Маңғыстауда бұрғылау кезінде экологиялық заң бұзған Buzachi Operating Ltd компаниясының филиалына 474 млн теңге айыппұл салынды

Маңғыстау облысында бұрғылау жұмыстарын жүргізу барысында экологиялық талаптарды бұзған компания 474 миллион теңге айыппұл арқалады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Маңғыстау облысының табиғат қорғау прокуратурасы экологиялық заңнаманың өрескел бұзушылықтарын анықтады.
Тексеру барысында Buzachi Operating Ltd компаниясының филиалы бұрғылау жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпті қалдықтарды жинақтау бойынша рұқсат етілген лимиттен айтарлықтай асып кеткені белгілі болды.
Атап айтқанда, бұрғылау қалдықтарының көлемі белгіленген мөлшерден 513,2 тоннаға артық болған.
ОқыңызПрокуратура актісі негізінде компания Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328-бабы 6-бөлігі (Қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін бұзу) бойынша әкімшілік жауапқа тартылды.
Осылайша, кәсіпорынға 474 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның Энергетика министрлігі Shell Kazakhstan компаниясымен Ақтөбе облысындағы “Жаңатұрмыс” учаскесінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу туралы келісімге қол қойғанын хабарлаған еді. Алайда экологтар мен PACE Telegram-арнасы жоба аумағында жерасты тұщы су кен орындары орналасқанын айтып, экологиялық қауіп болуы мүмкін екенін мәлімдеген. Сонымен қатар Shell компаниясы Нигериядағы мұнай төгінділері, климаттық даулар және Арктикадағы барлау жобаларына байланысты халықаралық деңгейде бірнеше рет сынға ұшыраған.
Асханасы мен спортзалы жоқ, от жағады: Қазақстанның кейбір өңірінде ауыл балалары адам шошырлық мектептерде оқып жүр