Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Соқырішекпен ауырған баланы үйге шығарып жіберді": Қазақстандық дәрігерлердің салғырттығынан 13 жасар ұлынан айырылғанын мәлімдеді

Фото: Lada.kz

Ақтауда тұрғын 13 жасар ұлының дәрігерлердің қателігінен көз жұмғанын айтып шағымданды. Айтуынша, соқырішекпен ауруханаға түскен баланы дәрігерлер бірнеше рет үйге шығарып жіберген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Жұлдыз Азанованың айтуынша, 17 қаңтарда ұлы кенеттен ішінің ауырғанына шағымданған. Жедел жәрдем шақырып, оны аймақтық көпбейінді балалар ауруханасының қабылдау бөліміне соқырішек күдігімен жеткізілген. Ол үш сағат дәрігерлер бақылауында болған. Алдын ала диагноз расталмаған соң, баланы үйіне қайтарған.

Алайда баланың ішінің ауруы тоқтамаған. Күн сайын дене қызуы көтеріліп отырған. Анасының айтуынша, олар бірнеше рет емханаға, педиатрға және жұқпалы аурулар ауруханасына жүгінген. Бірақ нақты диагноз қоймай, әр жолы үйіне қайтарып жіберген. Жағдайы қатты нашарлағаннан кейін ғана бала ауруханаға жатқызылып, ота жасалған.

"Уақыт жоғалғандықтан, операция кезінде хирургтар тек соқырішекті ғана емес, ішектің едәуір бөлігін де алып тастауға мәжбүр болған. Сондай-ақ дәрігердің айтуынша, ота барысында ауыр жағдайлар тіркелген. Жүрек бірнеше рет тоқтап қалған”, – деді Жұлдыз Азанова. 

Кейінірек, 19 ақпанда, бала санитарлық авиациямен Алматыға жеткізіліп, емін жалғастырған. Бала 13 сәуірде қайтыс болған.

"Ұлымды азаптап, өлімге жеткізді. Оны енді ғана мәйітханадан алып шықтым. Өлімі туралы анықтама алдым. Менің жанайқайымды бүкіл Қазақстан естісін. Егер дәрігерлер жұмыс істей алмаса, орнын босатсын. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігіндегі біліксіз шенеуніктер де қызметінен кетсін", – деді Жұлдыз Азанова.

Жағдайды түсіндіру үшін Жұлдыздың туыстары Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасына жүгінген, бірақ жауап ала алмаған. Кейін олар амалсыз облыстық прокуратураға шағымданған. Ол өз кезегінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығымен байланысқан. Жұлдыз Азанованың туыстары істі жан-жақты қарауды талап етіп отыр.

Анасы президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне бейнеүндеу жолдап, тексеріс жүргізіп, медицина қызметкерлерінің әрекетіне баға беруді сұрады.

“Қазіргі уақытта құзырлы органдар тарапынан тиісті тексеру жұмыстары жүргізілуде. Тексеру нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес шешім қабылданады, – деді Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасы.

STAN.KZ
Сейсенбі, 14 Сәуір, 2026 11:39