Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сауд Арабиясы умра қажылығына арналған бір жылдық көп мәртелік визаны енгізді

қажылық
Фото: magnific.com

Сауд Арабиясы умра қажылығын өтеуге ниетті шетелдік мұсылмандар үшін бір жылға жарамды көп мәртелік визаны іске қосты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Spa.gov порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Сауд Арабиясының Қажылық және умра істері министрлігі умра жасауға арналған жаңа көп мәртелік визаның іске қосылғанын хабарлады.

Жаңа виза берілген күннен бастап 365 күн бойы жарамды және осы уақыт ішінде елге бірнеше рет кіруге мүмкіндік береді. Виза иелері бір жыл ішінде Сауд Арабиясында жалпы есеппен 90 күнге дейін бола алады. Әр сапардан кейін пайдаланылған күндер осы 90 күндік лимиттен шегеріліп отырады.

Министрліктің мәліметінше, жаңашылдық қажылардың сапарын жеңілдетіп, умраны өздеріне қолайлы уақытта жоспарлауға мүмкіндік береді.

Әрбір сапар алдында қажылар Nusuk платформасы арқылы аккредиттелген қызмет көрсетушіден қызметтер пакетін сатып алып, сондай-ақ Nusuk мобильді қосымшасы арқылы умра жасауға арнайы рұқсат алуы тиіс. Елге кіру барлық белгіленген талаптар сақталған жағдайда ғана жүзеге асырылады.

Сонымен қатар Сауд Арабиясынан шыққаннан кейін визаның әрекеті уақытша тоқтатылып, келесі сапар алдында қажетті рәсімдер аяқталған соң қайта іске қосылады.

Бұл көп мәртелік визаны қажылық маусымы кезінде слам күнтізбесіндегі зуль-қада айының басынан зуль-хижжа айының 13-күніне дейін пайдалану мүмкін емес.

Айта кетейік, қажылық (хадж) – мұсылмандарға парыз болған құлшылық және ол ислам күнтізбесінде белгіленген күндері ғана орындалады. Ал умраны жыл бойы, қажылық кезеңінен басқа уақытта кез келген мезгілде өтеуге болады. Министрлік жаңа визаның енгізілуі қажылар үшін сапарды ыңғайлы етіп, жоспарлаудан бастап елден шығуға дейінгі барлық қызметтердің тиімділігін арттыратынын атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін Сауд Арабиясы қажылық маусымына байланысты умраға рұқсат беруді уақытша тоқтатып, Меккеге қажылық визасынан өзге визалармен кіруге шектеу енгізген еді.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 21 Шілде, 2026 17:56