Қазақстандық ер адам зейнетке шығар кезде сотқа жүгінуге мәжбүр болды

Жамбыл облысының тұрғыны зейнетке шығар кезде 4 жыл еңбек өтілінің есептелмегенін көріп, сотқа жүгінген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ер адамның арызы Жуалы аудандық сотында қаралды. Ол зейнетке шыққанға дейін тиісті органдарда өзінің күзетші ретіндегі 4 жылдық жұмыс өтілі барын дәлелдей алмаған. Азамат өзінің дұрыстығын сот арқылы дәлелдеуге мәжбүр болған.
Сот азамат Е. 1989 жылдан 2000 жылға дейін бірнеше колхоздар мен кәсіпорындарда жұмыс істегенін сенімді түрде анықтады. Оның еңбек кітапшасына күзетші ретіндегі жұмысы туралы жазба енгізілмеген, осылайша зейнетақы төлемдерін тағайындайтын уәкілетті органдар оның соңғы жылдардағы жұмыс өтілін танудан бас тартты.
Сот ер адамның аталған фактіні растаудың және өз құқықтарын қорғаудың сотқа жүгінуден басқа мүмкіндігі жоқ деген қорытындыға келді. Сот шешімімен арыз қанағаттандырылып, оның 1996–2000 жылдары "Жуалы-3" кәсіпорнында күзетші болып жұмыс істегені заңды факт ретінде танылды. Шешім заңды күшіне енді.