Конгода Эбола өршіді: АҚШ азаматынан вирус анықталды

АҚШ Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары Конго Демократиялық Республикасындағы (КДР) гуманитарлық ұйымда жұмыс істейтін АҚШ азаматының Эбола вирусының Бундибугё штаммын жұқтырғанын растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Агенттік гуманитарлық ұйыммен, федералды агенттіктермен және КДР-дағы серіктестермен инфекцияның одан әрі таралуын болдырмау және науқаспен байланыста болған адамдарды анықтау үшін жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Науқастың жеке басы және басқа да мәліметтер жарияланбайды.
Конго Демократиялық Республикасы билігінің мәліметтері бойынша, Эбола вирусының расталған жағдайлары саны 1830-ға жетті, 648 адам қайтыс болды.
CDC АҚШ-та ешқандай жағдай тіркелмегенін атап өтеді. Агенттік жергілікті халық пен саяхатшылар үшін қауіпі төмен деп бағалайды, себебі қазіргі уақытта індет Конго Демократиялық Республикасы мен көршілес Уганданың кейбір аймақтарымен шектелген. Вирустың АҚШ-қа таралу ықтималдығы өте төмен деп бағаланады.
Бұл қазіргі індет кезінде АҚШ азаматының жұқтыруы бірінші рет емес. Мамыр айында халықаралық қайырымдылық ұйымы Serge америкалық дәрігер Питер Стаффордтың Эбола вирусын өзіне тән белгілер пайда болғаннан кейін жұқтырғанын хабарлады.
Онымен бірге әйелі, тағы бір дәрігер, аймақта жұмыс істейтін тағы бір медицина қызметкері және отбасының жеті жасқа дейінгі төрт баласы медициналық бақылауда болды.
Отбасы 2021 жылдан бері Конго Демократиялық Республикасында тұрып келеді. Стаффордтың диагнозы расталғаннан кейін ол Берлинге эвакуацияланып, мамандандырылған клиникада емделді. Кейінірек дәрігер аурудың жоғары қызбамен, қатты әлсіздікпен және өз бетінше қозғалуын қиындататын жағдаймен қатар жүретінін хабарлады.
Кейіннен Питер Стаффорд толық сауығып кетті.
Өткен айда Еуропада аурудың алғашқы жағдайы тіркелді. Франция денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, Конго Демократиялық Республикасынан оралған гуманитарлық қызметкерде Эбола вирусы расталды. Бұл Францияда тіркелген алғашқы жағдай.
Еске салсақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Конго Демократиялық Республикасы мен Угандадағы Эбола індетін халықаралық деңгейдегі төтенше жағдай деп жариялады.
Ұстазының жетекшілігімен цирк әлеміне келген қазақстандық егіз Cirque du Soleil-де өнер көрсетеді