Атырау облысында жуынатын бөлмедегі қолжуғыш құбырынан жылан шығып жұртты шошытты

Атырау облысының Ганюшкино ауылында қолжуғыштың су ағатын тесігінен жылан шыққан. Желіде тараған видео жұртты шошытты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеода кадр сыртындағы адамдардың бауырымен жорғалаушыны бақылап, оны қалай ұстауға болатынын талқылап жатқанын көруге болады. Олардың бірі кәдімгі пакет пайдалануды ұсынған.
”Ганюшкино сақ боламыз, жыландар кафе мейрамханалар тіпті үйімізге дейін кіре ме, не істейді өзі?” – деп жазған автор.
Желі қолданушылары бауырмен жорғалаушының тесікке қыстырылып шығалмай жатқанын көріп, қорыққандарын жасырмады. Айтуларынша, биыл жыландардың көбейгенін байқаған.
"Мен жыландар мен кесірткелерден қатты қорқамын. Оларды мүлде ұнатпаймын, маған өте жағымсыз әсер етеді", “Кәдімгі су жылан. Бұл бейшараның ешкімге зияны жоқ, улы емес”, “Масқара енді дәретханаға отыруға да қорқатын болдық”, “Байғұс-ай, жыланға көмектесіп шығарды ма екен?”, – деп жазды жұртшылық.
Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаменті бұл жағдай бойынша ешқандай өтініш түспегенін хабарлады. Ведомство мәліметінше, оқиға ресми түрде тіркелмеген.
Бұған дейін Атырауда жылан қала жағалауында пайда болып, тұрғындарды шошытқан еді. Әлеуметтік желіде демалыс аймағының ортасында түсірілген видео тараған. Онда бауырымен жорғалаушы адамдардың арасында жүргені көрсетілген.
Төтенше жағдайлар министрлігі бұған дейін жылы мезгілде жыландардың белсенділігі артып, олар аулаларда, шаруашылық құрылыстарында және саяжай аумақтарында пайда болуы мүмкін екенін ескерткен. Мамандар жыланға тап болған жағдайда оған жақындамауға, өз бетінше ұстауға немесе өлтіруге әрекет жасамауға кеңес береді. Қауіпсіз қашықтыққа алыстап, балалар мен үй жануарларын ол жерге жібермеу керек. Сондай-ақ жағдай туралы 112 нөміріне хабарлау қажет.
Оқыңыз