Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда автолизинг бағдарламасы жақын арада іске қосылады

автолизинг бағдарламасы
Фото: magnific.com

Үкіметтегі брифингте өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Қазақстанда жеке тұлғаларға арналған автолизинг бағдарламасы жақын арада іске қосылатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Министрдің сөзінше, бағдарлама пилоттық режимде сынақтан өткен. Сол кезде мемлекеттік органдардан бірнеше ескерту түскен. Соның бірі – көлік ережесін бұзған жағдайда айыппұлды кім төлейтіні туралы мәселе.

"Барлық ұсыныс пен ескерту жиналды. Қазір өзгерістерді келісу жұмыстары аяқталуға жақын. Жақын күндері бәрі бекітіледі", – деді министр.

"Қазақстанның өнеркәсіптік инвесторлар одағының" президенті Қайрат Еламанов пилоттық кезеңде небәрі бір-екі адам ғана автолизинг рәсімдегенін айтты. Бірақ осының өзі заңдағы кемшіліктерді анықтауға көмектескен.

Оның айтуынша, ең алдымен азаматтарды қорғау үшін лизингтік компанияларға қойылатын талаптар күшейтіліп, заңнамаға өзгерістер енгізіліп жатыр. Қазір қажетті құжаттар келісу кезеңінде, ал лизингтік компаниялар бағдарламаны бастауға дайын.

Министр автолизинг бағдарламасы сәтсіз аяқталды деген пікірмен келіспейтінін де айтты.

"Бағдарлама тоқтап қалған жоқ. Керісінше, қазір оны жетілдіріп жатырмыз. Егер бұл бастамадан мүлде бас тартсақ, сонда ғана сәтсіз болды деуге болар еді. Бұл – қалыпты жұмыс процесі. Біраз дүниесін пысықтау керек", – деді Ерсайын Нағаспаев.

Оның айтуынша, автолизинг – халыққа көлік сатып алудың тағы бір қолжетімді жолы болады.

Еске салайық, автолизинг тетігін 2025 жылдың 1 желтоқсанынан бастап іске қосу жоспарланған еді. Бағдарлама бойынша қазақстандықтар жаңа автокөлікті лизингке алып, кейін толық сатып ала алады немесе көлікті қайтара алады. Бұл мүмкіндік тек жаңа жеңіл автокөліктерге ғана беріледі.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 21 Шілде, 2026 15:56