Оралда 12 жастағы қыз жұқпалы аурулар ауруханасында көз жұмды: Туыстары дәрігерлерді кінәлайды

Оралда 12 жастағы қыз жұқпалы аурулар ауруханасында көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Мой Город" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қайғылы оқиға облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында болған. Қыз бала "іріңді баспа" диагнозымен ауруханаға жатқызылған. Қайтыс болған Дәмелі Әбдірахманованың туыстары оның кенеттен көз жұмуына дәрігерлердің салғырттығы мен баяу әрекет етуі себеп болды деп санайды.
12 жастағы Дәмелі ауруханаға 28 маусым күні түскен. Туыстарының айтуынша, қыз бала тамағының қатты ауырғанына шағымданған. Қабылдау бөлімінде оған "іріңді баспа" диагнозы қойылып, палатаға жатқызылған. Дәмелінің анасы қызымен бірге ауруханада қалғысы келген, алайда баланың жасына байланысты заңды өкілінің бірге болуына рұқсат берілмеген.
Келесі күні таңертең баланың жағдайы күрт нашарлаған.
"Дүйсенбі күні таңертең Дәмелі бізге қоңырау шалып, өзін нашар сезініп тұрғанын және жүрегінің қатты соғып жатқанын айтты. Әжесі оған дереу дәрігерлерді шақыруды тапсырған, бірақ қыз дәрігерлердің тек дене қызуын өлшеп, кетіп қалғандарын айтқан. Біз бірден ауруханаға қарай жолға шықтық. Алайда жолда келе жатқанда Дәмелінің жансақтау бөліміне ауыстырылғанын хабарлады. Ауруханаға жеткенімізде баланың қайтыс болғанын білдік", – дейді қыздың ағасы Ғалымжан Әбдірахманов.
Қайғыдан қан жұтқан туыстары Дәмелінің палатада көз жұмғанына және дәрігерлердің оны жансақтау бөліміне жеткізіп үлгермегеніне сенімді. Оқиғалардың ретін қалпына келтіру үшін отбасы мүшелері полиция қызметкерлерімен бірге аурухана дәлізіне орнатылған бейнебақылау камераларының жазбаларын зерттеген.
Туыстарының айтуынша, бейнежазбалардан Дәмелі жатқан палатадан көршісі жүгіріп шығып, медицина қызметкерлерін көмекке шақыра бастағаны анық көрінеді.
"Зембіл палата есігіне кептеліп қалған. Дәрігерлер сол жерде топтасып тұрған. Сонда дәлізде қандай жансақтау шаралары жүргізілгені туралы сөз болуы мүмкін? Бұған дейін бізге медицина қызметкерлері барлық қажетті реанимациялық көмек көрсетілді деп айтқан еді. Біз мұны ашық салғырттық пен жауапсыздық деп санаймыз. Егер көмек дер кезінде әрі білікті түрде көрсетілгенде, мұндай қайғылы жағдай болмас еді. Оның диагнозы кәдімгі баспа болатын, ол ауыр дертке шалдықпаған, қатерлі ісік те емес. Ал бала келесі күні-ақ көз жұмды", – дейді наразы туыстары.
Туыстарының айтуынша, Дәмелінің дені сау болған, ешқандай медициналық есепте тұрмаған. Сонымен қатар өткен жылы толық медициналық тексеруден өтіп, оның нәтижелері бойынша қандай да бір патология анықталмаған.
12 жастағы қыздың өлімінің нақты себебі әзірге ресми түрде анықталған жоқ. Марқұмның туыстары құқық қорғау органдарына ресми арыз беріп, жұқпалы аурулар ауруханасы дәрігерлерінің әрекеттеріне жан-жақты тексеру жүргізуді талап етпек.
"Егер бұл істі осылай қалдыратын болсақ, бұл соңғы өлім болмайды. Ата-анасының бұл қайғыны қалай көтеретінін елестете де алмаймын. 12 жастағы баланың өліміне қалай жол беруге болады?”, – дейді марқұмның туысы Айгүл Наурызбаева.
Оқиғаға қатысты Батыс Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы басшылығы әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.
Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысында туғанына 5 күн болған сәби көз жұмғаны туралы жазған едік. Туыстары дәрігерлерді нәрестені жерге құлатып алды деп айыптады.
"Болашақ ойындары – 2026": Ауқымды сайыста Қазақстан намысын кімдер қорғайды
Оқыңыз