Конгода Эбола індетінен бір тәулікте 37 адам көз жұмды

Конго Демократиялық Республикасында Эбола індетінен қайтыс болғандар саны артып жатыр. Елде аурудың таралуы әлі де тоқтамай отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Тass.ru порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Конго Демократиялық Республикасында Эбола індетінен көз жұмғандар саны артып келеді. Соңғы бір тәулікте тағы 37 адам қайтыс болып, зертханалық түрде расталған өлім-жітім саны 967-ге жетті.
Елдің Байланыс және бұқаралық ақпарат құралдары министрлігінің мәліметінше, Эбола жұқтырғандар саны 2 423 адамға жеткен. Бұл алдыңғы күнмен салыстырғанда 79 жағдайға көп. Қазір аурудың өлім-жітім көрсеткіші 39,9%-ды құрап отыр.
ОқыңызҚазір ауруханалар мен оқшаулау орталықтарында 734 науқас ем қабылдап жатыр. Сонымен қатар індет жұқтырғандармен байланыста болған адамдарды бақылау деңгейі 81,1%-ға жеткен.
Айта кетейік, бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Конго Демократиялық Республикасындағы Эбола індетіне байланысты жағдайдың күрделеніп бара жатқанын мәлімдеген еді. Ұйым жұқтыру жағдайларының көбеюіне, қаржыландырудың жеткіліксіздігіне және шұғыл шаралар қабылдау қажеттігіне назар аударған еді.
Еске салайық,
Эбола індеті 2026 жылғы 15 мамырда Конго Демократиялық Республикасының солтүстік-шығысында тіркелді. Қазір Конго Демократиялық Республикасы мен Угандада вирус жұқтырудың жалпы 471 жағдайы расталып, 84 адам қайтыс болды. Оның ішінде Конгода 452 адамнан вирус анықталып, 82 адам көз жұмса, Угандада 19 адам індетке шалдығып, екі адам қайтыс болған. Індетпен күрес аясында ДДҰ мен Africa CDC эпидемиологиялық бақылау мен зертханалық диагностиканы күшейту үшін 518 миллион доллар көлеміндегі бірлескен жоспарды іске қосуды ұсынды.