Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда университетте оқу ақысы 11% өсті: Кей мамандықтар бағасы бірнеше миллион теңгеге жетпек

оқу ақы

Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Қазақстанда жоғары оқу орындарында білім алу қымбаттап жатыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биыл бірінші тоқсанда жоғары білім беру қызметіне арналған тұтыну бағаларының индексі 110,8% болды.  2025 жылдың қаңтар–наурыз айымен салыстырғанда оқу ақысы 10,8%-ға артқанын білдіреді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі finprom.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Бұл тосын жайт емес. Себебі жоғары оқу орындары қызметтерінің бағасы бірнеше жылдан бері біртіндеп өсіп келеді.

2022 жылдан бері жоғары білім беру қызметінің тұтыну бағалары индексі 110%-дан 116%-ға дейін өзгеріп отырған.

2024 жылдан бері бағаның өсуіне инфляция себеп болған.

2024–2025 жылдары және 2026 жылдың бірінші тоқсанында жоғары білім беру қызметтерінің бағасы жалпы ақылы қызметтердің бағасына шамалас немесе сәл төмен деңгейде болды.

ақы
Фото: finprom.kz

Алайда 110,8% көрсеткіші – ел бойынша орташа мән, ол өңірлер арасындағы айырмашылықты толық көрсетпейді. Ең жоғары өсім Атырау облысында (36,3%), Түркістан облысында (19,6%), Маңғыстау облысында (15,4%), Шымкентте (15,2%) және Астанада (15%) тіркелді.

Кейбір өңірлерде баға өсімі әлдеқайда төмен болды. Мысалы, Алматы облысында оқу ақысы мүлде өзгермеген. Сонымен қатар Қостанай (1,8%), Ақтөбе (5%) және Ұлытау (5,9%) облыстарында өсім аз. “Студенттердің астанасы” саналатын Алматыда оқу ақысы 9,4%-ға қымбаттаған.

Ашық деректерге сәйкес, елорда мен Алматыдағы университеттерде оқу ақысы өңірлерге қарағанда әлдеқайда жоғары. Мысалы, Алматыдағы жоғары оқу орындарында бір жылдық оқу бағасы 500 мың теңгеден 7,6 миллион теңгеге дейін жетеді. Мұндай айырмашылық оқу орнының мәртебесіне, мамандыққа және басқа да факторларға байланысты. Өңірлерде оқу ақысының ең төменгі шегі шамамен 450 мың теңге болса, ең жоғарысы 2,4 миллион теңгеге дейін барады.

ақша
Фото: finprom.kz

Оқу ақысының өсуі талапкерлер санына кері әсер етпеген. Керісінше, студенттер саны артқан. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025-2026 оқу жылының басында университеттерге ақылы негізде 130,8 мың студент қабылданған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 27,6%-ға көп. Жалпы, ақылы бөлімде оқитын студенттер саны соңғы жылдарда ең жоғары деңгейге жеткен.

Сонымен қатар оқу ақысының қымбаттауы қаржылық қиындыққа байланысты оқудан шығарылған студенттер санына да айтарлықтай әсер етпеген. Әдетте олардың үлесі 3%-дан 5,9%-ға дейін болады. Ал 2025-2026 оқу жылында мұндай студенттер саны 13,8 мың адамды немесе ақылы бөлім студенттерінің 3,5%-ы болды.

ақы
Фото: finprom.kz

Жоғары оқу орындарының қаржылық көрсеткіштеріне сүйенсек, олардың қызмет көлемі жалпы инфляциядан да жылдам өсіп жатыр. Бұл оқу ақысының қымбаттауымен ғана емес, ақылы бөлімде оқитын студенттер санының артуымен де байланысты.

Редакцияның 2024–2025 жылдарға арналған тоқсандық деректер негізіндегі есебіне сәйкес, өткен жылы университеттер көрсеткен қызмет көлемі 17,9% өсіп, 807,8 миллиард теңгеге жеткен. Оның шамамен 40%-ы ғана студенттердің оқу ақысынан түскен, яғни 319,1 миллиард теңге (бір жылда 29,6%-ға өсім). Қалған қаражат бюджеттен және студенттердің оқуын төлейтін кәсіпорындардан түскен.

Өңірлер бойынша талдау нәтижесінде Астана мен Алматы елдегі негізгі білім беру орталығы екені тағы да дәлелденді. 2025 жылы осы екі қаладағы университеттер жалпы 493,1 миллиард теңге қызмет көрсетіп, бұл ел бойынша көрсеткіштің 61%-ы болған. Бір жылда Алматыда бұл көрсеткіш 17,2%-ға, ал Астанада 24,7%-ға өскен.

ақы
Фото: finprom.kz

Бұл деректер өңірлердің мегаполистерден айтарлықтай артта қалғанын көрсетеді. Мұнда тек қаржы емес, білім сапасы, оқытушылар құрамы, оқу бағдарламалары мен халықаралық ынтымақтастық мүмкіндіктері де маңызды рөл атқарады. Мысалы, 2025 жылы Маңғыстау облысындағы университеттер небәрі 4,3 миллиард теңгеге қызмет көрсеткен (бір жылда 27,8%-ға төмендеу). Ал Алматыда бұл көрсеткіш 310,6 миллиард теңгеге жеткен.

Мегаполистерден бөлек өңірлер арасында да айырмашылық айқын байқалады. Мәселен, Қарағанды облысы. 2025 жылы мұнда жоғары оқу орындары 43,5 миллиард теңгеге қызмет көрсетіп, бір жылда 14,3% өсім көрсеткен. Сонымен қатар Ақтөбе (32,7 миллиард теңге) және Түркістан (23,8 миллиард теңге) облыстары да жоғары нәтиже көрсеткен. Ең төмен көрсеткіш Маңғыстау және Ұлытау облыстарында тіркелген (шамамен 1 миллиард  теңге).

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандағы кейбір колледж түлектері ҰБТ тапсырмай-ақ университетке түсе алатыны туралы жазған едік.

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 30 Сәуір, 2026 17:31