"Айлығымды енеме беремін": Жалақысын өзі ұстамайтын әйелдер көпшілікті таңғалдырды

Желіде ай сайын жалақысын енесіне беретін келін туралы жазба көптің талқысына түсті. Жазба авторы ауруханада танысқан мұғалім келіншектің өз еңбегімен тапқан ақшасын өзі ұстамайтынын, ал баласы ауырып жатқанда ең қарапайым қажеттілікке де ақша таба алмай қиналғанын айтқан. Бұл оқиға желі қолданушылары арасында түрлі пікір тудырды: бір тарап мұны отбасы ішіндегі қалыпты тәртіпке баласа, енді бірі әйелді қаржылай тәуелді ету деп бағалады. Stan.kz осы жазбаға қатысты желідегі пікірлерді топтастырып, көптің көзқарасын ұсынады.
Threads желісінде қазақстандық әйел ауруханада жатып, қасында жатқан алты баланың анасы туралы айтып берді. Жазба авторының сөзінше, келіншек мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Ол ата-енесімен бірге тұрады және ай сайын жалақы түсетін картасын енесіне беріп қойған.
Оның айтуынша, келіншек жұмысқа кіргелі өз еңбегімен тапқан ақшасын қолына өзі алып көрмеген.
“Өзіме ақша керек болғанда беріп тұрса болды ғой, өзім ақшаға қызықпайтын адаммын” дейді. Ақталғаны шығар”, – деп жазды әйел.
Алайда жазба авторын келіншектің бұл сөзі емес, ауруханада көрген жағдайы көбірек ойландырған. Оның айтуынша, келіншек баласымен бірге ауруханаға түскеніне үш күн болса да, артынан бірде-бір адам іздеп келмеген. Күйеуі телефонмен сөйлескенде де жағдайын сұраудың орнына, баланы дұрыс қарауын айтып, дөрекі сөйлеген.
“Баласы мазасыз, оның үстіне ауырып жатыр. “Ананы жеймін, мынаны жеймін” деп жылайды, бірақ тек аурухананың тамағын жейді. Баласы мазасыз, оның үстіне ауырып жатыр. "Ананы жеймін, мынаны жеймін" деп жылайды. Тек больницаның тамағын жейді. Оның өзінде баланың жөргегі таусылды деп қасымыздағы үшінші келіншектің телефонынан хабарласып жылағандай болып айтқан соң ғана түнгі 23:00 шамасында келіп кетті. Тек жөргек әкеліпті. Келіншекке балаға тамағын, керек заттарын, дәрігер жазып берген дәрілерді әкелмеді”, – деп жазды жазба авторы.
Автор осы жағдайды көріп, келіншектің жалақысы өз қолында болғанда, дәл мұндай сәтте қиналмас па еді деп ойлағанын жазды. Ол әр отбасының өз тәртібі бар екенін айтқанымен, мұндай жағдайды алғаш рет көріп отырғанын жеткізді.
“Қолыңда ақша болмаса, жай үй қызметшісің”
Жазба астында пікір білдіргендердің басым бөлігі келіннің өз жалақысын толықтай енесіне беруін дұрыс көрмеген.
Нұргүл есімді қолданушы әйел “ақшаға қызықпаймын” деген сөзді ұялғаннан айтуы мүмкін екенін жазды. Оның ойынша, бұл жерде келіннің мінезі емес, айналасындағы адамдардың қаталдығы көбірек байқалады.
“Күйеуі мен енесі қасқыр болып тұр ғой”, – деді ол.
Зарипа есімді қолданушы қыздардың басынан бастап өз шекарасын нақты қоюы керек екенін айтты. Оның пікірінше, қызды ата-анасы оқытып, маман қылып шығарған соң, оның табысын ата-енесі толық бақылауы әділетсіз.
“Ыңғайлы адамдар ешқашан қадірлі болмаған. Сол үшін тұрмысқа шығатын қыздарға бұл сабақ болсын”, – деп жазды ол.
Дина Нұрлыбай бұл оқиғадан адамның қолында өз ақшасы болмаса, оның отбасындағы дауысы да әлсірейтінін түсінгенін айтты. Ол әйел адам өз еңбегімен тапқан табысын өзі басқаруы керек деп санайды.
“Қолыңда ақшаң болса – дауысың, құқығың бар. Жоқ болса – сен ешкімсің, жай үй қызметшісің”, – деді ол.
Айдана есімді келіншек те өз тәжірибесін бөлісті. Оның айтуынша, келін болып түскеннен кейін-ақ енесі айлық түсетін картасын сұраған. Алайда ол бұл талапқа бірден қарсы болып, өз табысын толықтай біреудің бақылауына бермейтінін ашық айтқан.
“Әке-шешеме бермеген картамды сіздерге не деп берем?” – деп жауап бергенін жазды ол.
“Өзіңе қажетті затқа ақша сұрай алмайсың”
Айдананың айтуынша, ата-енесімен бірге тұрған үш жыл ішінде осы мәселе ара-тұра дау тудырып отырған. Ол табысына қарай үйге көмектесіп тұрғанын, алайда айлығын толықтай біреудің қолына ұстатуды дұрыс көрмегенін жазды.
“Айлығымнан аз-маз беретінмін, тапқаныма қарай. Бірақ толықтай беру деген жоқ”, – деді ол.
Тағы бір қолданушы келін болып түскен кезде 170 мың теңге айлық алғанын, ол кезде бұл аз ақша болмағанын айтты. Оның сөзінше, енесі “біздің үйде ақша бір жерге жиналады” деген соң, бірнеше ай бойы айлығын беріп жүрген. Кейін декретке шыққанда алған жәрдемақысын да енесі алып қойған.
“Бір күні “саған қалыңмалға 1 миллион теңге апарғанбыз, соны қайтар” деді. Сонда “1 миллионды бұрын-ақ айлығыммен қайтарып бергем” дедім”, – деп жазды ол.
Назерке есімді қолданушы тұрмысқа шыққан қыздарға “айлығыңды бер” деген әңгіме көп отбасында кездесетінін айтты. Алайда ол бұған көнуге болмайды деп есептейді. Себебі әйел кейін әр қажетіне ақша сұрап, сөз естіп қалуы мүмкін.
“Тура осы келіншек сияқты жүресің ғой сосын жалынып, әр сұраған ақшаңа сөз естіп”, – деді ол.
Жанна есімді келіншек те мұндай жағдайды өз басынан өткергенін айтты. Оның сөзінше, бірінші баласы дүниеге келгеннен кейін алған жәрдемақысының жартысын енесіне берген. Алайда енесі бұған көңілі толмай, реніш білдірген. Содан кейін Жанна бірге тұрған соң ақшаның бәрін ортаға қоюға мәжбүр болғанын жазды.
Оның айтуынша, мұндай жағдай әйелді ең қарапайым қажеттілігіне дейін ақша сұрауға тәуелді етіп қояды. Тіпті баласына жөргеу алуға немесе өзіне керек жеке заттарын сатып алуға да қиналған.
“Не жөргекке, не өзіме керек затқа ақша сұрай алмай, жарықтық анамнан алушы едім. Басқа салмасын Алла Тағалам. Жақсы ене болуды Алла нәсіп етсін, қыздар”, – деп жазды ол.
“Айлығыңды өзіңе ала алмасаң, не үшін жұмыс істейсің?”
Дана есімді қолданушы мұндай жағдайды ашық түрде құлдыққа теңеді. Оның пікірінше, әйел таңнан кешке дейін жұмыс істеп, бірақ өз еңбегімен тапқан табысын өзі ұстай алмаса, мұндай еңбектің мәні қалмайды. Ол тіпті енесі түгілі, күйеуі де өзінің қанша жалақы алатынын білмейтінін айтты. Ол әр адам өз еңбегінің өтеуін өзі көріп, оны өз қажетіне жарата алуы керек деп санайды. Әйтпесе жұмыс істеп жүріп те қаржылай тәуелді болып қалу қаупі бар.
“Таңнан кешке дейін не үшін жұмыс жасайсың, айлығыңды өзің ала алмасаң? Менің енем түгілі, тіпті жолдасым да қанша айлық алатынымды білмейді. Өз еңбегіңмен тапқан ақшаны рахаттанып жарата алмасаң, не үшін жұмыс істейсің?” – деді ол.
Жанар есімді қазақстандық та ұзақ уақыт бойы картасын өзі ұстамағанын айтты. Оның сөзінше, үшінші баласына дейін жалақы картасы өзінде болмаған. Ал бір кезде ақшасын енесіне де беріп қойған. Жанар мұны сол кезде “үйде тыныштық болсын, ақша үшін ұрыс болмасын, балалар аман болсын” деген оймен жасағанын жазды.
Оның айтуынша, сол кезеңде өзіне керек заттарды өзі бөлек сауда жасап, қосымша табыс тауып алып отырған. Ал қазір бұл туралы айтса, үйдегілердің өзі оны ұмытып кеткендей қабылдайды.
“Маған тыныштық болса, ақша деп қырылмасақ, балалар аман болсын деп жүріппін ғой. Қазір мұны айтсам, олар “солай ма еді?” деп ұмытып та кеткен. Мұндай жағдай ауылды жерде әлі күнге дейін кездеседі”, – деді ол.
Тағы бір бойжеткен жазба астындағы пікірлерді оқып, қатты таңғалғанын жасырмады. Оның айтуынша, келіннің жалақысы немесе жәрдемақысына ата-ененің араласуы түсініксіз жағдай. Ол мұндайды жеке шекараны таптау деп бағалады.
Сұлу өз өңірінде мұндайды естімегенін айтып, келіннің де жеке құқығы бар адам екенін еске салды. Оның пікірінше, әйелді үйге тек қызметші ретінде қабылдау – қалыпты нәрсе емес.
“Келіннің жәрдемақысы мен жалақы картасында ата-енесінің қандай құқығы бар? Келін сонда адам емес пе? Бұл – адамның жеке шекарасын таптау. Жолдасы таңдаған жарын тек үйіне қызметші қылу үшін алды ма?” – деп жазды ол.
“Кейбір аналар қыздарын өздері жығып береді”
Тағы бір желі қолданушысы мұндай жағдайда қыздың ата-анасының да ықпалы бар екенін айтты. Ол егер қыз кез келген жағдайда төркіні өзін қолдайтынын, қорғайтынын білсе, мұндайға үнсіз көніп отырмас еді деп есептейді.
Ол кейбір аналардың қызын “енеңе қарсы келме, ақшаңды бер” деп, өздері әлсіз позицияға қойып беретінін жазды.
“Кейбір шешелер бар,”енеңе ақшаңды бер, енеңе үйт-бүйт” деп өздері жығып береді. Ал қыз кез келген жағдайда өз ата-анасы қорғайтынын білсе, олай отырмас еді”, – деп пікір білдірді ол.
Ал тағы бір пікір иесі келін өз жалақысының бір тиынын да беруге міндетті емес деп санайды. Оның айтуынша, келін ол үйге келгенге дейін де отбасы өмір сүрген, сондықтан оның табысын талап ету орынсыз.
“Бір тиынын да беруге тұрмайды”
Келесі пікір иесі бұрын үйге керек-жарақ алып, бәрін түгендеп жүруге тырысқанын, бірақ бәрібір “келін жаман” деген көзқарастан құтылмағанын айтты. Сондықтан қазір ең алдымен өзіне, өз отбасына және көңіл тыныштығына мән беруді жөн көретінін жазды.
“Бір тиынын да беруге тұрмайды. Ешкім ешкімге міндетті емес. Сол келін келгенше оның ақшасы болмаса қалай өмір сүрген? Бәрібір келін жаман. Сондықтан өзіңе жарату керек”, – деді ол.
Тағы бір қазақстандық мұндай жағдайды надандық деп бағалады. Оның айтуынша, әйелдің өзі жәбірленуші рөліне үйреніп қалғандай көрінеді. Ол келін жалақысын беріп отырса да, ауруханада жатқанда ешкім іздеп келмегенін, ал күйеуінің дөрекі сөйлегенін сынға алды.
“Ол отбасы құл малай келін алып отырған сияқты. Сол келін ертең мүгедек болып қалса, бір-ақ күнде тастап кете салады. Келіншек оны түсініп те тұрған жоқ. Обал, әрине” – деп жазды ол.
Дина есімді қолданушы бұл жағдайды өте өкінішті деп атады. Оның сөзінше, әйел “бір үйдің келіні” деген атақ үшін бәріне көніп жүр. Ол мұндай жағдайда адамның өз өмірі мен қадірін бірінші орынға қоюы керек екенін айтты.
“Құлдықта жүрген адамнан не айырмашылығы бар? Бір үйдің келіні деген атаққа бола соның бәріне көніп жүреді. Міне, нағыз ажырасып, өз өмірін құру керек жағдай”, – деді ол.
Айбар есімді қолданушы бұл тақырыпқа қатысты мысал келтірді. Оның айтуынша, көрші апа келінінің айлығын алып жүрген, ал келіні декретке шыққан соң, керісінше енесінің зейнетақы картасын алып қойған. Айбар мұны әзіл аралас әділ шешімге теңегенімен, негізінде әр адамның табысы өзіне тиесілі болуы керек екенін айтты.
“Негізі ешқандай келін еш апаға айлығын бермеу керек. Бірақ еш келін еш апаның зейнетақысын да алмау керек. Жалақы келіндікі, зейнетақы апанікі”, – деп жазды ол.
“Баланың жәрдемақысына дейін алып қояды”
Тағы бір келіншек диплом ала сала тұрмысқа шыққанын, кейін қыркүйектен бастап жұмыс істегенін айтты. Бірінші жалақысы түскенде қатты қуанғанын, бірақ сол сәтте енесі үйдегі ақшаны өзі ұстайтынын айтып, айлығын толықтай сұрағанын жазды. Келіншектің сөзінше, ол кезде ата-анасына көмектесіп, алғашқы табысын туған анасы көрсе деген арманы болған.
“Бірінші ақшамды анам көрсе екен деген арманым сол жерде біткен еді”, – деп жазды ол.
Оның айтуынша, жалақысы 200 мың теңге болған, соның 180 мың теңгесін ай сайын енесінің қолына ұстатып отырған. Ал енесі күн сайын түскі ас алуға 500 теңге беретін болған. Келіншек мұндай кезде өзін ересек адам емес, оқушы сияқты сезінгенін айтты.
“Күнде енем түскі асқа деп 500 теңге беретін. Өзімді оқушыдай сезінетін едім”, – деді ол.
Кейін ол еңбек демалысына шыққанда 650 мың теңге алған, оны да енесіне санап берген. Декретке шыққанда босанғанға дейінгі және босанғаннан кейінгі төлемдерін де толықтай енесіне берген. Тіпті баланың ай сайынғы 35 мың теңге жәрдемақысын да енесі сұраған.
“Бала жәрдемақысын сұрамай ма десем, оны да бер, баланың керек-жарағын өзім әкеп беремін деді. Қолда тұратын келінмін. Маған бұл мүлде ұнамайды”, – деп жазды ол.
Дегенмен пікірлер арасында басқа көзқарас та болды. Бір қолданушы келінінің ақшасын ешқашан сұрамағанын, керісінше оның оқуына көмектескенін айтты. Оның сөзінше, келіні үшінші курсты бітіріп келген, кейін төртінші курсын ақылы оқытқан, одан соң тағы бір диплом алып берген.
Ол келінінің қанша табыс табатынын да білмейтінін, одан бір тиын сұрамайтынын жазды. Айтуынша, үйдегі негізгі табысты ұлы табады, ал барлық қаржыны келіні ұстайды. Қолданушы мұны дұрыс шешім деп санайды, себебі үйге не қажет екенін көбіне әйел жақсы біледі.
“Келінім ақшаның берекесін келтіріп, көзін тауып жұмсап отыр. Негізі ақшаны әйел ұстаса, үйге не керек екенін біледі. Сонда үйде береке болады”, – деп жазды ол.
Оқыңыз