Қазақстандағы алғашқы AI университеті дауға қалды: Талапкерлер грантқа құжат тапсыра алмады

Қазақстандағы алғашқы жасанды интеллект университеті – Qazaq AI Research University (QAIRU) талапкерлердің наразылығына тап болды. Колледж түлектері университет уәде еткен қысқартылған оқу бағдарламасына мемлекеттік грантқа құжат тапсырамыз деп дайындалғанымен, қабылдау басталған күні мұндай мүмкіндік жойылғанын білді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін университет колледж түлектерін 2,5 жылдық қысқартылған оқу бағдарламасына белсенді түрде шақырған. Мемлекеттік грант конкурсына қатысу үшін талапкерлер ҰБТ-дан математика және алгоритмдеу мен бағдарламалау негіздері пәндері бойынша кемінде 35 балл жинауы тиіс болған.
Сондай-ақ IELTS немесе TOEFL сертификатын ұсыну не ағылшын тілі бойынша сұхбаттан өту ұсынылған. Құжат қабылдау 13–20 шілде аралығында өтетіні хабарланған.
Осы ақпаратқа сенген колледж түлектері қажетті пәндер бойынша ҰБТ тапсырып, құжаттарын алдын ала дайындаған. Қабылдау комиссиясының Telegram-арнасында талапкерлерден жеке куәлік, колледж дипломы мен қосымшасы, бар болса тіл сертификаты және жеңілдіктерді растайтын құжаттар талап етілетіні айтылған.
Алайда құжат қабылдаудың алғашқы күні талапкерлерге QAIRU қысқартылған бағдарламалар бойынша мемлекеттік грантқа өтініш қабылдамайтыны хабарланған. Университеттің мәліметінше, конкурсқа тек бес пән бойынша ҰБТ тапсырған және толық оқу мерзімі бағдарламаларына түсетін талапкерлер ғана қатыса алады.
QAIRU бұл шешімді университеттің алғашқы қабылдау науқанын өткізіп жатқанымен және әзірге толық форматтағы білім беру бағдарламаларын іске қосуға басымдық бергенімен түсіндірді.
Сонымен қатар университеттің хабарлауынша, ішкі қабылдау емтихандарының қорытындысы бойынша қысқартылған бағдарламаларға іріктеуден өткен талапкерлер саны толыққанды оқу тобын жасақтап, бағдарламаны сапалы іске асыруға жеткіліксіз болған.
Университет мұндай шешім колледж түлектерінің мемлекеттік грант конкурсына қатысу құқығын шектемейтінін атап өтті. Олар Қазақстандағы басқа жоғары оқу орындарының қысқартылған бағдарламаларына құжат тапсыра алады. Ал QAIRU-да білім алғысы келетіндерге толық оқу мерзімі бағдарламалары бойынша ақылы негізде оқуға түсу ұсынылған.
Сондай-ақ оқу орны жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларының тізбесін, қабылдау талаптарын және студент қабылдау көлемін өздері дербес айқындайтынын мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін үкімет отырысында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Қазақстанда биылғы 1 қыркүйектен бастап жасанды интеллектке маманданған Qazaq AI Research University зерттеу университеті жұмысын бастайтынын мәлімдеді. Оның сөзінше, университеттің ашылуы Қазақстанда жасанды интеллект саласына қажет отандық мамандарды даярлау жүйесінің маңызды кезеңі болмақ.
Оқыңыз