"Университет қаржысы басшылардың балаларының жекеменшік мектепте оқуына жұмсалған": ALT университеті желіде тараған ақпаратқа түсініктеме берді
Әлеуметтік желіде Алматыдағы Мұхамеджан Тынышпаев атындағы ALT университетінің қаражаты басшылық өкілдерінің балаларының жекеменшік мектепте оқу ақысын төлеуге пайдаланылғаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақпарат "Письма президенту" Telegram-арнасында жарияланды. Арна авторының айтуынша, оқырмандарының бірі университеттің "бухгалтерлік құжаттарын" жіберген.
"Алматылық тұрақты оқырманымыз бізге, өзінің айтуынша, ALT университеті басшылығының өз балаларының беделді жекеменшік мектепте оқуына бюджет қаражатын жұмсайтынын растайтын “бухгалтерлік құжаттарды” жіберді", – делінген жазбада.
Университет басшылығы желіде тараған ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.

Тынышпаев атындағы ALT университетінің мәліметінше, желіде тараған материалдарда қолтаңбалар, мөрлер және қаржылық құжаттардың ресми түрде расталғанын білдіретін өзге де белгілер жоқ.
"Қазір университетте ішкі тексеру жүргізіліп жатыр", – делінген оқу орнының хабарламасында.
Сонымен қатар баспасөз қызметі университеттің жекеменшік жоғары оқу орны екенін және оның қызметі бірнеше қаржы көзі есебінен жүзеге асырылатынын атап өтті.
Университеттің мәліметінше, мемлекеттік білім беру гранттары аясында бөлінетін қаражаттан бөлек, оқу орнының бюджеттен тыс кірістері де бар. Оларға ақылы білім беру қызметтерінен түсетін қаражат, сондай-ақ жарғыда көзделген өзге де коммерциялық қызмет түрлерінен түсетін кірістер жатады.
Айта кетейік, ALT Университеті Алматы қаласында орналасқан. Оқу орны ұған дейін ҚазАТК және Логистика және көлік академиясы ретінде белгілі болған)
Оқу орнының сайтындағы ақпаратқа сәйкес, 2021 жылдың 27 қаңтарында заңды тұлға қайта тіркеліп, оның атауы "Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы" АҚ-нан "Логистика және көлік академиясы" АҚ болып өзгертілді.
2024 жылдың 22 сәуірінде академияға "Тынышпаев атындағы ALT Университеті" АҚ мәртебесі берілген.
Еске салсақ, бұған дейін Махамбет Өтеміс атындағы Батыс Қазақстан университетінің ректоры Нұрлан Серғалиевтің ұсталғаны туралы жазған едік.
Жүргізушілер Алматы әуежайында жолаушыларды түсіргені үшін салынған айыппұлдарға шағымданды: Полиция не дейді?