Қызметкерлердің құқығы күшейеді, грант иегерлерінің тізімі шығады: Қазақстанда 1 тамыздан бастап не өзгереді

Биыл тамыз айында мұғалімдер қағазбастылықтан арылып, талапкерлер үшін білім грантының тізімі жарияланады. Ал электрсамокат жүргізушілеріне тротуар және жаяу жүргіншілер жолымен жүруге тыйым салынады. Stan.kz тамыз айында тағы қандай маңызды өзгерістер болатынын толығырақ қамтыды.
Цифрлық теңге мемлекеттік секторда қолданыла бастайды
Тамыз айында цифрлық теңгені мемлекеттік сатып алуда қолдану аясы кеңейеді. Ол ең алдымен дәрі-дәрмек, жанармай, құрылыс материалдары және бюджет қаражатына алынатын өзге де тауарларды сатып алу кезінде қолданылады. Бұл жүйе смарт-келісімшарттар арқылы бюджет қаржысының қалай жұмсалып жатқанын бақылауға мүмкіндік береді.
Әзірге бұл өзгеріс қарапайым азаматтарға әсер етпейді. Цифрлық теңге мемлекеттік жобалар аясында ғана қолданылады.
Мемлекеттік қызметтерді алу жеңілдейді
Тамыз айында мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жұмыстары жалғасады. Мемлекеттік органдар түрлі қызметтерді электрондық форматқа кезең-кезеңімен көшіріп жатыр. Соның арқасында қағаз құжаттардың саны азайып, мемлекеттік мекемелерге жеке барып, өтініш беру қажеттігі де қысқарады.
Сонымен қатар мемлекеттік ақпараттық жүйелер арасында деректер алмасу дамып, азаматтардың кейбір құжаттарды қайта тапсыру қажеттігі жойылады.
Банктер бірқатар қызмет түрінің тарифін өзгертеді
Тамыз айында бірнеше банк кейбір қызмет түрлерінің тарифтерін жаңартады. Өзгерістердің басым бөлігі бизнеске қатысты болғанымен, жеке тұлғаларға арналған жаңалықтар да бар.
- KMF Bank
1 тамыздан бастап KMF Bank заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге арналған тарифтерді өзгертеді. Жаңа тарифтер қолма-қол ақшаны қабылдау және қайта санау қызметтеріне қатысты болады.
- Банк ЦентрКредит
12 тамыздан бастап Банк ЦентрКредит жеке тұлғалардың рубль шотына қолма-қол Ресей рублін салғаны үшін 10% комиссия алады. Бұл талап касса, банкомат пен терминал арқылы жасалатын операцияларға да қолданылады. Өзгеріс тек рубльдегі шоттарға қатысты.
- Bereke Bank
24 тамыздан бастап Bereke Bank бизнес клиенттеріне арналған бірқатар қызметтің құнын өзгертеді. Атап айтқанда, өзгерістер "Өз тарифіңді құрастыр" тарифтік жоспары бойынша қолма-қол ақша салу және шешіп алу, сыртқы экономикалық қызметке қатысты кейбір операцияларға әсер етеді.
Отбасы банк “Ұмай” бағдарламасы бойынша өтінім қабылдауды қайта бастайды
Тамыз айында “Ұмай” жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасының жаңа кезеңі басталады. Бағдарламаны іске асыруға 45 миллиард теңге бөлінген. Бағдарлама ресми жұмысы, тұрақты табысы және міндетті зейнетақы жарналары бар жұмыс істейтін әйелдерге арналған.
Бағдарлама аясында:
- ең жоғары несие сомасы 50 миллион теңге;
- несие мерзімі 25 жыл болады.
Қаражатты жаңа баспана сатып алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалануға болады. Алайда өтінім берушілер Отбасы банк бекіткен талаптарға сай болуы тиіс. Қаржыландыру көлемі шектеулі болғандықтан, сарапшылар өтінім қабылдаудың алғашқы күндерінен-ақ бағдарламаға сұраныс жоғары болады деп болжап отыр.
Қызметкерлердің құқығы күшейеді
4 тамыздан бастап Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Енді қызметкердің ар-намысы, қадір-қасиеті мен жеке өміріне қол сұғылмау құқығы заңмен қорғалады. Сонымен қатар жұмыс беруші еңбек жағдайларына өзгеріс енгізсе, бұл туралы қызметкерді міндетті түрде жазбаша хабардар етуі қажет. Хабарлама қағаз немесе электрондық форматта берілуі мүмкін.
Бұдан бөлек, мемлекет ерекше қорғайтын санаттағы азаматтарды жұмысқа қабылдамай қойған жағдайда, олар жұмыс берушіден бас тарту себебін жазбаша түрде түсіндіруді талап ете алады.
Сонымен қатар жұмыс берушілер тәртіптік жаза қолданғанда құқық бұзушылықтың ауырлығын және оның жасалу мән-жайын ескеруге міндетті болады. Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қойылатын талаптар да күшейеді.
Білім гранты иегерлерінің тізімі шығады
Тамыз айында мектеп түлектері үшін ең маңызды оқиғалардың бірі – мемлекеттік білім гранттары байқауының қорытындысы шығады. Тізімді Ғылым және жоғары білім министрлігі жариялайды.
Нәтижені:
- eGov.kz порталы;
- eGov Mobile қосымшасы;
- министрліктің және жоғары оқу орындарының ресми сайттары арқылы көруге болады.
Грант жеңіп алған талапкерлер белгіленген мерзімде оқуға келісімін растап, қажет құжаттарды өзі таңдаған жоғары оқу орнына тапсыруы тиіс. Ал грантқа ие болмаған талапкерлер ақылы бөлімге түсе алады.
Пара беруге уәде еткені үшін де жауапкершілік қарастырылады
13 тамыздан бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген жаңа өзгерістер күшіне енеді. Ең маңызды жаңалықтардың бірі – сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының тізімі кеңейтіледі.
Енді пара алғаны немесе бергені үшін ғана емес, пара беруге уәде бергені, оны ұсынғаны немесе заңсыз сыйақы талап еткені үшін де қылмыстық жауапкершілік қарастырылады.
Мұғалімдер қағазбастылықтан арылады
13 тамыздан бастап мұғалімдердің артық есеп беруін азайтатын өзгерістер күшіне енеді. Енді білім беру ұйымдары мұғалімдерден бір ақпаратты қағаз және электронды түрде қатар толтыруды талап ете алмайды.
Егер қажет мәлімет мемлекеттік ақпараттық жүйеге енгізілген болса, оны қайтадан басқа құжаттарға толтыру міндеттелмейді. Бұл өзгеріс мұғалімдердің қағазбастылығын азайтып, олардың сабаққа дайындалуына және оқушылармен жұмыс істеуіне көбірек уақыт бөлуіне мүмкіндік береді.
Байланыс операторлары тариф бағасының қымбаттайтынын алдын ала ескертуі тиіс
Тамыз айындағы ең маңызды өзгерістердің бірі байланыс операторларының жұмысына қатысты. Олар 20 тамыздан бастап тариф бағасын абоненттерге алдын ала ескертпей көтере алмайды. Енді операторлар қызмет бағасы өзгеретінін клиенттерге кемінде 60 күн бұрын хабарлауы тиіс. Бұл ақпарат SMS арқылы жіберіліп, бір мезгілде компанияның ресми сайтында жариялануы керек.
Оған қоса операторлар жоспарлы техникалық жұмыстар мен байланыс уақытша үзілетінін абоненттерге алдын ала хабарлайды.
Бұдан бөлек, жаңа SIM-картаны рәсімдеу тәртібі өзгереді. Енді келісімшарт жасау үшін азаматтар биометриялық сәйкестендіруден өтуі қажет. Бұл талап бөтен адамның атына SIM-карта рәсімдеу және жеке деректерді заңсыз пайдалану жағдайларының алдын алу мақсатында енгізіліп отыр.
Верификациядан өтпеген телефондарды сатуға тыйым салынады
20 тамыздан бастап Қазақстанда верификациядан өтпеген ұялы телефондар мен басқа да байланыс құрылғыларын сатуға тыйым салынады. Бұл талап қарапайым дүкендерге де, интернет-дүкендерге де бірдей қолданылады.
Сонымен қатар телефон сатушылар сатып алушыға құрылғының IMEI-кодын ұсынуға міндетті. Осы арқылы сатып алушы телефонның Қазақстанның байланыс желілерінде тіркелгенін және еш кедергісіз жұмыс істейтінін алдын ала тексере алады.
Алимент аударудың жаңа тәртібі енгізіледі
25 тамыздан бастап атқарушылық іс жүргізу аясында алимент төлеу тәртібі өзгереді. Енді алимент алушылар төлемдерді қабылдау үшін арнайы банктік шот ашуы қажет. Бұл шот тек алимент қаражатын аударуға арналады.
Жаңа талаптың негізгі мақсаты – балаға арналған қаражатты алимент алушының өзге берешектері үшін өндіріп алудан қорғау. Егер алимент алушыға қатысты басқа да атқарушылық өндірістер болса, алимент ретінде түскен қаражат сол қарыздарды өтеуге жұмсалмайды. Сонымен қатар арнайы шоттың болмауы алимент төлеушіні өз міндетінен босатпайды. Берешек толық өтелгенге дейін есептеле береді.
Көлік және электрсамокаттар
25 тамыздан бастап электрсамокаттардың тротуармен және жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне тыйым салынады. Енді электрсамокат жүргізушілері велосипед жолымен жүруге міндетті.
Егер ондай жол болмаса, олар:
- жолдың оң жақ шетімен (оның ішінде қоғамдық көліктерге арналған жолақпен белгіленген талаптарға сай);
- немесе жол жиегімен жүруі тиіс.
Сонымен қатар шағын электркөлік құралдарының жүргізушілеріне велосипед жолақтарын пайдалануға рұқсат берілді.
Шағын электркөлік құралдарына:
- гироскутерлер;
- сигвейлер;
- электрмоторлы скейтбордтар;
- монодөңгелектер;
- осыған ұқсас басқа да көлік құралдары жатады.
Жүргізушісіз көліктердің мәртебесі заңмен бекітіледі
“Көлік туралы” заңға жүргізушісіз көлік құралдарына арналған жаңа бап енгізілді. Жүргізушісіз көліктер тек арнайы белгіленген пайдалану аймақтарында қолданылады. Оларды қолдану үшін жүргізушісіз көлік жүйесі енгізіледі. Бұл жүйеге:
- жүргізушісіз көлік құралы;
- байланыс арналары;
- көлікті басқаратын бағдарламалық және техникалық компоненттер кіреді.
Мұндай көліктерді қашықтан операторлар басқарады. Олар уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген талаптарға сай болуы қажет.
Жол шаруашылығы цифрландырылады
Қазақстанда автомобиль жолдарын жөндеуді жоспарлаудың цифрлық жүйесі енгізіледі. Бұл жүйеде жолдардың техникалық жай-күйі туралы ақпарат жинақталады. Оған қоса күтіп ұстау және жөндеу жұмыстарына қаржы бөлу кезінде қолданылады.
Сонымен қатар тағы екі цифрлық платформа іске қосылады:
Жол активтерінің цифрлық платформасы – жол нысандары, олардың жай-күйі және жүргізілген, жүргізіліп жатқан әрі жоспарланған құрылыс және жөндеу жұмыстары туралы мәліметтерді қамтитын ашық цифрлық база.
Орташа жөндеудің цифрлық жүйесі – автомобиль жолдарын орташа жөндеу кезінде атқарылатын жұмыстардың құжаттарын рәсімдеу мен бақылауды цифрландыратын жүйе.
Ақылы жолдардың сапасы нашарласа, жол ақысы арзандайды
25 тамыздан бастап Ұлттық оператор ақылы жолдың жабындысынан жөнделуі тиіс ақау анықтаса, ол реттелгенге дейін жол жүру ақысы соған сәйкес төмендетіледі. Автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары жол активтерін диагностикалау және арнайы тексеру нәтижелері негізінде жоспарланады.
25 тамыздан бастап жүргізуші куәлігінен айырудың жаңа негіздері енгізіледі
65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар жүргізушілер екі жыл сайын міндетті медициналық тексеруден өтуі тиіс. Медициналық тексеруден өткені туралы мәліметтер Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелері арасында автоматты түрде алмасады.
Егер мемлекеттік ақпараттық жүйеде жүргізушінің медициналық тексеруден өткені және көлік басқаруға қарсы көрсетілімдерінің жоқ екені туралы ақпарат болмаса, оның көлік құралын басқару құқығы тоқтатылады.
Өрескел жол ережесін бұзғандар қайта емтихан тапсырады
Жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жүргізушілер теориялық емтиханды қайта тапсыруға жіберілуі мүмкін.
Мұндай бұзушылықтарға:
- қиылыстан өту кезінде апатты жағдай туғызу;
- жылдамдықты бірнеше рет шамадан тыс асыру;
- қауіпті маневр жасау;
- жолақ ауыстыру немесе басып озу ережелерін өрескел бұзу;
- қозғалысқа кедергі келтіретін немесе қауіп төндіретін жерде тоқтау және тұраққа қою сияқты әрекеттер жатады.
Егер жүргізуші себепсіз екі ай ішінде теориялық емтиханға келмесе, оның көлік басқару құқығы да тоқтатылады.
Мас күйде көлік жүргізгендерге жауапкершілік күшейтіледі
Енді қылмыстық іс жәбірленушімен татуласуына байланысты тоқтатылған жағдайда да жүргізуші 8 жылға көлік басқару құқығынан айырылады. Егер құқық бұзушының жүргізуші куәлігі болмаса, оған да 8 жыл бойы жүргізуші куәлігін алуға тыйым салынады.
Бұл талап алкоголь, есірткіл немесе мас күйінде көлік жүргізгендерге қатысты қолданылады.
Авиациялық оқиғаларды тергеу қағидалары жаңартылды
Қазақстанда азаматтық және эксперименттік авиациядағы оқиғалар мен инциденттерді тіркеу және тергеу қағидалары жаңартылды. Құжатта:
- авиациялық оқиғаларды тергеу тәртібі;
- авиациялық оқиғалар туралы міндетті және ерікті түрде ақпарат беру жүйесіне қойылатын талаптар белгіленген.
Қағидаға сәйкес, авиациялық оқиға немесе инцидентті тергеудің жалғыз мақсаты – болашақта осындай жағдайлардың алдын алу.
Тергеу барысында ешкімнің кінәсін анықтау немесе әкімшілік, азаматтық не қылмыстық жауапкершілігін белгілеу көзделмейді. Оның мақсаты – оқиғаның себептері мен оған әсер еткен факторларды анықтап, мұндай жағдайдың қайталануына жол бермеу.
Блогер Бота Мианың Қазақстан туын ат үстіне жабуы заң бұзу болып есептеле ме, ол үшін қандай жазаға тартылуы мүмкін