тәмамдаған. Бүгінде ақпараттық технологиялар саласында қызмет етеді. Ұлын жалғыз тәрбиелеп отырған үлгілі ана, қайсар спортшы Айсұлу Сүлейменова қоғамдағы ерекше қажеттіліктері бар жандарға деген қасаң көзқарасты өзгертуді мақсат етеді.

Назархан Уән
Сейсенбі, 21 Шілде, 2026 18:13