Disney "Ойыншықтар хикаясы 5" мультфильмінің қазақша дубляжын өзі қаржыландырды

Қазақстанда Disney және Pixar студияларының аңызға айналған франшизасы – "Ойыншықтар хикаясы 5" мультфильмі қазақша көрсетіле бастады. Әлем көрерменінің сүйікті кейіпкерлерін қазақша сөйлетуді компания өзі қолдаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Disney және Pixar студияларының аңызға айналған франшизасының жаңа бөлімінде көрермен сүйікті кейіпкерлерімен қайта қауышады. Бұл жолы ойыншықтар технологиямен бетпе-бет келеді. Вуди, Базз Лайтер, Джесси және олардың бүкіл командасының "жұмысы" қауіпке тап болады. Себебі олар Бонни үшін не жақсы екенін өзі шешкісі келетін жаңа планшет – Лилипадпен кездеседі. Енді бұрынғыдай ойын ойнауға уақыт бола ма?
"Ойыншықтар хикаясы 5" мультфильмін қазақша дыбыстауға қатысқандар:
актер Әбілмансұр Серіков – Созалақ, пицца;
актер Асан Мәжит – Тікенек мырза, Гном;
актриса Зарина Кармен – Динозавр Трикси, Боннидің анасы;
блогер Бота Мия – Долли;
актер және режиссер Шах-Мұрат Ордабаев – Динозавр Рекс;
Айзере Беркімбай – ойыншықтар иесі Бони.
Шах-Мұрат Ордабаев әрі жобаның қазақша дубляжының режиссеры. Оның айтуынша, жаңа бөлімде тек Қазақстан үшін емес, әлем үшін үлкен мәселе болып отырған тақырып қозғалады.
“Жаңа бөлімде жаһандану, цифровизация, гаджеттер, онлайн чат, әлеуметтік желі әлі санасы бекімеген, бұғанасы қатпаған балалар үшін қаншалықты әсер ететіні туралы ой қозғалады. Онымен бала емес, әке-шешесі емес, осы ойыншықтар күреседі. Қазіргі заманда өз баласын осындай гаджет, сосын буллингтен, цифрлық буллингтен қорғай алмаған ата-аналарға бір сабақ болатын нәрсе дер едім. Бұл көңіл көтеретін медиа құрал болғанымен де, қашанда астарлы ойы бар”, – дейді ол.
Сонымен қатар ол кейінгі жылдары Disney жаңа анимациялардың қазақша дубляжбен шығуын өзі қолдап келе жатқанын айтты.
“Әлемдік дубляж Қазақстанға уақытылы келді. Соның арқасында орысшаға қазақша да ілесіп кетті. Қазір әр жаңа үлкен франшиза қалыспай, қазақша да шығып жатыр. Құдай қаласа, қазақ көрермені ретінде енді бұл одан сайын алға озып, кинотеатрларда кілең қазақша сеанстар болады деген үмітім бар. Ең қуантатыны – көрермен қызығады, көргісі келеді. Тек біз емес, телеарна, онлайн кинотеатрлар, подкастар, әндер – бәрі әлдеқашан қазақша бола бастады, бұдан біз де қалыс қалмауға тырысамыз. Ascar cinema көмегімен "Disney" компаниясының өзі қолдап, осы фильмдерді 2024-тен бастап қазақша шығаруды жалғастырып келеміз. Бұл – Disney компаниясының өз қалтасынан шығарып жатқан шығыны. Былай айтқанда, қазақ тілі әлемдік дубляжға қадам басып келе жатыр”, – дейді қазақша дубляждың режиссеры Шах-Мұрат Ордабаев.
"Ойыншықтар хикаясы 5" фильмі 18 маусымнан бастап барлық кинотеатрдан қазақша көрсетіліп жатыр. Фильмнің режиссеры – "Оскар" сыйлығының лауреаты Эндрю Стэнтон, қосалқы режиссеры – Кенна Харрис, продюсеры – Линдси Коллинз.
Айта кетейік, кейінгі жылдары Disney қазақ тіліндегі дубляжбен оннан астам фильм шығарды. Олардың қатарында "Ойжұмбақ 2", "Моана 2", "Муфаса: Арыстан патша", "Ақшақар", "Лило мен Стич", "Аңдар шаһары 2" және студияның басқа да ірі жобалары бар.