Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2026 жылғы қажылық бағасы: Неліктен біреулер 3 миллион теңге төлесе, енді біреулер 15 миллион теңге төлейді

вип қажылықФото: podrobno.uz

 

Биыл Сауд Арабиясы қазақстандықтарға 4000 қажылық квота бөліп отыр. Қажыға барамын деушілер стандарттан бастап, ондаған мың доллар тұратын премиум және VIP қажылық пакеттерін таңдай алады. Осы ретте Stan.kz тілшісі қасиетті сапардың бағасы мен сапасы арасындағы айырмашылық қандай және қажыларға қандай жағдай ұсынылатынын анықтады.

 

Қажыларды тасымалдау Air Astana, SCAT және Flyadeal әуе компаниялары арқылы жүзеге асырылады. Ұшулар Алматы, Астана және Шымкент қалаларынан тікелей Жидда мен Мәдинаға бағытталады. Қажылық маусымы 15 мамыр мен 5 маусым аралығында өтеді.

Осы ретте туроператорлардың бірі жай және қымбат тур пакеттерінің бағаларын, несімен ерекшелетінін айтып берді.

"Соңғы үш жылда қажылық сапарының орташа бағасы шамамен 7500 доллар (3 547 500 теңге) деңгейінде сақталып келді. Ал 2026 жылы әуе компаниялары мен қонақүйлермен жасалған тиімді келісімшарттардың нәтижесінде баға 6900 долларға (3 263 700 теңге) дейін төмендеді. Теңге құнының құбылуына байланысты бір адамға шаққанда шамамен 3 миллион 278 мың теңге", – деп түсіндірді туроператор өкілі.

Қажылық кестеИнфографика: Stan.kz

Туроператордың сөзінше, биыл қажыларға бірнеше бағыттағы бағдарламаларды ұсынып отыр. Атап айтқанда, комфорт және премиум және vip пакеттер қарастырылған.

"Премиум бағдарламалардың өзі екіге бөлінеді. Біріншісі, 10 күндік қысқа мерзімді пакет және жеке (индивидуалды) турлар. 10 күндік премиум пакеттердің бағасы 19 мың доллардан (8 987 000 теңге) басталса, жеке турлардың (VIP) құны 30-50 мың доллар (14 190 000 теңге-23 650 000 теңге) және одан да жоғары болуы мүмкін. Баға әр адамның сұранысы мен таңдаған қызмет деңгейіне және қонақүйлердің орналасуына, қызмет көрсету деңгейіне байланысты", – дейді туроператор.

Комфорт (стандарт) қажылық пакетіне не кіреді?

Туроператорлардың мәліметінше, бұл пакет қажылықты қолжетімді бағада барлық негізгі қызметтермен қамтамасыз етеді.

Транспорт:

  • тікелей әуе рейсі, Мәдина–Мекке пойызы, барлық трансферлер

Қонақүй:

  • Diar Al Khalidiya Hotel (Мекке)
  • Le Bosphorus Hotel (Мәдина) мешіттен алыс орналасқан.

Орналастыру:

  • Мина мен Арафатта стандарт шатырлар, ортақ тұру

Тамақ:

  • қонақүйде 2 мезгіл, Минада 3 мезгіл

Бұдан бөлек, гидтер мен ұстаздардың сүйемелдеуі, толық ұйымдастырылады және қажылық жиынтығы, барлық базалық қызметтер пакетке кіреді.

Premium және VIP қажылық пакетіне не кіреді?

Туроператорлардың мәліметінше, премиум қажылық пакеті қажыларға барынша жайлы әрі ұйымдастырылған сапар ұсынады. Бағасы 19 500 доллардан басталатын бұл пакетке төмендегі қызметтер кіреді:
Меккедегі қонақүй:

  • Swissotel Makkah (әл-Харам мешітіне өте жақын, сағат мұнарасы кешенінде орналасқан) 

Мәдинадағы қонақүй:

  • Anwar Al Madinah Mövenpick Hotel немесе 
  • Pullman Zamzam Madina (Пайғамбар мешітіне жақын, жаяу баруға ыңғайлы).

Минадағы орналастыру:

  • Kidana кешені (Сауд Арабиясында арнайы салынған заманауи 5 қабатты кешендер, премиум деңгейдегі бөлмелер) 

Бұл қонақүйлердің басты артықшылығы:

  • мешіттерге жақын орналасуы 
  • уақыт үнемдеу 
  • қажылық кезінде физикалық жүктемені азайту 
  • жоғары деңгейдегі сервис.

Жеке қызметтердің (VIP) басты айырмашылығы шатырларда емес, жеке комплексте (8-10 адам ғана) орналасады.

Екі пакетке де ортақ қызметтер:

  • Қонақүй
  • Әуе билеті
  • Виза
  • Барлық трансферлер
  • Экскурсиялар
  • Жылдам пойыз (Мекке – Мәдина)
  • Гид қызметі
  • Таңғы және кешкі ас (швед үстелі)
  • Зәм-зәм суы және қажылыққа арналған арнайы жиынтық.

Қажылар үшін ең маңызды орын – әл-Харам мешіті. Премиум пакеттерде қонақүйлер осы мешітке өте жақын, яғни 5-10 минуттық жерде орналасады. Сондықтан қажыларға намазға, құлшылыққа, дәрет алуға немесе тамақтануға жылдам қатынап келуге үлкен мүмкіндік береді дейді туроператор.

мекке мешіт сағат (1)

Фото: ҚМДБ

"Ал стандарт бағдарламаларда қонақүйлер мешіттен шамамен 2 шақырым қашықтықта орналасады. Осы кезде жолға 30 минуттан 1 сағатқа дейін уақыт кетуі мүмкін, сондықтан бағасы да салыстырмалы түрде төмен болады. Қажылықтың негізгі кезеңі басталғанда барлық қажы Мина жазығы, Арафат тауы және Муздалифа аймақтарына барады. Мұнда да пакет түріне қарай өзгеріп отырады. Стандарт бағдарламада қажылар Мина жазығындағы үлкен шатырларда орналасады. Әр шатырда шамамен 300-400 адамға дейін болуы мүмкін. Ал премиум пакетте қажылар арнайы жайлы кешендерге, соның ішінде Кидана қонақүй кешеніне орналастырылады, онда бір бөлмеде шамамен 8-10 адам ғана болады", – дейді қазақстандық туроператор.

Арафаттағы қажыларФото: Getty Images / Dilek Mermer / Anadolu Agency

Туроператордың айтуынша, барлық қазақстандық қажы бас мүфтият бекіткен аймақта орналасады. Әр елге арнайы сектор бөлінген, себебі біздің азаматтар бір жерде, ұйымдасқан түрде құлшылық жасайды. Қажылық барысында тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді дейді компания өкілі.

"Сонымен қатар қажыларға екі мезгіл тамақ (қонақүйде) және Мина кезеңінде үш уақыт тамақ беріледі. Сапар барысында қажыларға арнайы киімдер, сөмкелер, қажет жабдықтар беріледі. Ал жеке қолданылатын киім-кешекті әр адам өзі алып жүреді. Құрбандық шалу мәселесі бөлек қарастырылады. Көпшілік қажылар қой шалады, кей жағдайда оны екі рет орындайды. Ал түйе құрбандығының құны жоғары болғандықтан, оны таңдаушылар аздау. Шамасы жетіп шалатындар да бар", – дейді туроператор.

Туроператордың мәліметінше, 10 күндік бағдарлама да нақты әрі тиімді жоспарланған. Қажылар алдымен Мәдина қаласына барып, Пайғамбар мешітінде бірнеше күн құлшылық жасап, рухани дайындықтан өтеді. Одан кейін топ Меккеге жоғары жылдамдықтағы пойызбен аттанады. Екі қала арасындағы 450 шақырым қашықтық небәрі 2,5 сағатта еңсеріледі екен.

жылдам пойызФото: zdmira.com

"Меккеге жеткен соң қажылар ихрамға кіріп, "Ләббайк Аллаһумма ләббайк" айтып, умра рәсімдерін орындайды. Кейін ихрамнан шығып, бірнеше күн бойы әл-Харам мешіті аумағында намаз оқып, құлшылықпен айналысады. Зүлхижжа айының 8-і күні қажылықтың негізгі кезеңі басталады. Осы уақытта барлық қажы Мина жазығы аймағына аттанып, сонда түнейді. Одан кейін Арафат тауы мен Муздалифа жерлеріне барып, парыз амалдарын орындайды. Кейін қайтадан Минаға оралып, қажылық рәсімдерін жалғастырады", – деп түсіндірді компания өкілі.

Бұдан бөлек қажыларға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен тәжірибелі ұстаздар жетекшілік етеді. Олар әр қадамда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, құлшылықтардың дұрыс орындалуын қадағалайды. Қажылық 8-13 күндер аралығында жалғасып, соңында қоштасу тәуабы жасалады.

Бұған дейін Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы қажылық маусымында қауіпсіздік мәселелеріне баса мән беріп отырғанын айтқан еді. ҚМДБ өкілі, наиб мүфти Кенжетай қажы Дүйсенбай Қазақстанның қажылық миссиясы кез келген төтенше жағдайда дипломатиялық корпуспен және Сауд Арабиясының жауапты мекемелерімен бірлесіп, нақты жоспар бекіткенін хабарлады.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 14 Сәуір, 2026 09:00