Америкалықтар қарсы шыққан ірі ЖИ-хаб Екібастұзда салынғалы жатыр: Экология жанашыралары неге алаңдаулы

АҚШ компаниялары Қазақстанның Екібастұз қаласында 10 миллиард долларлық жасанды интеллект хабын салмақ. Алайда экологиялық бастамалармен айналысатын сарапшылар мұндай дата-орталықтар АҚШ-та экологияға әсеріне байланысты бірнеше рет қоғамның қарсылығына ұшырағанын айтады. Осындай жобалардың кесірінен кей өңірлерде тұрғындар ауыз су сапасының нашарлағанына шағымданса, енді бір жерде жобалар экологиялық тәуекелдерге байланысты тоқтатылған. Ал Қазақстанда салынатын AI-хабтың қоршаған ортаға әсері қаншалықты ескерілген? Екібастұз өңіріне қауіп төнбей ме? Stan.kz тілшісі осы сұрақтарды сарапшыға қойып, министрліктің де жауабын білді.
Data Center Valley жобасы – Екібастұзда салынуы жоспарланған Орталық Азиядағы ең ірі жасанды интеллект пен бұлтты есептеулерге арналған дата-орталықтар кешені. Жобаны Қазақстан үкіметі америкалық Firebird компаниясымен және NVIDIA-мен бірлесіп жүзеге асырмақ. Жалпы инвестиция көлемі – 10 миллиард доллар (4,8 – 5,0 триллион теңге). Мұнда 100 мыңға дейін NVIDIA-ның заманауи GPU-чиптері орнатылып, халықаралық компанияларға есептеу қуаты, бұлтты қызметтер және жасанды интеллект инфрақұрылымы ұсынылады. Үкіметтің мәліметінше, жоба шетелдік инвестиция тартып, жоғары технологиялар саласын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және Қазақстанды Орталық Азиядағы цифрлық хабқа айналдыруға бағытталған.
“Көмір жағу көлемі артып, электр энергиясы мен су көп жұмсалады”
Ауа сапасы мәселелері бойынша сарапшы Жұлдыз Саулебекова желіде дата-орталықтардың энергия тұтынуы, су ресурстары және көмірге тәуелділігіне қатысты бірқатар сауал көтерді.
“Бұл – еліміздің цифрлық инфрақұрылымын дамыту жолындағы маңызды қадам. Алайда көпшілік назарынан тыс қалып жатқан тағы бір маңызды мәселе бар. Ол – жобаның қоршаған ортаға ықтимал әсері. Жоспар бойынша дата-орталықтардың электр энергиясы Екібастұз ГРЭС-1 және ГРЭС-2 станцияларынан беріледі. Бұл станциялар Екібастұз көмірімен жұмыс істейді. Ал Екібастұз көмірі күлділігі 42 пайызға дейін жететін, әлемдегі ең жоғары күлді көмір түрлерінің бірі саналады. Қазіргі таңда дата-орталықтарға 300 МВт электр қуаты резервтелген. Болашақта бұл көрсеткіш 1 ГВт-қа дейін артуы мүмкін. Демек, электр энергиясына сұраныстың өсуі көмір жағу көлемінің де артуына әкелуі ықтимал”, – деді ол.
Осы тұста маман бірнеше сауал туындайтынын алға тартты. Атап айтқанда экологиялық қауіпсіздік мәселесін көтерді.
“Жобаның экологиялық әсері қандай болады? Қуаң аймақта орналасқан дата-орталықтарды салқындатуға қанша су жұмсалады? Қоршаған ортаға әсерді бағалау жүргізіле ме? Жобаның ауа сапасына, су ресурстарына және жергілікті халықтың денсаулығына ықтимал әсері қандай? Өйткені дата-орталықтар тек серверлер мен қуатты процессорлардан тұрмайды. Олар тұрақты электр энергиясын, суды және ауқымды инфрақұрылымды қажет етеді. Соның салдарынан қоршаған ортаға түсетін жүктеме де артады.
Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етіп отыр. Сондықтан мұндай ірі жобаларды бағалағанда олардың экономикалық тиімділігімен қатар экологиялық салдарын да ашық талқылау маңызды. Өйткені бұл келісімнің басты мәселесі тек инвестиция көлемінде немесе жасанды интеллект технологияларын дамытуда емес. Ең маңызды сұрақ – болашақтағы жасанды интеллект хабы қандай энергия көзінің есебінен жұмыс істейді және оның экологиялық құны қандай болады?”, – деді ол.
“Қазақстанда салынатын осыған ұқсас жобалардан АҚШ не үшін бас тартты”
Жұлдыз Саулебекова мұндай мәселелер әлемнің басқа елдерінде де көтеріліп жүргенін алға тартты. Маман мысал ретінде АҚШ-тағы мысалдарды келтірді.
Толығырақ айтсақ, 2026 жылдың 20 мамырында АҚШ-та өткен Конгресс тыңдауында депутат Александрия Окасио-Кортес Қоршаған ортаны қорғау агенттігінің өкіліне сұрақ қойды. Ол отырыс кезінде Джорджия штатындағы тұрғындардың үйлерінен алынған қоңыр, лайланған суды көрсетіп, жағдайға назар аудартты. Депутаттың айтуынша, мәселе Meta компаниясының Morgan County ауданында дата-орталық салу жұмыстары басталғаннан кейін пайда болған.
Жергілікті тұрғындар:
- құдықтардағы су қысымы төмендегенін;
- судың лайланып кеткенін;
- тұрмыстық техниканың бұзыла бастағанын;
- ауыз су ретінде бөтелкедегі суды сатып алуға мәжбүр болғандарын айтқан.
Тыңдау кезінде Окасио-Кортес:
"Бұл жай ғана қолайсыздық емес. Бұл – қоғамдық денсаулық мәселесі", – деп мәлімдеді.
Сондай-ақ ол дата-орталық құрылысы кезінде ағаштардың кесілуі, жарылыс жұмыстары мен ауыр техниканың жұмысы басталғаннан кейін жергілікті тұрғындардың су сапасы күрт нашарлағанын айтты. Оның сөзінше, кейбір отбасылар тамақ дайындап, су ішу үшін тек бөтелкедегі суға көшкен.
Қоршаған ортаны қорғау агенттігі бұл жағдайдан кейін тексеріс жүргізуге уәде етті. Ал Meta дата-орталығы өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, нысанның жергілікті құдықтарға әсері дәлелденбегенін мәлімдеді.
Экологияға зиян деп 25 жоспарланған дата-орталық жобасы тоқтатылған.
АҚШ-та тұрғындардың қарсылығынан кейін тоқтатылған ең ірі дата-орталық жобаларының бірі – Вирджиния штатындағы Prince William County ауданындағы Digital Gateway жобасы. Ол Солтүстік Вирджинияда шамамен 2 100 акр аумақта 30-дан астам дата-орталық салуды көздеген. Инвесторлардың қатарында QTS және Compass Datacenters болды. Алайда жоба бірнеше жыл бойы жергілікті тұрғындардың қарсылығына тап болды.
Тұрғындар:
- электр энергиясын тұтынудың шамадан тыс артуына;
- су ресурстарына түсетін жүктемеге;
- үздіксіз шуға;
- тарихи ескерткіштер мен табиғи ландшафтқа келетін зиянға;
- орманның жойылуына алаңдады.
2025 жылы сот жобаға берілген рұқсаттарды жарамсыз деп таныды, ал 2026 жылдың сәуірінде Compass Datacenters компаниясы жобадан толықтай бас тартатынын мәлімдеді. Компания ондаған миллион доллар жұмсағанына қарамастан, қоғамдық қарсылық пен саяси кедергілер жобаны жалғастыруды тиімсіз етті.
Бұл оқиға АҚШ-тағы дата-орталықтарға деген көзқарастың өзгергенін көрсетті. Егер бұрын мұндай жобалар инвестиция мен жұмыс орындарының көзі ретінде қабылданса, бүгінде көптеген қауымдастықтар олардың экологиялық және әлеуметтік салдарына көбірек назар аудара бастады. Сарапшылардың дерегінше, 2025 жылдың өзінде АҚШ-та тұрғындардың қарсылығы салдарынан кемінде 25 жоспарланған дата-орталық жобасы тоқтатылған. Негізгі себептер – электр энергиясы мен суды көп тұтыну, қоршаған ортаға әсері және жергілікті инфрақұрылымға түсетін жүктеме. Дегенмен бұл Қазақстанда қалай іске аспақ?
Екібастұзда салынатын Data Center Valley жобасы қауіпті емес пе: Министрлік не дейді?
Редакциямыз жобаға қатысты маңызды сауалдарды Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінен сұрап көрді. Ведомство жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу барысында қоршаған ортаға әсерді бағалау рәсімдері жүргізілетінін алға тартты.
“Жобаның атмосфералық ауаға, су ресурстарына, жерге, биоалуантүрлілікке, қалдықтардың түзілуіне және шу деңгейіне ықтимал әсерлері жан-жақты зерттеледі. Сонымен қатар қолданылатын инженерлік шешімдер, құрылыс және пайдалану кезеңдеріндегі экологиялық тәуекелдер бағаланып, оларды барынша азайту жөніндегі іс-шаралар әзірленеді. Қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері бойынша мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізіліп, қажет болған жағдайда қоғамдық тыңдаулар өтеді.
Ауа шығарындылар, су тұтыну көлемі, қалдықтардың түзілуі және басқа да экологиялық параметрлер жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу барысында қосымша айқындалады. Бұл көрсеткіштер қабылданатын техникалық шешімдерге, дата-орталықтардың нақты қуатына және қолданылатын технологияларға байланысты болады. Жоба халықаралық экологиялық стандарттарға сай, энергияны үнемдейтін әрі экологиялық қауіпсіз технологияларға негізделеді”, – деді ведомство.
Министрлік жоба кезінде көмір жағу көлемі артуы мүмкін деген ақпаратты жоққа шығарды.
“Қазіргі уақытта Екібастұз ГРЭС-1-де шамамен 300 МВт көлемінде қолжетімді электр қуаты бар. Ол жобаның алғашқы кезеңін іске асыру үшін жеткілікті. Бұл - қазіргі жүктеме деңгейінде пайдаланылмай тұрған қуат. Сондықтан бастапқы кезеңде электр станцияларында қосымша генерацияны ұлғайту немесе көмір жағу көлемін арттыру қажеттілігі туындамайды”, – деп қосты ведомство.
Министрліктің мәліметінше, Data Center Valley жобасында су ысырап болмайды. Бұл жүйеде су бір жүйенің ішінде қайта-қайта айналып отырады. Сондықтан ол суды көп қажет ететін буландыру жүйелеріне қарағанда үнемдірек әрі экологияға қауіпі аз деп саналады.
“Жобаның салқындату жүйесіне бастапқыда бір рет шамамен 75 мың литр арнайы су мен ерітінді құйылады. Кейін бұл сұйықтық жүйенің ішінде тұйық түрде айналып, сыртқа шықпайды. Сондықтан ол қайта-қайта су құюды қажет етпейді. Тек өте аз мөлшерде ғана толықтырылуы мүмкін. Яғни жоба тұрақты түрде су көздерінен су алып отырмайды. Сонымен қатар жүйе сыртқы ауаны пайдаланып жұмыс істейді. Жобада сыртқы ауаны пайдалана отырып жылуды атмосфераға шығаратын құрғақ градирнялар (драйкулерлер) қолданылады. Сондықтан Павлодар өңірінің салқын климаты табиғи фрикулинг режимін пайдалануға мүмкіндік береді. Осы кезеңде энергияны тұтыну да, суды пайдалану да барынша азаяды. Жалпы, жоба жергілікті су ресурстарына айтарлықтай салмақ түсірмейді және экологиялық талаптарға сай жабық жүйе ретінде қарастырылған”, – деп түсіндірді министрлік.
Оқыңыз