Ақтауда дәрігерлер бірнеше рет ауруханаға жатқызудан бас тартқан 13 жастағы бала көз жұмды
Ақтауда дәрігерлер бірнеше рет ауруханаға жатқызудан бас тартқан 13 жастағы бала көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жасөспірімге "соқырішек" диагнозы дер кезінде қойылмаған. Баланың анасы Жұлдыз Азанованың айтуынша, 2026 жылдың 17 қаңтарда іші ауырған ұлын жедел жәрдеммен балалар ауруханасына жеткізген. Алайда үш сағат бақылауда болғаннан кейін баланы үйіне жіберген.
Кейінгі күндері отбасы тағы бірнеше рет медициналық көмекке жүгінгенімен, дәрігерлер нақты диагноз қоя алмаған.
Жасөспірімнің жағдайы нашарлағаннан кейін ғана ол ауруханаға жатқызылып, ота жасалған. Жұлдыздың айтуынша, ота кезінде баланың жүрегі бірнеше рет тоқтап қалған. Кейін жасөспірім санитарлық авиациямен Алматыға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Бала көз жұмғаннан кейін денсаулық сақтау министрлігі жоспардан тыс тексеру жүргізіп, өрескел заңбұзушылықтарды анықтады. Облыстық балалар ауруханасының директоры қызметінен босатылды. Медициналық көмек көрсетпеу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу аяқталып, іс материалдары сотқа жолданған.

Ұлы көз жұмғаннан кейін Жұлдыз Азанова денсаулық сақтау министрімен жеке кездесіп, сөйлесу үшін Астанаға барған.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Алматыдағы педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында қайтыс болған ақтаулық 13 жастағы баланың анасымен кездесетінін мәлімдеді.
Министр баланың өліміне қатысты тергеу өзінің жеке бақылауында болғанын атап өтті.
"Медициналық көмек көрсету дерегі бойынша прокуратура қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеу аяқталып, материалдар сотқа жолданды. Медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша жағдайды бақылауда ұстай береміз. Мұндай жағдайлар формалды жауаптарды емес, нақты қорытындылар мен жүйелі шешімдерді талап етеді", – деп жазды Ақмарал Әлназарова Instagram парақшасында.
Сондай-ақ министр марқұм баланың анасын Астанада жеке қабылдауға дайын екенін растады.
"Астанада көз жұмған баланың анасын жеке қабылдаймын. Бұл отбасы үшін орны толмас қайғы. Кінәлілер заңға сәйкес әділ жазасын алады", – деді министр.
Еске салсақ, бұған дейін ақтаулық әйел дәрігерлердің салғырттығынан 13 жасар ұлынан айырылғанын айтып, шағымданған еді.
Жүргізушілер Алматы әуежайында жолаушыларды түсіргені үшін салынған айыппұлдарға шағымданды: Полиция не дейді?