Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап ЖИ университеті іске қосылады

Үкімет отырысында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Қазақстанда биылғы 1 қыркүйектен бастап жасанды интеллектке маманданған Qazaq AI Research University зерттеу университеті жұмысын бастайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрдің айтуынша, жаңа оқу орны Qazaq AI Research University деп аталады және өз жұмысын биылғы 1 қыркүйекте бастайды. Оның сөзінше, университеттің ашылуы Қазақстанда жасанды интеллект саласына қажетті отандық мамандарды даярлау жүйесінің маңызды кезеңі болмақ.
"Біз өз мамандарымызды даярлаудың үздіксіз жүйесін қалыптастырып жатырмыз. Мысалы, 12-18 жас аралығындағы балаларға арналған креативті технологиялар орталығы TUMO жұмыс істейді. Ал ересектер үшін тәжірибелік AI-мамандарын даярлайтын Tomorrow School жобасы бар. Ендігі қадам Qazaq AI Research University зерттеу университетін іске қосу керек", – деді министр.
Оның айтуынша, жаңа университет еліміздегі жасанды интеллект саласындағы білім беру экожүйесін одан әрі дамытуға серпін береді.
ОқыңызАйта кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект тақырыбын бұған дейін де бірнеше рет көтерген. Ақпанда өткен кеңесте ол отандық Qazaq LLM мен Alem LLM жүйелерінің нақты қаншалықты сұранысқа ие екенін сұрап, оларды OpenAI әзірлеген ChatGPT-пен салыстырды. Министрлік қазақстандық модельдерге 600 мыңнан астам сұраныс түскенін, ал ChatGPT-ді елде 2 миллионнан астам адам пайдаланатынын мәлімдеген. Президент келтірілген көрсеткіштердің нақтылығына күмән келтіріп, деректерді қайта тексеруді тапсырды. Сондай-ақ цифрлық жобаларды іске асыруға жұмсалатын шығынға қатысты "Мұның бәрін кім ойлап тапқан, сол өзі төлесін" деп жауаптыларға қатаң ескерту жасаған еді.
Оған дейін 2025 жылғы Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңесте Тоқаев AI-дың білім беру жүйесіне бақылаусыз енуі оқушылардың сыни ойлау, іздену және талдау қабілетін әлсіретуі мүмкін екенін айтып, Үкіметке академиялық адалдықты сақтайтын нақты тетіктер әзірлеуді тапсырған. Сонымен қатар ол жасанды интеллект көптеген мамандықты алмастырып, миллионнан астам қазақстандықтың жұмысына қауіп төндіруі ықтимал екенін ескертіп, кадрларды қайта даярлау мен біліктілікті арттыруды қазірден қолға алуға шақырған.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан үкіметі америкалық Firebird компаниясымен және NVIDIA-мен бірлесіп, Екібастұзда құны 10 миллиард доллар болатын Data Center Valley жасанды интеллект хабын салуды жоспарлап отырғанын хабарлаған еді. Жоба Орталық Азиядағы ең ірі AI және бұлтты есептеу орталығы болмақ.
Алайда экологтар дата-орталықтардың электр энергиясы мен су ресурстарын көп тұтынатынына, ал АҚШ-та осындай жобалардың бірқатары экологиялық тәуекелдерге байланысты қоғам қарсылығына ұшырағанына назар аударды. Өз кезегінде министрлік жоба халықаралық экологиялық талаптарға сай жүзеге асырылатынын, қоршаған ортаға әсерді бағалау жүргізілетінін және алғашқы кезеңде көмір жағу көлемі мен су тұтыну айтарлықтай артпайтынын мәлімдеген.
Қазақстандықтарды қарапайым су есептегіштерден әлдеқайда қымбат "ақылды" су есептегіштерді орнатуға міндеттеді