Қазақстандықтардың банк алдындағы қарызы 25 триллион теңгеден асқан

Қазақстандықтар банктерге бұрынғыдан да көп қарыз болып жатыр. Халықтың несие портфелі 25,5 трлн теңгеге жетіп, ипотека көлемі жыл басынан бері 5%-дан астам өскен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлттық банк деректеріне сүйенсек, жалпы қарыздың басым бөлігі – тұтынушылық несиелер. Олардың көлемі 17,1 триллион теңгені құрап, барлық несие портфелінің шамамен үштен екісіне жуық бөлігін алып отыр. Ал ипотекалық несиелер көлемі 7,3 триллион теңгеге жеткен. Тағы 1,08 трлн теңге басқа мақсаттарға алынған қарыздарға тиесілі.
Соңғы уақытта ең жылдам өсіп жатқан несие түрі – ипотека. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, ипотекалық несие көлемі жыл басынан бері 5,3%-ға көбейген. Ал тұтынушылық несиелердің өсімі жыл басынан бері 2,5% болған. Мамандар бұл өсімнің көп бөлігі кепілсіз берілетін несиелер есебінен болғанын атап өтті.
Сонымен қатар банктер жаңа қарыздардың пайыздық мөлшерлемесін көтерген. Мамыр айында халыққа берілген несиелер бойынша орташа мөлшерлеме 21,4%-ға жеткен. Бір ай бұрын бұл көрсеткіш 21,2% болған. Ал тұтынушылық несиелер бойынша орташа мөлшерлеме 23%-дан 23,2%-ға өскен.
Банктер үшін ең үлкен тәуекел – уақытында төленбейтін несиелер. 1 маусымдағы жағдай бойынша 90 күннен астам кешіктірілген қарыздардың үлесі 4,2%-ды құраған. Оның жалпы көлемі шамамен 1,9 триллион теңге. Халыққа берілген несиелер арасында бұл көрсеткіш жоғарырақ – 4,9%. Ал бизнес өкілдерінде проблемалық несиелер үлесі 3,3% болған.
Халықтың банк алдындағы ең көп қарызы – Алматы тұрғындарына тиесілі. Қала тұрғындарының несие көлемі 7,54 триллион теңге болса, Астанада бұл көрсеткіш 4,17 триллион теңге, Шымкентте 2,03 триллион теңге. Осы үш мегаполис елдегі халық қарызының жартысынан астамын құрап отыр.
Несие бағасының өсуіне қарамастан, қазақстандықтардың қарыз алуға қызығушылығы төмендемей отыр. Сарапшылар ипотека көлемі артып келе жатқанын айтса, халықтың жалпы берешегінде әлі де тұтынушылық несиелер басым екенін атап өтуде.
Оқыңыз