"Алдағы жылдары медицинаға ешкім түспейді": Қазақстандық дәрігер-резиденттер оқу ақысының 4 млн теңгеге қымбаттауына шағымданды

Қазақстандағы кейбір медициналық жоғары оқу орындарында резидентураның ақылы бөлімінің құны жылына 2 миллионнан 4 миллион теңгеге дейін өсті. Бұған наразы болған жас дәрігерлер әлеуметтік желіде пікір білдіріп, мәселе қоғам талқысына түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Дәрігер-резиденттер резидентурадағы оқу ақысының күрт өскеніне наразылық білдірген. Жас дәрігерлердің айтуынша, кейбір медициналық университеттерде ақылы бөлімнің жылдық құны 2 миллионнан 4 миллион теңгеге дейін көтерілген. Осы жағдайға бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та пікір білдірді.
"Коммерциялық резидентура құнының қымбаттауы денсаулық сақтау жүйесіндегі жүйелі мәселелердің салдары. Әлемнің көптеген елінде резиденттер студент емес, дәрігер ретінде саналып, стипендия емес, жалақы алады. Негізгі мәселе де осында", – деді экс-министр Елжан Біртанов.
Жаңалық медицина студенттері үшін күтпеген жағдай болды. Көпшілігі камера алдында сұхбат беруден бас тартқанымен, әлеуметтік желіде өз наразылықтарын ашық жазып жатыр.
Қолданушылардың бірі "Мұндай қарқынмен алдағы жылдары медицинаға ешкім түспейді. 10 жыл оқуға 28 миллион теңге жұмсап, кейін 250 мың теңге жалақы алу тиімсіз" деп жазды. Тағы басқасы "Дәрігер болу үшін онсыз да миллиондаған теңге жұмсалады. Мұндай жағдайда шетелде оқып, сол жақта қалған тиімдірек" деген пікір білдірді.
Ал мектеп мұғалімі екенін айтқан тағы бір оқырман "Бұрын әр түлектер легінен кемінде бір-екі оқушы медицинаға түсетін. Соңғы жылдары бұл көрсеткіш айтарлықтай азайды. Бұл қатты алаңдатады" деп жазған.
Астана медицина университеті мәліметінше, оқу ақысы тек алты мамандық бойынша көтерілген. Олар дерматовенерология, пластикалық хирургия, урология, радиология, офтальмология және оториноларингология. Университеттің айтуынша, бұл мамандық түлектері көбіне жекеменшік клиникаларда жұмыс істейді және табысы жоғары болады.
Ал акушерлік және гинекология, анестезиология және реаниматология, педиатрия сияқты дәрігер тапшы бағыттарда оқу ақысы өзгеріссіз қалған.
Университеттің клиникалық жұмыс жөніндегі проректоры Абылай Шәкеновтің айтуынша, кейбір мамандықтарға бір орынға көп талапкерден келеді.
"Мысалы, дерматовенерология мамандығына бір орынға 15-20 талапкерден келеді. Сұраныс өте жоғары. Біз оларды қабылдаймыз, ал осы мамандықтардан түсетін қаражат университеттің қаржылық тепе-теңдігін сақтауға мүмкіндік береді", – деп жауап берді проректор Абылай Шәкенов.
Балалар невропатологы әрі қоғам белсендісі Қайырғали Көнеев 4 миллион теңге төлеген резиденттер үздік тәлімгерлерден білім алып, ең мықты клиникаларда тәжірибеден өтуі тиіс екенін айтты.
"Егер резидент жылына 4 миллион теңге төлейтін болса, онда ол ең үздік тәлімгерлерден білім алып, ең мықты клиникаларда тәжірибеден өтуі керек. Қазір шекара ашық. Осынша қаражатты Қазақстанда оқуға жұмсағанша, талапкер Қытайға, Оңтүстік Кореяға немесе Түркияға барып, сапалы әрі кей жағдайда әлдеқайда арзан медициналық білім ала алады", – деді қоғам белсендісі Қайырғали Көнеев.
Сонымен қатар биылдан бастап талапкерлер бір уақытта төрт мамандыққа және төрт жоғары оқу орнына құжат тапсыра алады. Ал мемлекеттік гранттар дәрігер тапшылығын азайтудың негізгі тетігі болып қала береді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда жоғары оқу орындарындағы оқу ақысы бір жылда орта есеппен 10,8%-ға қымбаттағаны хабарланған еді. Ең жоғары өсім Атырау, Түркістан, Маңғыстау облыстары, Шымкент пен Астанада тіркелді. Алматыда оқу ақысы 9,4%-ға өскен. Ашық деректерге сәйкес, Алматыдағы кейбір университеттерде бір жылдық оқу құны 500 мың теңгеден 7,6 миллион теңгеге дейін жетеді. Соған қарамастан, оқу ақысының қымбаттауы талапкерлер санына әсер етпей, ақылы бөлімге түскен студенттер саны өткен жылмен салыстырғанда 27,6%-ға артқан.
Қазақстандықтарды қарапайым су есептегіштердің орнына қымбатырақ "ақылды" су есептегіштерін орнатуға міндеттеді
Оқыңыз